Алматы қаласында қоғамдық көлікте шетел азаматына жасалған шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты КазТАГ сайтына сілтемемен.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада маршруттық автобустардың бірінде болған бұзақылық әрекет анық көрінеді. Аталған бейнематериалға байланысты құқық қорғау органдары жедел түрде тексеру және іздестіру шараларын бастаған.
Тексеру барысында оқиғаның 18 желтоқсанда болғаны белгілі болды. Алайда бұл дерек бойынша полиция органдарына сол сәтте ешқандай арыз немесе хабарлама түспеген.
«Қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дер кезінде шара қабылдап, құқық бұзушыны автобустан түсірген. Соған қарамастан, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің “Бұзақылық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар автобуста болған шетел азаматының және басқа да жолаушылардың жеке тұлғалары анықталуда.
Полиция өкілдері қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын, қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытатын, сондай-ақ жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына қайшы келетін әрекеттер үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.