Шахматшы Бибісара Асаубаева мен Туризм және спорт министрлігі арасындағы қаржыландыру дауы қоғам белсенділері мен медиа өкілдерінің де назарынан тыс қалмады. Белгілі журналист Абзал Ибрашев әлеуметтік желіде арнайы бейнежазба жариялап, аталған мәселеге қатысты өз көзқарасын білдірді. Астананың бас символы – Бәйтерек монументінің алдында түсірілген видеода журналист спортшылардың материалдық талаптарына қатысты өткір ойларын ортаға салды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Абзал Ибрашев өз сөзінде спортшылардың мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлыққа қанағат қылмауы үлкен мәселе екенін алға тартты.
«Ойланып қарап отырсам, ағайын, біздің елде не деген қанағатсыз адамдар бар деймін де иә. Мынау Бибісара Асаубаева деген біздің шахматшы қыз Президентке үндеу жолдапты. Кейін Туризм және спорт министрлігі маған ақша төлемеді, айлығым үш есеге қысқарды деген әңгіме айтып жатыр», – дейді журналист.
Журналист министрлік пен федерация тарапынан бөлінген ресми сандарды мысалға келтіре отырып, бұл қаражаттың түптеп келгенде халықтың игілігі екенін еске салды.
Өткен жылы 160 миллион теңгеден астам, ал биыл небәрі жарты жылдың ішінде 210 миллион теңгеге жуық қаражат қаралған.
Бұл ақша – мемлекеттің, яғни салық төлеуші қарапайым халықтың қаражаты.
Мұндай қомақты қолдауды алып отырып, әлеуметтік желіде «маған ештеңе төлемеді, өз ақшама дайындалдым» деп шағымдану шындыққа жанаспайды.
Абзал Ибрашев ел намысын қорғап жүрген кәсіби спортшыларды сәл де болса сабырлылық танытып, мемлекеттің беделін ойлауға шақырды.
«Сондықтан сәл кішкене ойланған дұрыс болады-ау. Сонда бұл кімнің ақшасы? Спорт және туризм министрлігінің ақшасы ма, әлде Мәдениет министрлігінің ақшасы ма? Бұл – халықтың, мемлекеттің ақшасы ғой! Сондықтан сәл кішкене ойланған дұрыс болады-ау. Темірлан Санжарұлы (Тимур Турлов) басқаратын федерация тарапынан да, міне, спортты қолдайтын қорлар тарапынан да кәдімгідей қаражат бөлінген. Осындай дүние жасағаннан кейін сәл кішкене ойлану керек қой», – деп түйіндеді журналист.
Оның айтуынша, жүздеген миллион теңге қолдау көріп отырған спортшылардың ішкі келіспеушіліктерді бірден Президент деңгейіне шығарып, желіде шулатуы орынсыз әрі бұл елдің имиджіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі таңда бұл видео желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.