🏛️ Саясат

Білім сарапшысы: «Мектеп өзгермей, ел өзгермейді»

Білім сарапшысы: «Мектеп өзгермей, ел өзгермейді»

Елімізде білім беру саласы кейінгі жылдары айтарлықтай өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Жаңа мектептер салынып, мұғалімдердің жалақысы өсіп, жүйе сырттай жаңарғандай көрінеді. Бірақ осы өзгерістер білімнің шынайы сапасына қаншалықты әсер етті? Жасанды интеллект дәуірінде ғылым мен білімнің бағыты қандай болуы керек? Қала мен ауыл арасындағы алшақтық қысқарып жатыр ма? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға білім сарапшысы, Amansultan.kz платформасының негізін қалаушы, білім саласындағы өзгерістерге қатысты жиі форумдар ұйымдастырып жүрген Нұрлан Қиясов ашық әрі шынайы жауап берді, деп жазады Ozgeris.info.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсындағы білім беру реформаларын қалай бағалайсыз?

– Білімді дамыту туралы айту – оны іс жүзінде өзгерткеннен әлдеқайда оңай. Бұл – тек бізге ғана емес, әлемнің көптеген саясаткерлеріне тән жағдай. Себебі білім беру – сырттай әдемі сөз айтып, уәде беруге ең ыңғайлы салалардың бірі.

Дегенмен Қ.Тоқаев кезеңінде бұл бағытта нақты, көзге көрінетін істер атқарылып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Елде жаңа мектептер бой көтеріп жатыр, оқушы орындарының тапшылығы біртіндеп сейіліп келеді. Мұғалімдердің еңбекақысы артты, жүктемесі жеңілдетіле бастады. Педагогтің қоғамдағы беделі де біртіндеп жоғарылап келеді. Яғни, білім беру жүйесінің іргетасы бекіп, негізі нығайып жатыр деп айтуға толық негіз бар.

Алайда бүгінгі талап тек сонымен шектелмейді. Қанша жерден жаңа мектеп салып, жалақыны көтеріп, тапшылықты азайтсақ та, бұл өздігінен сабақтың сапасын өзгерте салмайды. Қазіргі ең үлкен мәселе сыртқы формада емес, ішкі мазмұнда. Нағыз өзгеріс оқытудың өз тәсілін жаңартуда. Бүгінгі білім жүйесі баланың ойлау қабілетін дамытатын, өмірге қажет дағдыларды қалыптастыратын, функционалдық сауаттылығын арттыратын бағытқа бет бұруға тиіс. Өйткені заман өзгерді. Жасанды интеллект қарқынды дамып келеді, еңбек нарығының талаптары күн сайын жаңарып жатыр. Осындай жағдайда мектептегі білімнің мазмұны да заманға сай жаңғыруы қажет.

Президент бұл туралы ашық айтып жүр, мәселенің мәнін жақсы түсінеді. Бірақ саяси деңгейде берілген бағыт пен нақты сыныптағы өзгерістің арасында әлі де белгілі бір алшақтық бар. Яғни, жүйе жаңаруға дайын тұрғандай, бірақ енді сол жаңаруды ғимараттан емес, тікелей сабақтың өзінен бастау керек. Жалпы алғанда, білім саласына бейжай қарамайтын, формалдылықтан гөрі мазмұнға мән беретін Президенттің болуы – үлкен мүмкіндік. Алайда бұл мүмкіндіктің толық жүзеге асуы көбіне орындаушы буынға байланысты. Кейде министрлер мен әкімдер үшін мазмұннан гөрі көзге көрінетін құрылыс маңыздырақ болып кететіні жасырын емес.

Рас. Ал шын мәнінде, білімнің тағдыры – дәл сол сабақтың сапасында, оның мазмұнында жатыр. Мектептердегі білім сапасы шынымен артты ма, әлде бұл көбіне есеп-қисапта ғана көрініс таба ма?

 – Белгілі бір деңгейде ілгерілеу бар, бірақ бұл көбіне жүйенің сыртқы дамуы, ал оқытудың нақты сапасы әлі де толық өзгерді деуге ерте. Бүгінде біз білім беру жүйесін «сыртынан» жақсартуды жақсы меңгердік. Жаңа мектептер салынып жатыр, сыныптар жаңарып жатыр, цифрландыру енгізіліп жатыр. Бірақ осының бәрі білім сапасының өзегіне, яғни, оқыту процесінің ішкі мазмұнына әлі толық әсер етіп үлгерген жоқ. Әлі де қала мен ауыл арасындағы айырмашылық айқын сезіледі. Кей өңірлерде мүмкіндік көбірек болса, кей жерлерде базалық жағдайдың өзі жеткіліксіз. Оңтүстік пен солтүстік арасындағы білім деңгейіндегі айырмашылық, қазақ және орыс тіліндегі сыныптар арасындағы теңсіздік – бұл да жүйелі мәселе болып қалып отыр. Демек білім беру біркелкі дамып жатыр деп айта алмаймыз.

Енді кеңірек қарасақ, «білім сапасы» деген ұғымның өзін дұрыс түсініп алуымыз қажет. Біз көбіне оны көрсеткіштермен өлшеуге тырысамыз. Мысалы, халықаралық PISA нәтижелері, ҰБТ балдары немесе олимпиададағы жетістіктер. Бірақ осының қайсысы шынайы сапаны көрсетеді?

ҰБТ – көбіне дайындыққа байланысты нәтиже. Оқушылар оған мектептен тыс, арнайы орталықтарда дайындалады. Олимпиада да солай – ол жекелеген дарынды балалардың еңбегі, бірақ бүкіл жүйенің сапасын көрсетпейді. Ал ең маңызды сұрақ – мектеп түлегі өмірге қаншалықты дайын болып шығады? Ол алған білімін күнделікті өмірде қолдана ала ма? Менің ойымша, білім сапасының ең әділ өлшемі – PISA. Өйткені ол тек білімді емес, сол білімді қолдану қабілетін бағалайды. Ал бізде дәл осы дағды әлсіз қалыптасқан. Балалар біледі, бірақ әрдайым қолдана алмайды. Сондықтан біз үшін «білім сапасы» әлі де шешімін толық таппаған, өзекті мәселе күйінде қалып отыр.

Бұл жерде мұғалімді немесе оқушыны кінәлау дұрыс емес. Олар бар жүйенің ішінде жұмыс істеп жатыр. Негізгі мәселе – оқыту тәсілінде, әдістемеде, мазмұнда. Біз әлі де дәстүрлі, көбіне жаттауға негізделген модельден толық шыға алмай отырмыз. Себебі сабақтың өзіне қарасақ, көп жағдайда оның форматы өзгермеген. Мұғалім түсіндіреді, оқушы қайталайды. Ақпарат беріледі, бірақ оны талдау, салыстыру, ой елегінен өткізу жағы әлсіз. Бағалау жүйесі де көбіне баланың түсінгенін емес, есте сақтағанын тексереді.

Тағы бір маңызды мәселе – сабақтың өзі қызықсыз болып қалуы. Оқушы үшін ол көбіне міндет, ал қызығушылық пен зерттеуге деген ынта жеткіліксіз. Ал қызығушылық жоқ жерде терең білім де қалыптаспайды. Қазір цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Электронды платформалар, онлайн жүйелер енгізілуде. Бірақ бұл процестен оқыту әдістемесі қалып қойып отыр. Құралдар жаңарып жатыр, ал мазмұн мен тәсіл сол күйінде қалып барады. Осындай жағдайды біз тек мектепте емес, жоғары оқу орындарында да көреміз. Ұлттық университеттердегі дәрістердің өзінде сол баяғы формат сақталған: оқытушы сөйлейді, студент тыңдайды. Ал қазіргі заман бұл модельден әлдеқайда икемді, интерактивті, ойлануға жетелейтін білім беруді талап етеді.

Сондықтан түйін біреу. Білім сапасы – есепте емес, есеп беруде емес, ол сыныптың ішінде, сабақтың барысында қалыптасады. Егер сабақ өзгермесе, білім сапасы да түбегейлі өзгермейді.

– Мұғалімнің мәртебесін іс жүзінде көтеру мүмкін болды ма?

– Иә, бұл бағытта нақты нәтижелер бар деп нық айтуға болады. Мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі ерекше. Кейінгі жылдары мұғалім мәртебесі біртіндеп болса да өсіп келе жатыр. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен, мұғалімдердің жалақысы артты. Жүктемесі аз да болса жеңілдеді. Әлеуметтік қолдау шаралары енгізілді. Бұл – жай ғана қағаз жүзіндегі өзгерістер емес, нақты өмірде сезілген қадамдар. Соның нәтижесінде мұғалімдік мамандыққа деген қызығушылық артты, бұл салаға мектептің үздік түлектері де келе бастады. Бұл үрдіс халықаралық деңгейдегі зерттеулермен де расталып отыр, соның ішінде ЭЫДҰ (OECD) жүргізетін сауалнамаларда да осы өзгерістер көрініс табады.

Дегенмен, мұғалім мәртебесі тек жалақымен өлшенбейді. Оның түпкі мәні – қоғамның көзқарасында, жұмыс жағдайында және кәсіби өсу мүмкіндігінде жатыр. Кейде қарап отырсаң, мұғалімнің мәртебесі толық емес, белгілі бір деңгейде ғана көтерілгендей әсер қалдырады. Себебі бұл процестің кей тұстары баяу жүріп жатыр. Мысалы, мұғалімнің дербестігі, яғни, өз пәнін, әдісін еркін таңдау мүмкіндігі әлі де шектеулі. Сондай-ақ ата-аналар тарапынан, жалпы қоғам тарапынан көрсетілетін құрмет деңгейі де біркелкі емес. Біз бұл бағытта жолды бастадық, алғашқы нәтижелер бар. Бірақ бұл – аяқталған үдеріс емес. Мұғалім мәртебесін көтеру бір реттік шешіммен бітетін мәселе емес, ол жүйелі түрде, үздіксіз жалғасуға тиіс. Тек сонда ғана бұл өзгеріс тереңдеп, шынайы нәтижесін береді.

– Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық қысқарды ма?

– Бұл – біз көп жағдайда байқай тұра, айтудан қашатын мәселелердің бірі. Кеңес заманынан қалыптасқан «бәрі тең» деген түсінік әлі күнге дейін санамызда сақталып қалған. Сол себепті білімдегі нақты теңсіздіктің ауқымын ашық мойындауға келгенде іштей тартынатынымыз бар. Бұрын мұндай тақырыптарды дауыстап айтуға болмайтын. Қазір, әрине, жағдай өзгеріп келеді. Айырмашылық біртіндеп азайып жатыр, бірақ ол әлі де айтарлықтай деңгейде сақталып отыр. Мемлекет инфрақұрылымға қаржы бөліп жатыр. Жаңа мектептер салынып, оқушы орындарының тапшылығы азаюда, материалдық-техникалық база жақсарып келеді. Бұл – жағдайды белгілі бір деңгейде теңестіргені рас.

Алайда негізгі алшақтық ғимаратта емес, білімнің сапасында жатыр. Ауыл мектептерінде әлі де тәжірибелі, білікті мұғалімдер жетіспейді. Қосымша білім беру ресурстарына қолжетімділік төмен. Оқу ортасы, жалпы білімге деген ортақ мәдениет те қаладағыдай деңгейде қалыптаспаған. Ең маңыздысы – ауылдағы отбасының баланың дамуына араласуы қаладағыдай белсенді емес. Қалада ата-ана баласының біліміне көбірек көңіл бөліп, қосымша мүмкіндіктер іздейді. Ал ауылда бұл мүмкіндік те, кейде қажеттілік туралы түсінік те шектеулі болуы мүмкін.

– Қазіргі университеттер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды қаншалықты дайындап жатыр?

– Белгілі бір деңгейде дайындап жатыр, бірақ жалпы жүйе ретінде еңбек нарығымен толық үйлесіп отыр деу қиын. Әрине, елімізде мықты университеттер бар, сапалы білім беретін жекелеген бағдарламалар да кездеседі. Олар шын мәнінде бәсекеге қабілетті мамандар дайындап жатыр. Бірақ бұл – жалпы жүйенің емес, жекелеген мысалдардың нәтижесі. Ал кең ауқымда қарасақ, білім беру көбіне экономиканың талабынан кейін қалып келеді. Оқу бағдарламалары баяу жаңарады, тәжірибелік оқыту жеткіліксіз, жұмыс берушілермен байланыс әлсіз. Соның салдарынан түлек теорияны жақсы меңгергенімен, нақты жұмысқа келгенде дайын болмай шығады.

Тіпті бүгінгі шындық одан да күрделі. Қазіргі жас адам жасанды интеллекттің көмегімен бірнеше сағаттың ішінде қосымша, бейнеролик, стартап немесе түрлі жобаларды жасап шығара алады. Ал сол адамның университетте теория оқуға бірнеше жыл жұмсауы кейде оның мотивациясын төмендетіп, білімге деген қызығушылығын әлсіретеді. Ойландыратын мәселе. Жалпы, бұл тек Қазақстанға тән жағдай емес. Бүкіл әлемде білім беру жүйесі экономика мен технологияның даму қарқынына ілесе алмай отыр. Өзгеріс тым жылдам, ал білім беру жүйесі табиғатынан баяу жаңарады.

Сондықтан бүгінгі университеттің басты міндеті тек білім беру емес. Ең маңыздысы – ойлау қабілетін дамыту, талдай алатын, бейімделе алатын тұлға қалыптастыру. Сонымен қатар студентке онлайн форматта оңай қайталанбайтын, тірі тәжірибе, орта, байланыс, ой алмасу беретін білім беру үлгісін қалыптастыру қажет. Өйткені болашақта жай ғана ақпарат беру университеттің басты функциясы болмайды. Ақпарат қазірдің өзінде кез келген жерде бар. Ал құндылық – сол ақпаратпен жұмыс істей алатын ойлау жүйесінде.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсындағы білім реформалары жасанды интеллект дәуірінде ғылымды ел болашағының негізіне айналдыруға қаншалықты бағытталған?

– Президент өз Жолдауларында ғылымды дамыту мәселесін бірнеше рет ашық айтып, оны елдің стратегиялық басым бағыты ретінде нақты белгіледі. Әсіресе жетекші ғалымдардың еңбекақысын лайықты деңгейге жеткізу, ғылымды қысқа мерзімді жобаларға байлап қоймай, ұзақ мерзімді қаржыландыруға көшу туралы тапсырмалары – өте маңызды қадамдар. Бұрынғыдай үш жылдық гранттармен шектелмей, ғылымға кең тыныс беретін ұзақ мерзімді қолдау қажет екені дұрыс көтерілді. Жалпы алғанда, кейінгі жылдары ғылыми күн тәртібіне деген назардың артқаны байқалады. Зерттеу инфрақұрылымын дамыту, ғылыми орталарды қолдау, университеттердің әлеуетін күшейту бағытында белгілі бір қозғалыс бар. Алайда бұл әзірге толыққанды ғылыми экономикаға көштік дегенді білдірмейді. Қазіргі жағдайды «ғылыми экономика болуға деген ниет» деп сипаттауға болады. Бағыт дұрыс, бірақ нақты нәтижеге жету үшін әлдеқайда батыл әрі жүйелі қадамдар қажет.

Ең алдымен, ғылымға бөлінетін қаржыны еселеп арттыру керек. Қазір Қазақстан ғылымға шамамен ЖІӨ-нің 0,2%-ын ғана жұмсайды. Ал дамыған елдерде, мысалы Оңтүстік Корея немесе Израильде бұл көрсеткіш 3-5% деңгейінде. Бұл – айырмашылықтың қаншалықты үлкен екенін көрсетеді. Егер біз ғылымды шынымен елдің тірегіне айналдырғымыз келсе, инвестиция көлемін кем дегенде 5-10 есе арттыру қажет.

Сонымен қатар ғылымды тек академиялық ортада қалдырмай, оны нақты экономикамен, бизнеспен, өндіріс саласымен тығыз байланыстыру керек. Университеттер тек білім беретін орын емес, зерттеу мен инновацияның орталығына айналуы тиіс. Ал жасанды интеллект дәуірінде бұл тіпті маңызды – бізге AI саласында мыңдаған, он мыңдаған білікті маман қажет. Егер осы бағытта нақты өзгеріс болмаса, Қазақстан технологияны өзі жасап шығаратын елге емес, дайын өнімді тұтынушы елге айналып қалу қаупі бар. Ал бұл – ұзақ мерзімде елдің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін мәселе.

– Жасанды интеллект Қазақстанда ғылымның дамуын жеделдете ала ма, әлде мықты білім базасынсыз бұл мүмкін емес пе?

– Жасанды интеллект ғылымның дамуын жылдамдата алады, бірақ ол әлсіз білімнің орнын баса алмайды. Яғни, ол – құрал, тіпті өте қуатты құрал, бірақ іргетастың орнын алмастырмайды. Қазірдің өзінде жасанды интеллект ғылыми зерттеудің табиғатын өзгертіп жатыр. Ол үлкен деректерді талдауды бірнеше есе жылдамдатады, жаңа гипотезалар ұсынуға көмектеседі, кейбір тәжірибелерді автоматтандырады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Тіпті белгілі бір кезеңдерді «аттап өтіп», жылдам алға жылжуға да жағдай бар. Бірақ мұның бір шектеуі бар. Жасанды интеллект мықтыны – одан әрі күшейтеді, ал әлсізді көтере алмайды. Егер елде математика, логика, сыни ойлау деңгейі төмен болса, зерттеу мәдениеті қалыптаспаған болса, ғылыми мектептер әлсіз болса – онда жасанды интеллект тек дайын өнімді пайдаланатын құралға айналады. Біз оны тұтынушы ретінде ғана қолданамыз, бірақ жаңа білім жасай алмаймыз. Сондықтан бүгін біз бір шешуші кезеңде тұрмыз. Бір жағынан, жасанды интеллектті білім мен ғылымға тез енгізуге мүмкіндік бар. Екінші жағынан, егер базалық білім сапасы әлсіз болса, бұл енгізудің әсері шектеулі болады.

– Бүгінде білім беру жүйесін тек маман емес, болашақ зерттеушілер мен ғалымдарды дайындайтындай етіп өзгертетін уақыт та келген секілді.

– Білім беру жүйесін өзгерту – бір реттік үдеріс емес, ол үнемі уақытпен бірге жаңарып отыруы тиіс. Кем дегенде әр 5 жыл сайын мазмұны мен тәсілі қайта қаралып отыруы қажет. Бірақ мәселе барлық адамды ғалымға айналдыруда емес. Ең маңыздысы – әр адамда зерттеушіге тән немесе инженерлік ойлау жүйесін қалыптастыру. Бұрынғы «дайын маман дайындау» моделі бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Жасанды интеллект дәуірінде қарапайым, қайталанатын білім мен дағдылар тез құнсызданады. Бүгінгі құндылық – ақпаратты жаттап алу емес, оны түсіну, талдау, сұрақ қоя білу, белгісіз жағдайда шешім табу және жаңа нәрсе жасай алу.

Сондықтан білім беру жүйесінің басты мақсаты – жаппай ғалым шығару емес, бірақ әрбір адамда зерттеушілік мәдениетті қалыптастыру. Яғни оқушы да, студент те тек орындаушы емес, ойлай алатын, іздене алатын, жаңа идея ұсына алатын тұлға болуы керек. Білім беру «дайын жауапты» беретін жүйе болудан шығып, «сұрақ қоя алатын» ойлауды қалыптастыратын жүйеге айналуы тиіс.

Өйткені егер біз тек орындаушыларды ғана тәрбиелесек, жасанды интеллект дамыған әлемде өзгенің технологиясына тәуелді болып қаламыз. Ондай жағдайда ел ретінде тек сырттан келген шешімдерді қолданатын, бірақ өзі ештеңе жасай алмайтын деңгейде қалып қоюымыз мүмкін. Ал бізге ондай болашақ керек емес. Біздің мақсат – білімді тұтынатын емес, білімді жасайтын қоғам қалыптастыру.

 – Әңгімелескеніңізге рақмет!

 

 

 

 

Барлық жаңалық