Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға рақымшылық шаралары қолданылмайды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген вице-министрдің айтуынша, аталған блогерлер рақымшылыққа ілікпейді. Сондықтан оларға қатысты қылмыстық жауапкершіліктен босату немесе жаза мерзімін қысқарту секілді жеңілдіктер қарастырылмаған.
«Бұл баптарға рақымшылық туралы заңның нормалары қолданылмайды», – деді Санжар Әділов.
Еске салайық, 2025 жылы блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова әлеуметтік желі арқылы курс сатып, 11 автокөлік ойнатқаннан кейін олардың қызметіне Туризм және спорт министрлігі назар аударған болатын.
Сол жылдың 16 қазанында ерлі-зайыпты блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кейін, 2026 жылдың 13 наурызында іс сот қарауына жолданды.
27 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты аталған іс бойынша үкім шығарды. Сот шешімімен Ерболат Жанабылов 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, оған пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар оның мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданды.
Ал Эльмира Төлегенова 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуге міндеттелді. Оның да мүлкі тәркіленеді. Алайда сот кәмелетке толмаған үш баласының бар екенін ескеріп, жазаны өтеу мерзімін екі жылға кейінге қалдырды.