🏛️ Саясат

«Бейбітшілік - таңдау емес, стратегия»: Қ.Тоқаев дипломатиясының ұзақ жолы

«Бейбітшілік - таңдау емес, стратегия»: Қ.Тоқаев дипломатиясының ұзақ жолы

24 сәуір – Көпжақтылық және бейбітшілік жолындағы дипломатия күні. Бұл мереке жай ғана күнтізбедегі белгі емес, ол адамзаттың соғысқа қарсы, диалогқа жақтас таңдауының символы. Осы таңдауды Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап берік ұстанып келеді. Ал бұл жолдың қалыптасуында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық мектебі мен халықаралық тәжірибесі орасан зор рөл атқарды, деп жазады Ozgeris.info.

Ұзақ жол неден басталды?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық аренаға шығуы кездейсоқтықтан туған жоқ. Бұл жол ұзақ жылдар бойы жиналған білім мен тәжірибенің жемісі. 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген соң, ол Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігіне қызметке кірді және Сингапурдағы кеңестік елшілікке жіберілді. Бұл оның дипломатиялық мансабының нүктесі болды.

1979 жылы Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігіне оралған Қ.Тоқаев 1983 жылы Қытай Халық Республикасына тіл курстарына аттанды. Бейжіңдегі тіл институтында оқып, содан кейін 1985 жылдан 1991 жылға дейін Бейжіңдегі кеңестік елшілікте екінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші лауазымдарын кезекпен атқарды. Осы жылдар оны ірі геосаяси ойыншы Қытаймен тереңнен таныстырды, оның дипломатиялық ойлауын шыңдады.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1992 жылы ол тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалды. 1993 жылы бірінші вице-министр, 1994 жылы Сыртқы істер министрі атанды. Сол кезеңде ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Сыртқы істер министрлері кеңесін де, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесін де төрайымдады. Еуразиядағы ең ірі аймақаралық форумдардың басында отырған Қазақстан министрі ретінде ол ортақ пікір табу өнерін, ымыраға жету мәдениетін тәжірибеде меңгерді.

1999 жылы Парламент мақұлдауымен Президент жарлығы бойынша Қазақстанның Премьер-Министрі болып тағайындалды. 2002 жылы бұл қызметтен кеткен соң Мемлекет хатшысы – Сыртқы істер министрі лауазымын атқарды. 2007 жылға дейін министр ретінде жұмыс жасап, сол жылы Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды. Сенат Төрағасы кезінде, 2008 жылы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.

Қ.Кемелұлы орыс, ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген, француз тілін біледі. Саяси ғылымдар докторы, алты кітаптың және халықаралық қатынастар саласындағы көптеген мақалалардың авторы. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатия академиясының құрметті профессоры мен докторы, сонымен бірге оның Қамқоршылар кеңесінің мүшесі. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы атағы оған осы сала мамандары тарапынан берілген жоғары бағаның айғағы.

Жаһандық дипломатия алаңындағы жауапты миссия

Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық деңгейдегі қызметінің шыңы 2011 жылы белгіленді. Сол жылдың наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы оны Женевадағы БҰҰ кеңсесінің Бас директоры, Бас хатшының орынбасары және Бас хатшының Қарусыздану жөніндегі конференциядағы жеке өкілі ретінде тағайындады. Ол бұл қызметті 2013 жылға дейін атқарды.

Қарусыздану жөніндегі конференция –  дүние жүзінде қарусыздану мәселесі бойынша келіссөздер жүргізетін жалғыз көпжақты форум. Оның тарихы Суық соғыс дәуіріне барып тіреледі, ал күн тәртібіндегі мәселелер бүгін де өз өткірлігін жоғалтқан жоқ: ядролық қарудың таралуы, химиялық және биологиялық қаруды жою, ғарыш кеңістігін қарусыздандыру. Осынау нәзік те жауапты алаңда ядролық держава мемлекеттердің мүдделері тікелей соқтығысады. Мұндай ортада ымыраға жету, ортақ шешім табу – тек асқан шеберліктің ғана емес, сонымен бірге моральдық беделдің де ісі.
Конференцияға жетекшілік ету дегеніміз алпауыт мемлекеттердің өзара қарама-қайшы мүдделерін теңестіру, сенімсіздік пен бәсекелестік ахуалында нәтижелі диалогты ұстап тұру. Президентіміз осы міндетті жоғары кәсіпқойлықпен орындады. Бұл үшін оның бойында бірнеше қасиет бір уақытта болуы қажет еді: терең білім, тілдік шеберлік, мәдениетаралық байланыс орната алу қабілеті және бейтарап тараптың беделі. Ядролық қаруды өз еркімен тастаған елдің өкілі ретінде Қ.Тоқаевтың дауысы конференция залдарында ерекше салмаққа ие болды. Женевада жинақталған тәжірибе оның дипломатиялық ойлауын тереңдетіп, халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне деген жүйелі көзқарасын нығайтты.

Ол сонымен бірге БҰҰ Бас Ассамблеясының он сессиясына қатысты. Бұл трибунадан ол Қазақстанның ұстанымын, ядролық қарусыздану жөніндегі бастамаларын, аймақтық қауіпсіздіктің маңыздылығын жүйелі түрде жеткізді. Бас Ассамблея – бүкіл әлем елдерінің дауысы тең болатын жалғыз жаһандық платформа.

Бейбітшілікке бастар батыл шешімдер

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық қарусыздану саласындағы еңбегі оның дипломатиялық тарихының өзегін құрайды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан мұраға алған ядролық арсенал сол кездегі ең ірілердің бірі болды. Алайда ел оны сақтамай, ерікті түрде бас тартуды таңдады. Осы тарихи шешімнің дипломатиялық ресімделуіне Қ.Тоқаев тікелей қатысты.

1996 жылы ол Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде Ядролық сынақтарды жан-жақты тыйым салу туралы шартқа Нью-Йоркте қол қойды. Бұл шарт бүкіл адамзат үшін тарихи маңызы бар құжат: ол ядролық жарылыстардың барлық түріне, кез келген ортада жер асты, жер бетінде, суда не атмосферада тыйым салады. Шартқа қол қойылумен іс бітпеді. 2002 жылы Қазақстан оны ратификациялады, яғни, ішкі заң тәртібінде бекітіп, толық заңды күшіне енгізді.

Сол жылы Қ.Тоқаев Ядролық сынақтарды жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының Дайындық комиссиясымен арнайы Объектілер туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім бойынша Қазақстан аумағында халықаралық мониторинг жүйесінің бірнеше стансасы орналастырылды: бір негізгі сейсмикалық стансa, үш қосымша сейсмикалық стансa және бір инфрадыбыстық стансa. Бұл стансалар атмосфералық діріл мен жер қойнауындағы тербелісті анықтай отырып, ықтимал ядролық жарылыстарды анықтауға арналған жаһандық бақылау желісінің бір бөлігі болып табылады. Стансалардан жиналған деректер Венадағы Халықаралық деректер орталығына жіберіледі, онда өңделіп мүше мемлекеттерге беріледі.

Қ.Тоқаев 1995 және 2005 жылдары Нью-Йоркте өткен Ядролық қарудың таралмауы туралы шарт бойынша шолу конференцияларына қатысты. Бұл конференциялар ядролық қаруды таратпау режимінің тірегі болып саналады және онда мемлекеттердің ядролық саладағы міндеттемелері тексеріліп, алдағы жұмыстың бағыты айқындалады. Қ.Тоқаевтың осы форумдардағы белсенділігі Қазақстанның ядролық қарусыздануға берілгендігін халықаралық деңгейде үздіксіз бекітіп отырды.

2005 жылы Қ.Тоқаев Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа да қол қойды. Бұл шарт Семей қаласында жасалды. Онлаған жыл бойы ядролық сынақтардың ауыр жүгін көтерген, жүз мыңдаған тұрғынының денсаулығы мен өміріне нұқсан тиген жерде осындай шарттың жасалуы тарихи символика жағынан да, саяси маңызы жағынан да терең мағынаға ие.

Алматы алаңындағы жаһандық келісім

Дипломатиялық қызметінің тағы бір маңызды беті 2003 жылғы Алматы конференциясына байланысты. Теңізге шығуы жоқ дамушы елдердің халықаралық министрлер конференциясы сол жылдың тамыз айында, 28 мен 29 күндері Алматыда өтті. Конференцияны Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті.

Бұл форумның мәні терең. Дүние жүзінде теңізге шығуы жоқ бірнеше ондаған мемлекет бар. Олардың сыртқы саудасы мен экономикалық дамуы транзиттік елдерге тікелей байланысты. Теңізге тікелей шығу мүмкіндігінен айырылу – бұл тек географиялық шектеулік қана емес. Ол сауда шығындарын арттырады, өнімнің халықаралық нарыққа жету уақытын ұзартады, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді және кедейліктің тереңдеуіне жағдай жасайды. Дәл осы мәселені шешу үшін жиналған елдер өкілдері Алматыда бас қосты.


Конференция нәтижесінде Алматы декларациясы және Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Декларацияда теңізге шығу мен одан қайту құқығы халықаралық құқықтың нормасы ретінде нақты бекітілді. Онда теңізге шығуы жоқ елдердің сауда операцияларының жоғары өзіндік құны олардың халықаралық сауда жүйесінде маргиналдануының басты себептерінің бірі екені тікелей атап көрсетілді. Сонымен бірге транзиттік елдерге де өздерінің толық егемендік принципіне сүйене отырып заңды мүдделерін қорғау құқығы танылды.

Алматы іс-қимыл бағдарламасы тасымалдау инфрақұрылымын жетілдіруге, кедендік рәсімдер мен транзит құжаттамасын жеңілдетуге, ақпараттық технологияларды транзиттік жүйелерге енгізуге бағытталған нақты міндеттемелерді белгіледі. Бағдарламада Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті бөлімшелері, Дүниежүзілік банк, аймақтық комиссиялар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы, Дүниежүзілік кеден ұйымы мен аймақтық экономикалық интеграция ұйымдарының рөлі де нақты айқындалды.

Декларацияда дамушы елдердің өз экспорттық тауарлары үшін кеңейтілген және болжамды нарықтарға қол жеткізудің маңыздылығы да ерекше атап өтілді. Теңізге шығуы жоқ елдердің ауылшаруашылық және өнеркәсіптік тауарлары бойынша нарыққа кіру мәселелеріне халықаралық сауда келіссөздерінде ерекше назар аудару қажеттілігі талап ретінде тіркелді. Алматыда жасалған осы құжаттар кейіннен осы санаттағы елдердің мүдделерін қорғаудың негізгі халықаралық механизміне айналды.

Қ.Тоқаевтың осы конференцияны Алматыда жоғары деңгейде ұйымдастырып, оны нәтижелі аяқтауы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін айтарлықтай арттырды. Ел тек өз мәселесін ғана шешіп қоймай, ұқсас жағдайдағы басқа мемлекеттердің мүддесін де жақтайтынын дәлелдеді.

Брюссельдегі мәлімдеме: Қазақстан қандай ұстаным ұсынды?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық белсенділігі ядролық қарусыздану мен дамушы елдердің мәселелерімен шектелген жоқ. Ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі дипломатиялық жұмысқа да белсенді қатысты. 2006 жылдың желтоқсанында Брюссельде өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының он төртінші Министрлер кеңесінде Қ.Тоқаев Қазақстанның ресми ұстанымын жеткізді.

Ол сол кеңесте Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын шынайы реформалауды қолдайтынын, ұйымды тиімді және тең мүмкіндіктер берілетін форумға айналдыру қажеттілігін ашық мәлімдеді:

«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы барлық қатысушы мемлекеттердің пікірі тиісінше ескерілетін тең құқықтар мен мүмкіндіктер форумы деп санаймыз».

Суық соғыс дәуірінен қалған стереотиптер мен тәсілдерден бас тарту, ұйымды бөлінушілік сызықтар мен алшақтықтың алдын алатын, барлық мүше мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенімділікті нығайтатын форумға айналдыру – Қ.Тоқаев Брюссельден жеткізген негізгі хабарлама осы болды.

Қ.Тоқаев сол кеңесте Қазақстанның 2009 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағалығына кандидатурасын да жария қорғады. Бұл өтініш кейіннен қабылданды: Қазақстан 2010 жылы ұйымды төрайымдады және Астанада ұйымның саммитін өткізді. Онжылдықтар бойы мұндай саммит болмаған еді. Сенат Төрағасы қызметіндегі Тоқаев 2008 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды – бұл Еуропалық парламенттік дипломатия деңгейіндегі жоғары мойындау еді.

Бейбітшілік – стратегиялық таңдау

Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық жолын жалпы бағалағанда, бір нәрсе анық байқалады: бұл жол бейбітшілікті жай ғана декларациялаудан емес, оны нақты іс-қимылмен қамтамасыз етуден тұрады. Ядролық қаруға қол қоймау туралы халықаралық шарттарды жасасу, қарусыздану форумын жетекшілеу, теңізге шығуы жоқ елдердің мүдделерін қорғайтын декларация дайындау, Еуропалық қауіпсіздік ұйымын реформалауды жақтау бұлардың барлығы бір ізді, бір мақсатты саясаттың буындары.
Бүгін, мемлекет басшысы ретінде, Президентіміз  осы жол-жоралғысын жалғастырып келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне уақытша мүше болды, елдің бейбітшілік жөніндегі ұсыныстары жаһандық форумдарда тыңдалып жатыр. Нүктелі ядролық қарусыздандыру, диалогты қақтығыс орнына қою, ғаламдық мәселелерді бірлесіп шешу осы принциптер Қ.Тоқаевтың бүкіл мансабының өзегі болды.

Барлық жаңалық