Атырау облысы

Атырау облысында 61 жастағы ер адам жұмбақ жағдайда жоғалды (ФОТО)

Атырау облысында 61 жастағы ер адам жұмбақ жағдайда жоғалды (ФОТО)

Атырау облысында 61 жастағы аңшы Сабиров Өтебайдың жоғалғанына бесінші күн болды. Оны іздеуге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полиция, еріктілер, сондай-ақ бейжай қарамайтын тұрғындар жұмылдырылды деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Алайда жоғалған азаматтың туыстары оның жоғалуына бірге жүрген серіктерінің қатысы болуы мүмкін деп күмән келтіріп отыр. Олардың айтуынша, аңшылар оқиғаның қалай өрбігенін әртүрлі баяндап, бағыт пен уақытқа қатысты бірізділік сақталмай отыр.

 

Сабиров Өтебай 14 желтоқсан күні Жылыой ауданына аңшылыққа кеткен. Ол жолдастарымен бірге өзінің УАЗ көлігімен және «Нива» автокөлігімен жолға шыққан. Жол үстінде УАЗ көлігі бұзылып, барлығы «Ниваға» мініп, қосалқы бөлшек алу үшін жақын маңдағы Доссор елді мекеніне барған. Кейін аңшылық аймағына қайта оралып, көлікті жөндеумен айналысқан.Серіктерінің айтуынша, түскі астан кейін Өтебай мылтығын алып, аң аулауға кеткен. Ұялы телефонын өзімен бірге алмаған. Біраз уақыттан соң ер адам қайтып оралмай, жолдастары өз бетінше іздеу жұмыстарын бастағанымен, нәтиже болмаған.

 

Жоғалғаны туралы хабар құқық қорғау органдарына тек 15 желтоқсан күні кешкісін, яғни бір тәуліктен астам уақыт өткен соң ғана берілген. Осыдан кейін іздеуге полиция мен ТЖД күштері тартылды.Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, іздестіру жұмыстары Жылыой ауданындағы Ботахан кен орны маңындағы далалық аумақта жүргізіліп жатыр. Іздеуге құтқарушылар, арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараты мен тікұшақ жұмылдырылған.

 

16 желтоқсан күні Ботахан кен орнынан шамамен 30 шақырым қашықтықта иесіз тұрған УАЗ автокөлігі табылған.

 

Жоғалған азаматтың қызы Ассылай әлеуметтік желілерде әкесін іздеуге көмек сұрап үндеу жариялап жүр. Оның айтуынша, бірге болған аңшылар жүріп өткен бағытты әртүрлі айтып, оқиғаның хронологиясына қатысты сұрақтар туындатуда.

 

«Олар тек Ботахан маңында ғана емес, Қаратон кенті аумағында да болғандарын айтты. Бұл жағдай уақыт пен бағытқа қатысты күмәнді күшейтеді», – дейді ол.

 

Іздестіру жұмыстары басталғалы бірнеше күн өтсе де, жаяу жүрген аңшы әлі табылған жоқ. Дегенмен құзырлы органдар іздеу мен жедел-іздестіру шараларын жалғастырып жатыр. Атырау қаласы мен облыстың өзге аудандарынан іздеуге көмектесемін деушілердің қатары күн санап артуда, алайда әзірге нәтиже жоқ.

 

Барлық жаңалық