Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Көшбасшысы Режеп Тайип Ердоғанмен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы бұл жүздесудің екіжақты қатынастар үшін тарихи маңызы зор екенін ерекше атап өтті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркиялық әріптесіне шақыруды қабыл алып, Астанаға табан тірегені үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
«Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым! Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!» – деді Қазақстан Президенті.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Анкараға жасаған ресми сапарын жылы лебізбен еске алып, Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысында қол жеткізілген маңызды шешімдерге тоқталды.
Бұл жолғы сапар аясында да бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр:
-
Жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өтеді.
-
Екі елдің іскер топтарының басын қосатын ауқымды бизнес-форум ұйымдастырылады.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген үлкен делегацияның жұмысына сәттілік тілеп, бұл сапар өзара ынтымақтастықтың жарқын болашағына зор үлес қосатынына сенім білдірді.