Қоғам

"Құлағы тас керең": журналист Президент қолынан орден таққан диктордың жағдайы туралы айтты (ВИДЕО)

"Құлағы тас керең": журналист Президент қолынан орден таққан диктордың жағдайы туралы айтты (ВИДЕО)

Журналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі диктор, радио ардагері Сауық Жақанова туралы жазып, оның денсаулық жағдайына алаңдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Ол Меруерт апасына арналған жазбасының арасында Сауық Жақанованың да атын атағанын айтып, Ақордада түсірілген видеодағы жайтқа тоқталған.

«Меруерт апамызға арнап жазған постымның арасында атақты диктор - Сауық Жақанованың да атын атап едім. Мына видеода Сауык апай Ақордада “Парасат” орденін алып тұрып, Президенттің “суретке түсейік!” деген сөзін естімей қалғаны анық. Ол жай сасқалақтау емес! 80-нен асқан Сауық апай, Ә. Байжанбаевтың тікелей шәкірті, радио ардагері екі құлағын радиоға беріп, бүгінде түк естімейді, аппаратсыз жүре алмайды», – деп жазды журналист.

Сондай-ақ Дана Нұржігіт былтыр Қарағандыда өткен шығармашылық кеште куә болған жағдайын баяндап, ардагер диктордың сахнадағы сабыры мен мәдениетіне тәнті болғанын айтты.

«Қарағандыда, туған жерінде былтыр жеке шығармашылық кеші өтті. Мен сол ортаға арнайы бардым. Қолына ұстаған микрофоны құлағындағы аппаратпен жақындап кеткен сайын, құрылғы шыңылдап кете берген соң апай аппаратты шешіп отыруға мәжбүр болды. Құлағы тас керең адамның жайы белгілі ғой, Сауық апай аңтарылған күйі, сахнаға көтеріліп өзіне тілек айтқан адамдарды бірін ернінен, бірін ишаратынан түсініп, бір жерде күліп, бір жерде дауысын көтеріңкіреп шама шарқынша сахна мәдениетін сақтап отырды. Кеш соңына дейін. Жүрегім ауырды әлгісін көріп. Апайдың мәдениеттілігіне, ұстамдылығына таңдандым. Міне, мектеп, мәдениет деген!Алматыдағы "Совмин" ауруханасына тегін қаралуға Президент қолынан алған “Парасат” орденінің қауқары да жетпепті», – деді ол.

Барлық жаңалық