Қоғам

Арақсыз қоғамның ауылы жақын ба?

Арақсыз қоғамның ауылы жақын ба?

Қазақстанда алкогольге қатысты ахуал екі түрлі бағытта өзгеріп жатыр. Бір жағынан, елде алкогольге тәуелділікпен ресми есепте тұрғандардың саны әлі де 90 мыңнан асады, мас күйде көлік жүргізгендер көбеймесе де азаймай тұр. Екінші жағынан, халықтың ішімдікке жұмсайтын шығыны төмендеп, «арақсыз ауылдар» көбейіп келеді. Мамандар мұны қоғамдағы салауатты өмір салтына сұраныстың артуымен және жастар арасындағы көзқарастың біртіндеп өзгеруімен байланыстырады, деп жазады Ozgeris.info.

Статистика...

Елімізде алкогольге тәуелділікпен есепте тұрғандардың саны кейінгі жылдары айтарлықтай өзгермеген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы динамикалық бақылауда 90 393 адам тұрса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 91 346-ға жеткен. Ал 2025 жылы 90 907 адам тіркелген. 2026 жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойынша алкогольге тәуелді 90 227 адам бақылауда тұр. Алайда мамандар бұл көрсеткіш мәселенің тек ресми бөлігін ғана көрсететінін айтады. Өйткені алкогольге тәуелді адамдардың бәрі бірдей дәрігер көмегіне жүгінбейді және өзін аурумын деп есептемейді.

Ресми статистикаға қарағанда, елдегі жағдай аса қорқынышты көрінбеуі мүмкін. Бірақ мәселені медициналық жүйеге түсетін салмақ арқылы бағаласақ, жағдайдың әлдеқайда күрделі екенін байқауға болады.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылы алкогольге тәуелділік бойынша 23 мыңнан астам адам стационарлық ем алған. Нақтырақ айтқанда, былтыр 23 057 науқас емделсе, 23 040 адам ауруханаға жатқызылған. Оның ішінде 3 051 адам сот шешімімен мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілген. Сонымен қатар 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша елдегі наркологиялық профильдегі төсек қоры 3 510 орынды құраған. Тек биылғы алғашқы тоқсанда ғана стационарлық емнен 6 088 адам өткен. Оның 5 315-і алкогольге тәуелді азаматтар. Ал ауруханаға жатқызылғандардың саны 6 174 адам болса, оның 5 247-сі алкогольге тәуелділік диагнозымен тіркелген.

Мамандардың айтуынша, тәуелді науқастың стационарда орташа ем алу мерзімі шамамен 40 күнге созылады. Бұл наркологиялық көмекке сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Дегенмен ресми статистика көбіне тәуелділіктің ауыр кезеңіне жеткен адамдарды ғана қамтиды. Ал демалыс сайын ішімдік ішуді қалыпты өмір салтына айналдырған, бірақ өзінде мәселе барын мойындамайтын азаматтар есепке кірмейді.

Денсаулық сақтау министрлігі алкогольге тәуелді азаматтарды кезең-кезеңімен жеке есепке алмайтынын мәлімдеді. Тіркеу аурудың сатысына емес, нақты диагнозға негізделеді. Соған байланысты тәуелділіктің бастапқы кезеңіндегі адамдар ресми статистикада бөлек көрсетілмейді.

«Клиникалық хаттамаға сәйкес, алкоголизм үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде адамда психологиялық тәуелділік қалыптаса бастайды. Яғни, күйзелісті басу немесе демалу үшін алкогольге жиі жүгінеді. Уақыт өте келе ағза үйреніп, бұрынғы әсерді алу үшін көбірек ішімдік қажет болады. Екінші кезеңде физикалық тәуелділік пайда болады. Адам ішетін мөлшерін бақылай алмай қалады, бірнеше күндік ішімдікке салынып кетуі мүмкін. Сонымен бірге абстиненттік синдром байқалады. Бұл – алкогольсіз қалған кезде мазасыздық, қолдың дірілі, әлсіздік және психологиялық жайсыздықтың пайда болуы. Үшінші кезең ең ауыр саты саналады. Бұл кезде адамның денсаулығы қатты әлсірейді. Бауыр, жүрек, жүйке жүйесі зақымдалады. Тұлғалық өзгеріс басталып, әлеуметтік өмірі бұзылады. Мамандар емделмеген жағдайда психикалық ауытқулар мен тұлғалық деградация қаупі жоғары екенін айтады», дейді министрлік.

Яғни, ресми есепте біз тек ауыр жағдайдағы адамдарды көреміз. Ал тәуелділікке енді ғана жақындап келе жатқан, бірақ оны қалыпты әдет деп санайтын азаматтар бұл статистикаға енбейді. Соған қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі елдегі жағдайды тұрақты деп бағалайды. Ведомство өкілдері кей көрсеткіштердің төмендеуін профилактикалық жұмыстармен, ерте анықтаумен және медициналық көмектің дамуы­мен байланыстырады.

Шынында да, соңғы жылдары Қазақстанда алкогольден бас тарту үрдісі байқала бастады. Кей өңірлерде тұтас ауылдар ішімдік сатудан толықтай бас тартып жатыр. Мәселен, 2025 жылы Батыс Қазақстан өңірінде 33 ауыл «құрғақ заң» енгізген. Ал Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 13 ауыл алкогольден толық бас тартқан. Мұндай ауылдарда қылмыс азайып, қоғамдық тыныштық күшейгені де жиі айтылады. Кей елді мекендерде тұрғындар тіпті түнде есігін құлыптамайтын деңгейге жеткен.

Жасөспірімдер арасында да алкоголь тұтыну көрсеткіші төмендеп келеді. Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы алкогольге тәуелділікпен бақылауда тұрған кәмелетке толмағандар саны 131 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 47-ге азайған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 37 жасөспірім тіркелген.

Проработав вот почти 20 лет и каждый день фактически ...

Араққа кеткен ақша азайды

 Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2025 жылы бір отбасының алкогольдік ішімдіктерге жұмсаған орташа шығыны шамамен 21 мың теңгені құраған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға аз. Мамандар мұны қоғамдағы тұтыну мәдениетінің өзгеруімен, бағаның қымбаттауымен және елде кең таралып келе жатқан салауатты өмір салтымен байланыстырып отыр. Зерттеу нәтижесі қала тұрғындарының алкогольге ауыл халқына қарағанда әлдеқайда көп қаржы жұмсайтынын көрсетті. Мәселен, былтыр қаладағы отбасылар ішімдікке орта есеппен 23,2 мың теңге жұмсаса, ауыл тұрғындарының шығыны 16 мың теңгеге де жетпеген. Айырмашылық 31 пайыздан асқан.

Сарапшылар мұны ең алдымен табыс деңгейі мен тұтыну ерекшеліктерімен түсіндіреді. Қала тұрғындарының сатып алу мүмкіндігі жоғары болғандықтан, олар қымбатырақ алкоголь өнімдерін жиі тұтынады. Ал ауылдық жерлерде соңғы жылдары алкогольден бас тарту үрдісі күшейіп келеді.

Бұл өзгеріске әсер еткен бастамалардың бірі ретінде «Арақсыз ауыл» жобасы аталады. Қазір Қазақстанның әр өңіріндегі 280-нен астам ауыл алкоголь сатудан толықтай бас тартқан. Мұндай елді мекендерде дүкендер мен дәмханаларда спирттік ішімдіктер мүлде сатылмайды. Жоба жүзеге асқан ауылдарда қылмыс деңгейі төмендеп, қоғамдық тәртіптің жақсарғаны да айтылып жүр. Жуырда Ақтөбе облысындағы тағы бес ауыл арақ сатудан бас тартқаны белгілі болды. Өңірлер арасында да айырмашылық айқын байқалады. Алкогольге ең көп қаржы жұмсайтын аймақтардың қатарында Қарағанды мен Павлодар облыстары көш бастап тұр. Бұл өңірлерде бір отбасының жылдық шығыны 38,1 мың теңгеге жеткен. Алматы қаласында бұл көрсеткіш 36,7 мың теңгені құраған.

Ал ең аз шығын тіркелген өңірлер қатарында Маңғыстау облысы, Шымкент қаласы және Қызылорда облысы бар. Маңғыстауда бір отбасының алкогольге жұмсайтын жылдық шығыны небәрі 3,4 мың теңге болса, Шымкентте 4,6 мың теңге, Қызылорда облысында 6,2 мың теңге болған.

Статистика алкоголь өнімдерінің сатылымы да біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылы арақ өнімдерінің сатылымы 3,8 пайызға төмендеп, 83,5 миллион литр болған. Ал 2026 жылдың алғашқы екі айында бұл көрсеткіш тағы 11,6 пайызға қысқарған. Шарапқа деген сұраныс та азайған. Өткен жылы оның сатылымы 17,6 пайызға төмендеп, 33,7 миллион литрді құраған.

Дегенмен елдегі ең танымал алкогольдік сусын әлі де сыра болып отыр. 2025 жылы сыра сатылымы керісінше 6,8 пайызға өсіп, 690,5 миллион литрге жеткен. Бірақ бұл сегментте де бәсеңдеу байқала бастады. Биылғы алғашқы екі айда сыра сатылымы 13,2 пайызға төмендеген.

Suicide is declining almost everywhere

Баланың көзінше ішімдік ішкен ата-ана жауапқа тартылады

Енді кәмелетке толмаған баланың көзінше темекі шегіп, алкоголь ішкен ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мемлекет мұндай әрекетті бала құқығын бұзу және салауатты өмір салты қағидаларына қайшы әрекет ретінде қарастырып отыр. Жаңа талаптарға сәйкес, ата-ананың немесе заңды өкілдің баланың көзінше темекі шегуі не спирттік ішімдік ішуі әкімшілік құқықбұзушылық ретінде бағаланады. Мұндай жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 43 мың теңгеден асады.

Егер дәл осындай құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайта тіркелсе, жаза да қатаңдай түседі. Айыппұл көлемі 15 айлық есептік көрсеткішке дейін өсіп, құқықбұзушы 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Сонымен қатар заңда балаға алкоголь ұсыну немесе ішімдік беруге қатысты талаптар да күшейтілген. Егер ата-ана өзі ішімдік тұтынып қана қоймай, баласына да алкоголь берсе, онда 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

Бұл өзгерістер «Бала құқықтары туралы» заңдағы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаларына негізделген. Мамандардың айтуынша, бала көбіне ата-анасының әрекетін қайталайды. Сондықтан үйдегі мінез-құлық пен тұрмыс мәдениеті баланың болашақтағы әдетіне тікелей әсер етеді. Кейінгі жылдары мемлекет балаға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне де ерекше назар аудара бастады. 2024 жылдың 16 маусымынан бастап елімізде кәмелетке толмағандарға күш көрсетуге байланысты жаңа заңнамалық өзгерістер күшіне енді.

Енді баланы ұру, белдікпен жазалау немесе денесіне зақым келтіру Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы бойынша қаралады. Бұл бапқа сәйкес, кінәлі адам 50 тәулікке дейін қамауға алынуы немесе 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Заңдағы өзгерістер ата-ананың жауапкершілігін күшейтумен қатар, баланың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Өйткені бұған дейін қоғамда «тәрбие үшін ұру қалыпты нәрсе» деген түсінік кездесіп келді. Енді мұндай әрекетке заң жүзінде тыйым салынып отыр.

Үш себеп бар

Нарколог-психиатр дәрігер Тоқтар Қойшыбеков маскүнемдіктің негізгі себептері, оның адам денсаулығына тигізетін зардабы және жастарды зиянды әдеттен қалай қорғауға болатыны туралы айтты. Дәрігердің айтуынша, маскүнемдіктің қалыптасуына әсер ететін негізгі үш себеп бар. Оның алғашқысы – отбасындағы қиындықтар мен тәрбиенің әлсіздігі. Екіншісі – адамның әлеуметтік ортасы. Егер азаматтың айналасында ішімдікке әуес адамдар көп болса, оның да сол ортаға бейімделіп кету қаупі жоғары. Үшінші себеп – психологиялық тұрақсыздық пен күйзеліске қарсы тұра алмау.

«Маскүнемдіктің қалыптасуына басты үш себеп бар. Басты себеп – отбасындағы қиындықтар. Негізгі факторлардың бірі – әлеуметтік жағдай, қоршаған орта. Егер маскүнемнің қоршаған ортасында ішімдікке құмар азаматтар көп болса, оның да ішкілікке салынып кетуі әбден мүмкін. Психологиялық фактор, яғни адамның қоғамдағы орнымен, стресске қарсы тұра алмауы және қандай да бір жағдайда психологиялық тұрғыдан мейілінше өзін ұстай алмауынан туындайды», дейді Тоқтар Қойшыбеков.

Маман алкогольге тәуелділік көбіне отбасы тәрбиесінен басталатынын айтады. Оның сөзінше, ішімдік ішетін ата-ананың баласы да сол ортаны қалыпты жағдай ретінде қабылдап өседі.

 «Қазақстанда алкогольді сусындар қолжетімді болып кетті. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары ішімдік кең тарай бастады. Оған дейін зиянды сусындар болған жоқ. Әлеуметтік жағдай жоғарылай бастаған кезде қазіргі жастар оңай сатып алуды әдетке айналдырды. Көбінесе мектеп оқушылары энергетикалық сусындар, коктейльдер мен сыраны жиі тұтынады. Бұл жастар арасындағы түйткілді мәселе», дейді Тоқтар Қойшыбеков.

Дәрігердің сөзінше, маскүнемдікке шалдыққан адамдардың көбі уақытында емделуге келмейді. Әдетте олар тәуелділіктің екінші немесе үшінші сатысына жеткен кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді.

«Өкінішке қарай, маскүнемдікке салынғандар уақытылы дәрігерге жүгінбейді. Олар тек тәуелділіктің екінші, үшінші сатысына жеткен кезде ғана емделуге келеді. Оған дейін қаншама жыл араққа салынып, әбден денсаулықтарын құртады. Емделуге келетіндердің көбі жұмысын, отбасын жоғалтқан жандар. Өзінің маскүнем екенін мойындамаған адам ешқашан емделуге бірінші болып келмейді. Ол тек ауруын мойындап, таза ниетпен келсе ғана маскүнемдіктен жазылуға мүмкіндігі бар», дейді маман.

Мас жүргізушілер көбейген

Қазақстанда былтыр мас күйде көлік жүргізген 23 мыңнан астам жүргізуші ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл жолдағы жүздеген қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берген. Жалпы, 2025 жылы елдегі қылмыс деңгейі төмендеп, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар күшейген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында айтылды. Жиында 2025 жылғы жедел қызмет қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер белгіленді.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өткен жыл құқықтық тәртіпті күшейту тұрғысынан маңызды кезең болғанын айтты.

«Өткен жыл Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» қағидатын іс жүзінде бекіту кезеңі болды. Осы бағытта министрлікте Профилактика жылы жарияланып, құқық бұзушылыққа әрекет етуден бұрын оның алдын алуға басымдық берілді. Жүйелі профилактика өзінің тиімділігін дәлелдеп, қылмыстың тұрақты төмендеуінің негізгі тетігіне айналды», деді Ержан Сәденов.

Министрліктің мәліметінше, жүйелі алдын алу және жедел жұмыстардың нәтижесінде елдегі қылмыс деңгейі 6 мыңнан астам құқық бұзушылыққа азайған. Әсіресе ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны төмендеген. Оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық және бұзақылық фактілері азайған. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыс көрсеткіші де төмендеген. Қару қолдану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар мен бұрын сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауы сиреген.

Министрлік қылмысты ашу көрсеткіші де жақсарғанын хабарлады. Әсіресе аса ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 98 пайызға дейін жеткен. Былтыр өткен жылдары жасалған 2,7 мыңнан астам қылмыс ашылған. 2025 жылы полиция іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам адамды ұстаған. Сонымен бірге жоғалып кеткен 20 мыңнан астам азаматтың орналасқан жері анықталып, отбасына қайтарылған.

Министрлік құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына да ерекше назар аударған. Былтыр ел бойынша 17 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тоқтатылған. Ведомство мұны ауыр салдарға әкелуі мүмкін әрекеттердің ерте кезеңде тоқтатылуымен байланыстырады. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 9 мыңнан астам бала мен жасөспірім тәлімгерлік, спорт және профилактикалық бағдарламаларға тартылған. Жол қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы мас күйде көлік басқарған 23 мыңнан астам жүргізуші ұсталған. Құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті де күшейткен. Былтыр ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету фактілері бойынша 78 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде 10 іс трансұлттық қылмыстық арналарға қатысты. 299 қылмыстық топ жетекшісі мен мүшесі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан 2,5 мыңнан астам қару тәркіленген.

Тек жұма сайын ішемін…

Психолог, тәуелділіктің алдын алу және емдеу қорының жетекшісі Айдос Ибрагим мұндай көзқарастың астарында психологиялық тәуелділік жатуы мүмкін екенін айтады. Маманның сөзінше, мәселе адамның қанша ішетінінде емес, алкогольдің оның өміріндегі рөліне айналуында. Яғни, адам шаршауды, күйзелісті немесе эмоционалдық қысымды ішімдік арқылы жеңілдетуге дағдыланса, бұл тәуелділіктің алғашқы белгілерінің бірі болуы мүмкін.

«Көп адам мен тек жұма сайын ішемін, мен алкоголик емеспін деп ойлайды. Бірақ мәселе ішетін күннің санында емес. Мәселе адамның ішімдіксіз демала алмауында. Егер адам апта бойы күйзеліп жүріп, жұманы тек ішімдік арқылы жеңілдеудің жолы ретінде күтсе, онда алкоголь оның психологиялық тірегіне айнала бастағанын білдіреді. Ондай адам шын мәнінде демалысты емес, ішімдіктен кейінгі күйді күтеді. Яғни, уақытша тыныштықты, проблемадан қашуды, эмоциялық жеңілдікті іздейді. Бұл өте қауіпті сценарий. Себебі уақыт өте келе адамда “шаршадым – ішемін – жеңілдеймін” деген байланыс қалыптасады. Кейін ол алкогольсіз қалай тынығуды ұмыта бастайды», дейді Айдос Ибрагим.

Психологтың айтуынша, қоғамда алкогольге тым жеңіл қарайтын түсінік қалыптасқан. Ішімдік достармен кездесу, мереке, корпоратив, демалыс, тіпті кино мен әлеуметтік желі мәдениетінің бір бөлігіне айналып кеткен. Соның салдарынан алкоголь есірткі немесе құмар ойын сияқты қауіпті тәуелділік ретінде қабылданбайды. Маман әсіресе «жеңіл алкоголь», «аздап қана ішемін», «бұл жай ғана сыра» деген түсініктердің қауіпті екенін айтады. Оның пікірінше, адам осылайша өз әрекетін ақтап алуға тырысады.

«Қоғамда алкогольді жеңіл және ауыр деп бөлу қалыптасқан. Біреулер сыраны зиянсыз көреді, енді біреулер шарапты мәдениетті ішімдік санайды. Бірақ бұл – өзін алдаудың бір түрі. Адам бұл жай ғана сыра, аздап қана іштім деген кезде шын мәнінде өз әрекетін қалыпты етіп көрсетуге тырысады. Тәуелділіктің механизмі алкогольдің түріне қарамайды. Сыра да, коктейль де, шарап та, күшті ішімдік те адамның психологиясына бірдей әсер етеді. Бастапқыда адам өзін бақылап жүргендей көрінеді. Бірақ уақыт өте келе ағза бұрынғы мөлшерге үйренеді де, көбірек алкоголь талап ете бастайды. Бұл тәуелділіктің ең қауіпті кезеңдерінің бірі», дейді Айдос Ибрагим.

психічні розлдаи при алкоголізмі

Ішімдікке тыйым салған елдер

Әлемнің бірқатар елі алкогольдің адам денсаулығына ғана емес, қоғамның тыныштығы мен ұлттың болашағына да зиян екенін ескеріп, ішімдік сатуға қатаң шектеу қойған. Кей мемлекеттерде арақ-шарап өндіруге, сатуға және ішуге толық тыйым салынса, енді бірінде тек туристерге немесе арнайы рұқсаты бар адамдарға ғана шектеулі түрде рұқсат беріледі. Әсіресе мұсылман мемлекеттерінде алкогольге қатысты заң өте қатаң. Себебі ислам дінінде ішімдік ішу харам саналады.

Көпшілік ішімдікке толық тыйым салынған елдер десе, алдымен мұсылман мемлекеттерін еске алады. Мұндай елдерде алкоголь тек денсаулыққа зиян өнім ретінде ғана емес, қоғамдық тәртіпке, отбасы құндылығына және рухани өмірге қауіп төндіретін фактор ретінде қарастырылады.

Йемен елінде алкоголь өнімдерін сатуға толық тыйым салынған. Тек Аден мен Сана қалаларында туристерге арналған арнайы орындар ғана жұмыс істейді. Онда өзге дін өкілдері шарап сатып ала алады. Бірақ ішімдікті қоғамдық орында ішуге болмайды. Оны тек үйде немесе жабық орында пайдалануға рұқсат етіледі.

Біріккен Араб Әмірліктері мемлекетінде де алкогольге қатысты талап қатаң. Әсіресе Шарджа әмірлігінде ішімдік сатуға мүлде тыйым салынған. Арақ-шарап сатқандарға немесе сатып алғандарға ірі көлемде айыппұл салынып, кей жағдайда түрмеге жабылады. Тіпті шариғат заңына сәйкес дүре соғу жазасы да қолданылады.

Ал басқа әмірліктерде алкоголь тек арнайы лицензиясы бар орындарда ғана сатылады. Мұнда да ішімдікті тек мейрамхана мен бар аумағында ішуге болады. Көшеде мас болып жүруге заңмен тыйым салынған.

Судан билігі 1983 жылдан бастап елде алкоголь сатуға толық тыйым енгізген. Бұл мемлекетте ішімдік өндіруге де, сатуға да, ішуге де рұқсат жоқ. Дегенмен туристерге кей жағдайда жеңілдік беріледі. Олар алкогольді тек қонақүй бөлмесінде немесе үй ішінде ғана пайдалана алады.

Сауд Арабиясы әлемдегі алкогольге ең қатаң қарайтын елдердің бірі саналады. Бұл елге келген туристерге әуежайда-ақ ішімдікке тыйым салынғаны ескертіледі. Жолаушылардың жүгін мұқият тексереді. Ел ішінде алкоголь сақтауға, тасымалдауға немесе ішуге заң жүзінде толық тыйым салынған. Мұндай әрекет үшін ауыр жаза қарастырылған.

Пәкістан елінде алкогольге өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап шектеу қойылған. Халықтың басым бөлігі мұсылмандар болғанымен, өзге дін өкілдеріне арнайы рұқсат арқылы алкоголь сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Мавритания да шариғат заңдарын ұстанатын мемлекеттердің бірі. Сондықтан мұнда алкогольге қатаң бақылау қойылған. Шетел азаматтарына арнайы орындарда ғана рұқсат беріледі. Бірақ қоғамдық орында мас күйде жүруге болмайды.

Бір кездері әлемде алкогольді ең көп тұтынатын елдердің бірі болған Ливия кейін бұл бағыттағы саясатты түбегейлі өзгерткен. Ел билігі ішімдік сатуға толық тыйым салып, көлеңкелі саудамен күресті күшейткен. Қазір бұл елде алкоголь сататын орын табу өте қиын.

Кувейт заңдары да өте қатаң. Мұнда ішімдік ішкен адамдар түрмеге қамалуы немесе елден депортациялануы мүмкін.

Иран билігі туристерге белгілі бір деңгейде түсіністік танытқанымен, мұсылмандар үшін алкогольге қатысты талап өте қатал. Елде алкоголь өндіру мен сатуға кей жағдайда рұқсат болғанымен, мұнымен мұсылмандар айналысса, жаза ауыр болады.

Үндістан мемлекетінде алкогольге толық тыйым жоқ. Бірақ кей штаттарда арақ-шарап сатылмайды. Мысалы, Мадхья-Прадеш, Нагаленд және Бихар штаттарында алкоголь өнімдеріне қатаң шектеу қойылған.

Ал Мальдив аралдарында жергілікті тұрғындарға алкоголь ішуге болмайды. Туристік аймақтардағы арнайы орындарда ғана рұқсат етіледі.

Бруней мен Бангладеш елдерінде де алкогольге қатысты талап қатаң. Туристер өзімен бірге алкоголь алып келсе, бұл туралы кеден қызметіне алдын ала хабарлауы керек. Ішімдікті тек қонақүйде немесе үй ішінде ғана пайдалануға рұқсат беріледі.

Барлық жаңалық