Ақтауда полицияның қызметтік көлігі кәмелетке толмаған баланы қағып кетті. Жол апатының салдарынан бала көз жұмды деп хабарлайды Маңғыстау облыстық полиция департаменті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қайғылы жағдай 13 мамыр күні қаладағы 27-ші шағынауданда болған. Полицияның қызметтік автокөлігі жаяу жүргіншіні қағып кетіп, бала алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды.
Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қызметтік көлікті тізгіндеген жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның толық картинасын анықтау мақсатында барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Сондай-ақ, ведомство өкілдері бұл істі тергеу барысы департамент басшылығының тікелей әрі қатаң бақылауында екенін қадап айтты.