Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қарындасы Аружан Бишімбаева арасындағы дау сотқа ұласты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Айтбек Амангелдінің сөзінше, өзі мен отбасы туралы жалған әрі бұрмаланған ақпараттың таралуы екі жылдан бері жалғасып келеді. Ол мұндай әрекеттерге заң аясында жауап беруге шешім қабылдағанын айтты.
Оның айтуынша, Аружан Бишімбаева пікірлерін “менің ойымша” деген тіркестермен жеткізу арқылы құқықтық жауапкершіліктен жалтаруға тырысады. Сонымен қатар, Салтанат Нүкеноваға қатысты орынсыз мәлімдемелер жасағанын алға тартты.
Амангелді әлеуметтік желілерде өз есімін әдейі өзгертіп жазу, суреттерін толық көрсетпеу арқылы кейбір адамдар заң алдындағы жауапкершіліктен қашуға тырысатынын да атап өтті. Оның пікірінше, бұл — заңнамадағы олқылықтардың бірі.
Сот процесі бірнеше айға созылған. Айтбек Амангелдінің айтуынша, талап-арыз ішінара қанағаттандырылғанымен, жауапкер сот шешімін орындауға асықпай отыр. Ол бұл мәселеде қаржы емес, ең алдымен марқұм қарындасының атына айтылатын орынсыз сөздердің тоқтауы маңызды екенін жеткізді.
Сондай-ақ, ол өзінің IT саласында жұмыс істейтінін және материалдық мәселеге мұқтаж емес екенін айтып, басты мақсаты — отбасысына бағытталған тұрақты шабуылдарды тоқтату екенін мәлімдеді.