Қоғам

Биліктің дәрменсіздігі сонша, Президент өз Жолдауында осы мәселеге тоқталуға мәжбүр болды

Биліктің дәрменсіздігі сонша, Президент өз Жолдауында осы мәселеге тоқталуға мәжбүр болды

Заң бұзушылық пен немқұрайлылық шектен шықты. Биліктің дәрменсіздігі сонша, Президент өз Жолдауында осы мәселеге тоқталуға мәжбүр болды. Осы жылдың басынан бері самокаттардың қатысуымен 93 жол оқиғасы тіркелген екен. Осылай бола берсе, оңай жарақаттардың соңы өлімге әкелуі мүмкін. Бұл туралы депутаттардан бастап, қарапайым тұрғындарға дейін дабыл қағып жатыр. Ozgeris.info тілшісі саралап көрді. 

Самокат – экологиялық таза, заманауи әрі күнделікті өмірде қолайлы құрал. Алайда, біздің қоғамда оны қалай қолдану керектігін бәрі біле бермейді, білсе де, тәртіп пен заңға бағынудан қалған. Салдарынан, өте ыңғайлы жол көлігі енді нағыз қауіп көзіне айналып отыр. 

Елімізде формалды түрде заңдар мен шектеулер бар. Алайда олардың орындалуы бөлек мәселе. Бұл салада тіркеу, бақылау және жауапкершілік тетіктері нақты жұмыс істемейді. Ол туралы биыл Президент өз жолдауында тағы да қайталап тапсырма берді. 

«Екі жыл бұрын жаяу жүргінші жолдарында жүруді шектеу жөнінде заңнамалық өзгерістер енгізілсе де, жағдай әлі өзгерген жоқ. Керісінше, қоғамдық орындарда жүру қауіпті болып барады. Бүгінде бұл саланы реттейтін заңнамалық түзетулер әзірленді, оларды шұғыл қабылдау қажет. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі – баға жетпес, мұнда ұсақ-түйек болмайды», – деп баса айтты Президент.

2023 жылдан бастап Қазақстанда самокаттарға жолда 25 км/сағ, ал тротуарда 6 км/сағ жылдамдық шектеуі енгізілді. Кешкі уақытта шлем мен жарық шағылыстырғыш элементтер міндетті. Электросамокат веложолақпен немесе велополоспен жүруі тиіс. Бірақ бұл талаптардың орындалып жатқаны екіталай. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері самокатшыларға қатысты 25 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалып, 93 жол-көлік оқиғасы тіркелкен. 100-ден астам адам жарақат алған. Көбіне кәмелетке толмаған азаматтар. 

Самокат - хаос символы

Экономист Эльдар Шамсутдиновтың пікірінше, самокаттар көшедегі тәртіпсіздіктің ғана емес, биліктің де дәрменсіздігінің символына айналды. 

«Жазасыздық пен немқұрайлылықтың етек жайғаны соншалық, Президент жыл сайынғы Жолдауында уақыт бөліп, осы бассыздықты айтуға мәжбүр. Бізде заң бар, ол іс жүзінде жұмыс істемейді. Самокаттар тротуарда жылдамдықты асырып жүруін доғарар емес, нәтижесінде зардап шеккендер көбеюде,  ол әлеуметтік шиеленісті де арттырып отыр», – дейді ол. 

Сарапшының айтуынша, таныстарының арасында дәл осы самокаттардың кесірінен зардап шеккендер бар. 

«Менің жеті танысымның екеуі самокатшылармен соқтығысып, артынша ақсап қалды. Одан бөлек, жүргізушілерді жауапқа тарту мүмкін емес, себебі олар кейін самокаттарын тастап, қашып кетеді», – дейді сарапшы.

Бұл мәселе Алматыда ерекше талқыланып жатыр. Қала тұрғындары самокаттардың жол ережесіне бағынбайтынын айтып, балаларының өміріне алаңдайтынын айтып шағымдануда.

Дәрігерлердің айтуынша, ай сайын екі дөңгелекті көліктен құлаған шамамен 100 адам медициналық көмекке жүгінеді екен. Олардың басым бөлігі – оқушылар мен жасөспірімдер. Олар көбінесе аяқ-қолдарын сындырып, бас-ми жарақаттарымен түседі. 

Президенттің қатаң тапсырмасынан кейін Алматыда бірқатар шара қолға алынды. Қала әкімдігі 10 пилоттық аймақта арнайы тұрақтар орнатуды жоспарлап отыр, өйткені қазіргі кезде 300-ге жуық самокат айыптұраққа қойылып, 800-ден астам құқық бұзушылық тіркелген.

Бірақ бұл уақытша шаралар мәселені толық шеше алмайды. Алматы мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов қалада электросамокаттарды уақытша тоқтатуды ұсынды:

«Бүгінде олардың қозғалысы нақты ережелермен реттелмеген, жылдамдық шектелмейді, тұрақ орындары жүйесіз, ал пайдаланушылардың көбі ЖҚЕ-ні білмейді. Самокаттарды тротуарларда, жол бойында қалай болса солай тастап кетеді, бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, қауіп төндіреді. Менің ұсынысым мынау: Алматы қаласында электросамокаттарды уақытша тоқтату, әзірге арнайы тұрақтар орнатылмайынша, қауіпсіз веложолақтар жасалмайынша және жалға беру мен жүргізу ережелері қабылданбайынша. Тек осылай біз қаланы баршаға ыңғайлы әрі қауіпсіз ете аламыз», – деді депутат.

Электркөлікті тіркеу мәселесі де анық емес. Қолданыстағы нормаларға сай, қуаты 250 Вт-тен асатын және жылдамдығы 25 км/сағ-тан жоғары кез келген электркөлік электромопедке теңестіріледі. Мұндай көлік тіркеуге жатады. Алайда іс жүзінде көпшілігінде тек кепілдік талоны мен нұсқаулық сияқты ұсақ қағаздар бар. Техпаспорт немесе тіркеу куәлігі жоқ, себебі мұны ешкім бұрын талап етпеген.

Youtube авторы Иван Третьяков ХҚКО-на жүгінгенде, қызметкерлер электрсамокаттар мен электровелосипедтерді тіркеу туралы ақпарат әзірге жоқ екенін айтқан. Бастапқыда бұл үдеріс іштен жанатын қозғалтқышы бар мопедтерді тіркеуге бағытталған екен. Мемлекеттік органдар енді электркөліктерге кірісіп жатыр. 

Бір оқырман электровелосипедін айыптұраққа алып кеткенін баяндады. Қаланың орталығында оны тоқтатып, тексерген, кейін көлікті электромопедке теңестіретінін айтып, құжаттары жоқ деп айыппұл салған.

Жоғары қуатты электркөлікті басқару үшін жүргізуші куәлігі қажет. «B» категориясы жарамды. Құжаты жоқтар оны ашуы керек.

Ал ХҚКО қызметкерлері қандай себеппен айыптұраққа әкетіп жатыр деген сұраққа тек «солай болып жатыр» деген қысқа жауап берген. 

Басқа елдерде, мысалы, Әзербайжанда операторлар деректермен бөлісуге міндетті, ал Украинада электросамокаттар көлікке теңестірілген. Париж бен Сан-Францискодағы сияқты уақытша тыйымдар бізде де талқыланып жүр. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, ол тиімсіз дейді маман. 

«Жеке самокаттар қала береді, апат азаймады, ал бір жылдан соң жалға беру қайта оралды. Шенеуніктердің уақытша тыйым саламыз дегені бос әңгіме. Біздің жағдайда бұл өте қауіпті. Әлеуметтік патернализм, «мемлекет өзі шешеді» деген әдет жаяу жүргінішер мен пайдаланушылардың мінез-құлқын өзгертпейді. Сондықтан қазіргі заңдар жұмыс істемейді», - деді экономист Эльдар Шамсутдинов. 

Экономист бұл хаосты тоқтату үшін бірнеше ұсынысымен бөлісті. 

Біріншіден, самокаттарды міндетті тіркеу, яғни, әр самокатта көрінетін бірегей нөмір болуы тиіс. Тіркелмесе – конфискация.

Екіншіден, операторларды лицензиялау, яғни, жалға беру тек лицензия арқылы берілуі керек, самокат санына лимит қойып, деректерді қалалық мониторинг жүйесіне енгізу.

Үшіншіден, аймақтық шектеулер енгізу, яғни, тек веложолдар мен арнайы жолақтарда жүру, тротуарға толық тыйым. GPS жүйесі ережені бұзса, самокатты автоматты түрде бұғаттау.

Төртіншіден, арнайы тұрақтар керек, тек сол жерлерде қалдыру. Қалған жағдайда – автоматты айыппұл, қайталанса – самокатты тәркілеу.

Бесіншіден, міндетті шлем, яғни, шлемсіз самокат іске қосылмайды (камера арқылы немесе QR-фото арқылы растау).

Алтыншыдан, Алкогольде мас күйінде жүруге күдік болса, аккаунт бір жылға бұғатталады.

Жетіншіден, операторлардың жауапкершілігін арттыру, яғни, әрбір жол оқиғасы, заңсыз тұрақ, компанияға тіркеледі. Үш рет бұзса – лицензиядан айыру.

Бұл шаралардың барлығы Президенттің қатаң тапсырмасынан кейін ғана қолға алына бастады. Билік әдеттегідей, қарапайым халық пен қоғамның пікірін елемей, тек Президенттің айтқанынан кейін ғана қозғала бастағаны өкінішті. 

Барлық жаңалық