Астана қаласында аялдама кешенінде қоғамдық тәртіпті бұзып, тұрғындардың мазасын алған әйел жауапкершілікке тартылды. Желіде тараған бейнежазбадан кейін елордалық полицейлер шұғыл тексеріс жүргізген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Елордалық полиция департаментінің хабарлауынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында оқыс видеоны анықтаған. Бейнежазбада әйел адамның қаладағы аялдама павильондарының бірінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны таспаланған.
Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, тәртіп бұзушының тұлғасын анықтады. Тексеріс нәтижесінде мынадай мәліметтер белгілі болды:
Әйел адам ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның қолындағы шошаңдатқан қаруы нақты жауынгерлік автомат емес, ойыншық автомат екені анықталды.
Аталған заңбұзушылық бойынша іс сотта қаралып, тиісті шешім қабылданды. Сот қаулысымен тәртіп бұзған әйелге 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
«Қоғамдық тәртіпті бұзатын және азаматтардың мазасыздануын тудыратын кез келген әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады», — деп ескертті полиция департаментінен.
Тәртіп сақшылары елорда тұрғындары мен қала қонақтарын қоғамдық орындарда мінез-құлық нормаларын қатаң сақтауға және айналадағы адамдарға құрметпен қарауға шақырды.