💰 Экономика

Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасына Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінетінін айтты

Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасына Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінетінін айтты

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Жиында инфрақұрылымдық жобаларға шетелдік инвесторларды тарту, инвестициялық саясатты жетілдіру және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған инфрақұрылымды жаңғырту міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, елдің барлық өңірін қамтитын «Халықтық құрылыс» бағдарламасы осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі болмақ.

«2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялануының символдық мәні зор. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызы мен ауқымы жекелеген нысандардың құрылысымен шектелмейді. Шын мәнінде, Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты экономикалық дамуы үшін жаңа негіз қалануда. Бұл ретте осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру халықаралық әріптестер үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Премьер-министр.

Жиында Қазақстанның заманауи инженерлік шешімдер мен құрылыс стандарттарына, тиімді басқару тәжірибесіне, сондай-ақ құрылыс материалдары, жабдықтар мен жинақтауыштарды бірлесіп өндіруге мүдделі екені айтылды.

Үкімет инвестиция тарту және инвесторларға қолдау көрсету жүйесін де жаңартып жатыр. «Бәйтерек» ұлттық холдингі негізінде инвесторлармен жұмысты бірыңғай үйлестіру, Kazakh Invest ұлттық компаниясын холдинг құрамына беру және ортақ фронт-офис құру жоспарланған. Бұл инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеуге және инвесторлардың қаржыландыру құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі шетелдік компанияларды тарту жұмысын жалғастырады.

Отырыста инвестицияларды құқықтық қорғау мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, Президенттің халықаралық тәжірибені ескере отырып, Алатау қаласында инвестициялық сот құру жөніндегі бастамасына назар аударылды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Инвестициялық саясат, энергетика, мұнай-газ саласы, еңбек заңнамасы, цифрландыру, денсаулық сақтау және фармацевтика бағыттарындағы жұмыс топтарының есептері тыңдалды.

Кеңес қауымдастығының басқарма төрағасы, EY компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелерін таныстырды. Оның ішінде экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтарудың жаңа тәртібі, реэкспортқа салық салу және кедендік транзит мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек, Eni Kazakhstan компаниясының басшысы Сегер Хойтинк мұнай-газ саласындағы құбыр желілерін тексеру кезінде тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану және парниктік газдар шығарындыларына арналған қосымша квоталарды бөлу жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныс айтты.

Air Liquide Munay Tech Gases бас директоры Габриэль Константин жоғары білікті мамандарды тарту жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. Атап айтқанда, халықаралық кәсіби сертификаттарды тану және шетелдік мамандардың бір компания ішіндегі қызметтік ауысуына жағдай жасау тетіктері сөз болды.

KPMG компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев Кеңеске мүше компаниялардың көлік, өнеркәсіп, энергетика, телекоммуникация және корпоративтік үдерістерге жасанды интеллект енгізу тәжірибесін таныстырды. Бұл бағыттағы басым міндеттердің бірі ретінде жобаларды кеңейту және есептеу инфрақұрылымына инвестиция салу аталды.

«Химфарм» АҚ бас директоры Адам Алексеюк фармацевтика саласына инвестиция тарту және дәрі-дәрмек өндірісін жергіліктендіру мәселелеріне тоқталды. Ол инвестициялық келісімдер аясында өндірілетін дәрілерді қолдау үшін сапа, қауіпсіздік және тиімділік талаптарын сақтай отырып, «жасыл дәліз» тетігін енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар Polpharma компаниясы экспорттық әлеуеті бар жаңа дәрілер өндірісін жергіліктендіру үшін инвестициялық келісімдерді кеңейтуді ұсынды. Anadolu Group (Coca-Cola) қант қосылған сусындар нарығын реттеу мәселесін көтерсе, Beeline Kazakhstan (VEON) әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысына жеке инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде ұсыныс білдірді.

Отырыс соңында Олжас Бектенов Үкіметтің өзара тиімді әріптестікті дамытуға бағытталған ашық диалогке дайын екенін айтты. Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Шетелдік инвесторлар кеңесінің қауымдастығымен бірлесіп, айтылған ұсыныстарды жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Барлық жаңалық