💰 Экономика

Аспаннан ақша жауса не болады?

Аспаннан ақша жауса не болады?

Әлеуметтік желілерде соңғы кезде «Қазақстан бай мемлекет болса, неге мұнай мен ураннан түскен ақшаны халыққа тікелей таратып бермейді?» деген пікір жиі айтылады. Бір қарағанда бұл әділ ұсыныс сияқты көрінеді. Расында, табиғи ресурстан түсетін табыс халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсалуы керек деген ой көпшілікке түсінікті. Алайда қаржыгерлер мұндай қадамның экономика үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін айтады. Қаржы сарапшысы Тұрар Әбді мұнайдан түскен табысты халыққа тікелей тарату мәселесіне қатысты пікір білдіріп, оның қауіпті тұстарын түсіндірді, деп жазады Ozgeris.info.

Сарапшының айтуынша, мемлекет әр азаматтың шотына ай сайын қомақты қаржы аударып отырса, алғашқы сәтте халықтың сатып алу мүмкіндігі күрт өседі. Адамдар азық-түлік, техника, киім-кешек пен тұрғын үй алуға жаппай кіріседі. Сырттай қарағанда экономика қыза түскендей әсер қалдырады. Бірақ мәселенің екінші жағы бар.

«Елдегі тауар көлемі шексіз емес. Халықтың қолына ақша түсті екен деп зауыттар бірден екі есе көп өнім шығара алмайды. Фермерлер бір күнде мал басын көбейтпейді. Дүкендердегі тауар қоры да шектеулі. Сұраныс күрт артқанда кәсіпкерлер мен өндірушілер бағаны көтере бастайды. Өйткені нарықтағы негізгі заңның бірі – сұраныс көбейсе, баға өседі», дейді Тұрар Әбді.

Скачать картинки Доллар подарок, стоковые фото Доллар подарок в хорошем  качестве | DepositPhotos

Демек мұндай жағдайда халыққа берілген ақша тез арада құнсызданады. Бастапқыда 200 мың теңгеге толық азық-түлік себетін алуға мүмкіндік болса, біраз уақыттан кейін сол ақшаға бірнеше ғана өнім сатып алуға тура келеді. Мемлекет халықтың табысын сақтау үшін тағы да көбірек ақша таратуға мәжбүр болады. Ал бұл инфляцияны одан әрі үдетеді. Қаржыгер мұндай құбылыстың соңы гиперинфляцияға алып келуі мүмкін екенін айтады. Яғни, ақша көлемі көбейгенімен, оның сатып алу қабілеті төмендей береді.

«Әлеуметтік төлемдер бағаның өсуіне ілесе алмай қалады. Нәтижесінде ақша кәдімгі қағазға айналады. Ұзақ мерзімде халық байымайды, керісінше кедейлене түседі. Өйткені экономика нақты өндіріс пен қызмет көлемінің өсуі арқылы ғана күшейеді, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақты мерзімінен бұрын шешіп алуға рұқсат берілген кезде тұрғын үй нарығында үлкен өзгеріс болды. Сол уақытта нарыққа қысқа мерзімде көп көлемде ақша түсті. Нәтижесінде құрылыс компаниялары мен пәтер сатушылар бағаны бірден көтерді. Тұрғын үй бірнеше айдың ішінде айтарлықтай қымбаттады. Зейнетақы жинағы жоқ азаматтар үшін баспана бұрынғыдан да қолжетімсіз болып қалды. Бұл – нарыққа ұсыныс көлемі артпай тұрып, ақша массасының күрт көбеюі нені көрсететінінің нақты мысалы», дейді ол.

Әлеуметтік желіде мұндай пікірталастар кезінде «мемлекет бағаны қатырып қойсын» деген ұсыныстар да жиі айтылады. Алайда сарапшы мұндай тәсілдің де қауіпті екенін жеткізді.

«Егер мемлекет еттің бағасын күшпен төмендетіп қойса, фермерлерге өнім өндіру тиімсіз болып қалады. Өйткені жем-шөп, жанармай, логистика және жұмыс күші қымбат. Өндіріс азаяды, тапшылық пайда болады. Ал тауар көлеңкелі нарыққа кетеді. Сонда халық өнімді ресми бағадан да қымбатқа сатып алуға мәжбүр болады», дейді қаржыгер.

Packs of dollars on white background. 3d | Premium Photo

Сонымен қатар сарапшы мемлекет мұнайдан түскен табысты халыққа мүлде бермейді деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, бұл қаражат тікелей қолма-қол ақша түрінде емес, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар арқылы бөлінеді.

«Жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін табыс пен Ұлттық қор қаржысы білім беру, әлеуметтік төлемдер және инфрақұрылым арқылы халыққа қайтады. Тегін орта білім беру жүйесі, университет гранттары, зейнетақы, декреттік төлемдер, жәрдемақылар, жол салу, мектеп пен аурухана құрылысы – мұның бәрі сол қаржының есебінен жүзеге асады. Ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар мен коммуналдық тарифтерді ұстап тұру шаралары да халыққа жанама қолдау болып саналады. Сонымен бірге «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы арқылы инвестициялық табыстың бір бөлігі балалардың есепшотына аударылып жатыр», дейді Т.Әбді.

Қаржыгер Қазақстан экономикасында шешілмеген мәселе көп екенін де жасырмайды. Оның пікірінше, бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы мен инфляция халықтың қалтасына салмақ түсіріп отыр. Дегенмен ол «тегін ақша тарату» экономиканы құтқаратын жол емес екенін айтады. Шынайы әл-ауқат ақша басып шығарудан емес, нақты өндірістің өсуінен қалыптасады. Ел көбірек өнім өндіріп, бизнес дамып, қызмет көрсету көлемі артқанда ғана халықтың тұрмысы жақсарады.

 

Барлық жаңалық