Кассациялық сот Бақытжан Байжановқа қатысты шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Оның жазасы жеңілдетілмеді және шартты мерзімге ауыстырылған жоқ деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сотталған Байжанов отырысқа колониядан онлайн форматта қосылды. Айта кетерлігі, сот залында баспасөз өкілдеріне арналған бос орынның жоқтығы алға тартылып, журналистер ішке кіргізілмеді.
Адвокат Әлібек Секеров кассациялық шағымында соттан жазаны жеңілдетуді, мерзімді қысқартуды немесе шартты жаза қолдануды сұрады.
«Төменгі инстанциядағы соттар жеңілдетілген, оның ішінде шартты жаза тағайындау мүмкіндігін толық ашқан жоқ. Үкімнің жаза тағайындау бөлігін өзгертіп, жеңілірек тәсіл қолдануды сұраймыз», – деп мәлімдеді адвокат.
Отырыс барысында Байжановтың әйелі Айнұр Күлдеева да сөз сөйледі. Ол отбасындағы ауыр жағдайды айтып, балалардың жай-күйін ескеруді өтінді. Оның айтуынша, жақында ғана ортаншы баласы құлап, жағы сынып, ауруханадан шыққан.
«Іс жүзіндегі жазаны тек күйеуім ғана емес, мен де, балалар да тартып отыр. Балалар әкесіз өсіп жатыр. Рақымшылық танытуды сұраймын», – деді Күлдеева.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың мамыр айында Астана соты Бақытжан Байжановты кінәлі деп тауып, оны төрт жылға бас бостандығынан айырған болатын. Кейінірек рақымшылық заңына сәйкес оның жаза өтеу мерзімі қысқартылған.
Байжанов атышулы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевпен (24 жылға сотталған) бірге екінші айыпталушы ретінде жауапқа тартылған еді.