Жаңалықтар

«Мүмкіндігі барлар баяғыда алған»: Азамат Әмрин зейнетақы қорынан ақша алу шартының қатаңдауын қолдады

«Мүмкіндігі барлар баяғыда алған»: Азамат Әмрин зейнетақы қорынан ақша алу шартының қатаңдауын қолдады

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты мерзімінен бұрын алудың ең төменгі жеткіліктілік шегі тағы да көтерілді. Осыған орай, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин өзінің зейнетақы қорындағы артық ақшасын қалай пайдаланғанын және жаңа талаптарға қатысты пікірін бөлісті. Бұл туралы ozgeris.info сайты хабарлайды.

Үкімет кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген шенеунік зейнетақы жинағын «Отбасы банктегі» шотына аударып үлгергенін, алайда қаражатты әлі нақты мақсатқа жұмсамағанын жеткізді.

Вице-министрдің пікірінше, зейнетақы жинағын алудың шекті межесін көтеру – әділетті шешім. Өйткені қаражаты жеткілікті азаматтардың барлығы дерлік бұл мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп үлгерген.

«Бұл бағдарлама жұмыс істей бастағалы мүмкіндігі болғандар оны пайдаланып үлгерген шығар. Менің білуімше, 5 трлн теңгеден астам ақша шешіп алынды. Бұл болашақ зейнетақы төлемдеріне әсер етеді. Сондықтан біз қазіргі жағдайға қараймыз: кімнің мүмкіндігі болды – сол пайдаланды, ал қалғандары әрі қарай жинақтай береді», — деді Азамат Әмрин.

Қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалану құқығы (баспана сатып алуға, емделуге немесе жеке басқарушы компанияларға аударуға) 2021 жылы берілген болатын. Алайда, уақыт өте келе жеткіліктілік шегінің айтарлықтай өсуі бұл мүмкіндікті қолдана алатын азаматтардың қатарын күрт азайтты.

  • 5 трлн теңгеден астам қаржыны қазақстандықтар осы уақытқа дейін өз қажеттіліктеріне шешіп алған.

  •  Жақында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ең төменгі жеткіліктілік шегінің жаңа, өскен мөлшерін жариялады.

  • Ең бастысы, бұл меженің тек биылғы жылдың өзінде екінші рет өсуі болып отыр. Осылайша, қаражатты мерзімінен бұрын алу шарттары қарапайым азаматтар үшін барған сайын қиындай түсті.

Барлық жаңалық