Қазақстан қор нарығында дивидендтік маусым қыза түсті. Инвесторлар үшін ең маңызды кезеңдердің бірі – компаниялардың өткен жыл қорытындысы бойынша табысын бөлісуі, деп жазады Ozgeris.info.
Биыл да бірқатар ірі эмитенттер акционерлерге төлем жасауға дайын екенін жариялады. Қаржы сарапшысы Тұрар Әбди соңғы мәліметтерді саралап, 2026 жылғы дивидендтік гидті ұсынды. Оның айтуынша, бұл деректер директорлар кеңесінің ұсыныстары мен акционерлер жиналысының шешімдеріне негізделген.
«Қазақстандық қандай акциялар дивиденд төлейді? 2026 жылға арналған жаңартылған дивиденд гидін ұсынамын. Өткен жылдардың статистикасын жинақтап, соңғы акционерлер жиналыстары мен директорлар кеңесінің ұсынымдарын қостым», дейді сарапшы.
Екінші деңгейлі банктер ішінде Halyk Bank (HSBK) тұрақты дивидендтік саясатымен ерекшеленіп отыр. Соңғы бес жылда төлем көлемі айтарлықтай өскен: 2021 жылғы 18 теңгеден 2025 жылы 50 теңгеден асқан. Биыл директорлар кеңесі бір акцияға 30,1 теңге төлеуді ұсынып отыр. Акционерлердің жалпы жиналысы (ГОСА – годовое общее собрание акционеров) 23 сәуірде өтеді, ал акционерлер тізімін тіркеу (реестр фиксациясы) 30 сәуірге белгіленген. Төлемдер 18 мамырдан басталмақ.

Финтех секторының көшбасшысы Kaspi.kz (KSPI) дивидендтік саясатты жүйелі түрде жалғастырып келеді. 2024 жылы төрт рет тоқсан сайын 850 теңгеден төлеген компания биыл да сол көлемді бекітті. 15 сәуірде өткен акционерлер жиналысында бұл шешім ресми түрде қабылданып, төлемдер бірден басталды. Компания болашақта акцияларды кері сатып алу (buyback) бағдарламасын іске қосып, тоқсандық дивидендтерді қайта жандандыруды жоспарлап отыр.
Ал Bank CenterCredit-тің артықшылықты акциялары (преф акциялар) бойынша жағдай өзгеше. Соңғы үш жылда 42 теңге көлемінде тұрақты төлем жасалғанымен, дивидендтік кірістілік небәрі 0,65 пайыз шамасында қалып отыр. Сарапшылар мұндай құралдар табыс емес, тұрақтылық іздеген инвесторларға ғана тиімді екенін айтады.
Энергетика секторында KEGOC компаниясы инвесторлар үшін ең тартымды эмитенттердің бірі саналады. Соңғы жылдары дивиденд көлемі 160 теңге деңгейінде сақталып келеді. Биыл директорлар кеңесі 2025 жылдың екінші жартыжылдығы үшін 81 теңге төлеуді ұсынды. Бұл шамамен 11-12 пайыздық жылдық табыстылық береді. Акционерлер жиналысы 21 сәуірде өтеді, ал төлемдер маусым айында басталады.
Уран өндіруші Kazatomprom компаниясы да жоғары табыстылық көрсетіп отыр. Акция бағасының бір жылда 138 пайыздан астам өсуі және уран нарығындағы қолайлы жағдай инвесторлардың үмітін арттырды. Соңғы жылдары дивиденд көлемі тұрақты өсіп келеді, ал биылғы төлемдер шілде айына жоспарланған.

Мұнай-газ секторында KazMunayGas (KMG) акционерлерге жыл сайын шамамен 491 теңге көлемінде дивиденд төлеп келеді. Сарапшылар компания бұл саясаттан айнымайды деп болжайды. Әдетте акционерлер тізімі мамыр айының соңында бекітіледі.
Тасымал инфрақұрылымындағы KazTransOil (KZTO) биыл дивидендті едәуір арттыруды ұсынып отыр – бір акцияға 118 теңге. Бұл шамамен 10 пайыздық табыстылық береді. Акционерлер жиналысы 28 мамырда Астанада өтеді.
Телекоммуникация саласындағы Kazakhtelecom компаниясының артықшылықты акциялары (KZTKp) бойынша былтыр рекордтық дивиденд төленген еді. Алайда бұл бір реттік факторларға, нақты айтқанда активтерді сатуға байланысты болған. Сондықтан биыл мұндай жоғары төлем қайталанбайды деп күтілуде.
Ал әуе тасымалы нарығындағы Air Astana (AIRA) алғаш рет дивиденд төлегеннен кейін биылғы төлемді бір акцияға 9,92 теңге деңгейінде белгіледі. Бұл шамамен 1,5 пайыздық табыстылық береді. Соңғы шешім 31 мамырға дейін қабылдануы тиіс.
Жалпы алғанда, 2026 жылғы дивиденд маусымы Қазақстан қор нарығында бірнеше айға созылатын маңызды кезеңге айналып отыр. Негізгі даталар қатарында 21 сәуірдегі KEGOC жиналысы, 23 сәуірдегі Halyk Bank шешімі, 12 мамырдағы KEGOC реестр фиксациясы және 28 мамырдағы KazTransOil жиналысы бар.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдайда дивидендтік табыстылық инвесторлар үшін негізгі факторлардың бірі болып отыр. Әсіресе инфляция деңгейі мен базалық мөлшерлеме жоғары кезеңде тұрақты төлем жасайтын компаниялар нарықта сұранысқа ие бола береді. Сонымен қатар, дивиденд көлемінен бөлек, компанияның қаржылық тұрақтылығы мен өсу әлеуетін де ескерген жөн.