Талғар ауданындағы Нұра ауылында орын алған бұл жантүршігерлік оқиға қоғамның зәресін ұшырып, ауылдағы жастар арасындағы қылмыстың асқынып кеткенін көрсетті. Журналист Нұртай Лахан бөліскен бұл ақпарат тек бір отбасының қасіреті емес, бүкіл ауылдың, тіпті қоғамның үлкен дертіне айналып отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Талғар ауданына қарасты Нұра ауылында кісі өлімімен аяқталған қайғылы жағдай орын алды. Журналист Нұртай Лаханның мәліметінше, марқұм небәрі 20 жастағы жігіттің қолынан қаза тапқан. Оқиға түнгі сағат бір шамасында, марқұм інісімен бірге әкесінің басына барып, Құран оқып қайтқан сәтте болған.
Жолда көлігінің есіктерін айқара ашып, жолды бөгеп тұрған үш жігітке марқұм: «Есікті жабыңдар, өтіп кетейік», — деп өтініш айтқан. Алайда бұзақылар дөрекі жауап қайтарып, артынша жігітті үйіне дейін қуып келген. Көліктен түсе берген сәтте үшеудің бірі ешбір сөзге келместен, екі қолындағы қос пышақты жігіттің қос өкпесіне қатар сұғып алған.
Бұл оқиға Нұра ауылындағы қордаланған қауіптің бетін ашты. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ауылда мектеп оқушыларының өзі пышақ асынып жүруді «әншейін іс» көретін болған. Тіпті бұған дейін де оқушы қыздың санына пышақ сұғу, балалардың бір-бірінен қашып жан сауғалауы сияқты сұмдықтар жиілеген.
Өкініштісі, мұндай жағдайлар ауылдың ортақ чаттарында жазыла қалса, қорқыту-үркіту арқылы дереу өшіріліп отырған. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалған бұл мәселелер ақыры соңы қанды қылмысқа әкеп соқты.
Марқұмның артында бір жасқа енді толған екі шырылдаған қызы қалды. Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр, ал ауыл халқы кінәлілердің қатаң жазалануын және мектеп қабырғасындағы заңсыздықтардың тоқтатылуын талап етуде.