Аймақ

Атырауда көкөніс теруге 500-ден астам шетелдік жұмысшы келді

Атырауда көкөніс теруге 500-ден астам шетелдік жұмысшы келді

Атырауда жаздың ең қызу кезеңі басталды. Далада қауын-қарбыз, сәбіз бен қызанақ теріліп жатыр. Биылғы егістік көлемі былтырмен салыстырғанда бір жарым есеге артқан. Ал оны жинауға 501 шетелдік маусымдық жұмысшы жұмылдырылған.

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтың айтуынша, биыл 8 735 гектардан астам жерге көкөніс пен бақша өнімдері егілген. 

«Биыл көктемгі дала жұмыстары мерзімінде, талапқа сай аяқталды. Шаруаларға мемлекеттен көрсетілген қолдау мен олардың еңбегі нәтижесін бере бастады. Егістік көбейді, енді оны дер кезінде жинау керек. Сондықтан маусымдық жұмысшыларға деген сұраныс жоғары болды. Комиссия шешімімен 670 шетелдік жұмысшыға квота бөлінді, 1 шілдедегі жағдай бойынша 501 адам еңбекке тартылды»,  дейді Қапанов.

Қазір даланың қызған шағы. Шетелдік жұмысшылар бақшада қарбыз теріп, көкөніс қаптап, күн астында еңбек етуде. Олар терген өнімнің алғашқы легі де белгілі болды: 435 гектар алқаптан 6 940 тонна өнім жиналған. Бұдан бөлек, 300 гектар жерден 1 680 тонна мал азығы дайындалған.

Айта кетейік, дәл осы кезеңде қала тұрғындары сәбіз, пияз, қант пен тұз бағасының құбылып тұрғанына шағымданған еді. Шенеуніктердің айтуынша, көкөніс мол болған сайын баға да тұрақтанады. Бірақ бәрі – өнімді дұрыс жинап, сақтап, нарыққа уақытылы жеткізе алуға байланысты.

 

Барлық жаңалық