Әлемдік экономика ұзақ уақыт бойы табысты ІЖӨ өсімі, инфляция, пайыздық мөлшерлемелермен өлшеп келді. Бірақ кейінгі жаһандық зерттеулер бұл көрсеткіштер өмір сапасын толық ашпайтынын көрсетті, деп жазады Ozgeris.info.
ЕconomyKZ порталының тәуелсіз сарапшысы Диана Садуағасованың айтуынша, қазіргі әлемде өмір сапасын анықтайтын басты фактор біртіндеп өзгеріп келеді.
«Қоғамда адамдар бір-бірінен жақсылық күтетін елдерде өмір сапасы жоғарырақ, ал бақытсыздықтағы айырмашылық төменірек. Бұл соңғы жаһандық зерттеудің басты қорытындысы. Ол қамқорлық пен әлеуметтік байланысты толыққанды экономикалық фактор ретінде көрсетеді. Ұзақ уақыт бойы экономикада қарапайым түсінік үстем болды. Табыс артса, адам автоматты түрде бақытты болады деген ой. Бірақ бұл байланыстың да шегі бар екені енді анық сезіле бастады. Негізгі қажеттіліктер қамтамасыз етілгеннен кейін шешуші рөлді материалдық емес факторлар атқарады. Олар сенім, әлеуметтік байланыс, өзгеге көмектесу және әділеттілік сезімі. Дәл осы факторлар табыс деңгейі ұқсас елдердің бақыт көрсеткіштері неге мүлде әртүрлі болатынын түсіндіреді», дейді Диана Садуағасова.
Сарапшының сөзінше, әлемдегі ең бақытты елдердің тізімі соңғы жылдары көп өзгермей келеді. Солтүстік Еуропа елдері әдеттегідей алдыңғы орында. Бірақ елдердің ішінде басқа үрдіс күшейіп жатыр. Ең бақытты және ең бақытсыз елдер арасындағы айырмашылық он балдық шкала бойынша 6 балдан асады. Бірақ елдердің ішінде бақыттағы теңсіздік өсіп барады. Экономика тұрақты көрінсе де, өзін шетте қалғандай сезінетін адамдар саны көбейіп келеді. Зерттеулердің маңызды тұстарының бірі адамдардың қоғам туралы ішкі сенімі екені айтылып отыр.

«Айналасындағылар көмектесуге дайын деп сенетін адам өзін әлдеқайда бақытты сезінеді. Бұл табыс немесе медициналық қолжетімділік өзгермеген жағдайда да жұмыс істейді. Қамқорлықты күту үрейді азайтады, қауіпсіздік сезімін арттырады және өмірді болжамды етеді. Бұл сенімнің нақты өмірде де бар екенін қарапайым тәжірибелер көрсеткен. Жоғалған әмияндарға қатысты тәжірибелер адамдар ойлағаннан әлдеқайда жиі әмиян қайтарылатынын көрсетті. Қоғам шын мәнінде адамдар елестеткеннен мейірімді. Бірақ осы шындық пен адамдардың ішкі күтуі арасындағы алшақтық бақытты төмендетеді. Адамдар деректерге емес, күңгірт әлем бейнесіне сүйеніп өмір сүреді», дейді сарапшы.
Қамқорлықтың әсері тек көмекті алған адамға ғана емес, көмектескен адамға да тиеді. Бірақ бұл әрдайым бірдей нәтиже бермейді.
Көмек ерікті, саналы және нақты нәтиже берген жағдайда ғана адамның өміріне мән қосады. Ал мәжбүрлі немесе формалды көмек ондай әсер бермейді.
«Пандемия кезеңі бұл құбылысты айқын көрсетті. Дағдарыс кезінде адамдар бір біріне бұрынғыдан көп көмектесті. Ақша да, уақыт та көбірек бөлінді. Бұл толқын пандемия аяқталған соң толық жоғалып кеткен жоқ. Қазірдің өзінде өзара көмек деңгейі бұрынғыдан жоғары. Бұл әлеуметтік капиталдың тіпті қиын кезеңде де өсе алатынын көрсетті. Дегенмен бұл үрдіс барлық елде бірдей емес. Мемлекеттік институттары мықты, әлеуметтік қорғау жүйесі дамыған елдерде жеке қайырымдылықтың рөлі төмен. Себебі қамқорлық жүйенің өзіне енгізілген. Ал әлеуметтік қолдауы әлсіз елдерде жеке көмек негізгі олқылықтарды толтырады. Бірақ бір заңдылық бәріне ортақ. Өзара қолдау сезімі жоғары болған сайын орташа бақыт деңгейі де жоғары болады», дейді сарапшы.
Зерттеулерде жалғыздық мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
Жалғыз тұратын адамдар барлық мәдениет пен табыс деңгейінде төмен бақыт көрсетеді. Бұл әмбебап заңдылық. Бірақ отбасы шексіз үлкейген сайын бақыт та өседі деу дұрыс емес. Белгілі бір деңгейден кейін керісінше қысым күшейеді. Әсіресе жастарға қатысты деректер алаңдатады.

«Жас адамдардың барған сайын көбі қиын сәтте сүйенетін ешкімі жоқ екенін айтады. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары шамамен 40 пайызға артқан. Олар айналасындағыларды шын мәнінде барынан суық деп қабылдайды. Соның салдарынан байланыстан қашып, ақырында шынайы жалғыздыққа тап болады. Бұл жағдайдың салдары тек эмоциямен шектелмейді. Жалғыздық депрессияның өсуімен, еңбек өнімділігінің төмендеуімен және әлеуметтік шығындардың артуымен байланысты. Үмітсіздіктен болатын өлімдер де осы ортада жиірек кездеседі. Ал қоғамда өзара көмек жоғары болған сайын мұндай көрсеткіштер төмендейді», деп атап өтті ол.
Сарапшы бұл үдерістердің саясатқа да әсер ететінін айтады. Өміріне қанағаттанбаған адамдар жүйеге қарсы дауыс беруге бейім болады. Бірақ қарсылықтың бағыты сенім деңгейіне байланысты. Сенімі төмен адамдар радикалды күштерге, ал сенімі жоғары адамдар басқа баламаларға жақындайды. Ақша тақырыбына келсек, Диана Садуағасова көмектің тиімділігін тек қаржымен өлшеу жеткіліксіз екенін айтады. Қайырымдылықты әл ауқат бірліктерімен өлшеуге болады. Әртүрлі көмектің тиімділігі ондаған, тіпті жүздеген есе айырмашылық береді. Ең жоғары нәтиже беретін бағыттардың бірі – психикалық денсаулықты қолдау. Қорытындысында ол экономикалық дамуға деген көзқарас өзгеруі тиіс екенін айтады.
«Өндіріс пен табыстың өсуі маңызды. Бірақ олар тұрақты әл ауқат үшін жеткіліксіз. Сенім, әлеуметтік байланыс және қамқорлық капитал мен еңбек сияқты нақты ресурсқа айналды. Мұны елемеген елдер жақсы макроэкономикалық көрсеткіштерге қарамастан тұрақсыздыққа тап болуы мүмкін. Қазіргі әлем бақыттың жаңа формуласын ұсынып отыр. Ақша әлі де керек. Бірақ енді ол жалғыз өлшем емес. Қамқорлық, сенім және бір бірінен жақсылық күту қоғамның тұрақтылығы мен болашағын айқындайтын басты факторға айналып келеді», дейді Диана Садуағасова.