💰 Экономика

Әр оныншы адам несиесін несиемен жауып жүр

 Әр оныншы адам несиесін несиемен жауып жүр

Қазақстанда несие бұрынғыдай тек ірі сатып алуға арналған қаржы құралы емес, күнделікті тұрмыстың бір бөлігіне айналып барады. Бірі тұрмыстық техника алады, енді бірі үйін жөндейді, тағы бірі айлыққа дейін жетпеген ақшаның орнын толтыруға мәжбүр. Алайда алаңдатарлық бір жайт бар: бүгінде әр оныншы қазақстандық бұрынғы қарызын жабу үшін қайтадан несие рәсімдейді, деп жазады Ozgeris.info.

Demoscope мониторингтік бюросы жүргізген әлеуметтік зерттеу елдегі несие мәдениетінің қазіргі көрінісін ашып берді. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, тұрғындардың 39,7 пайызында бір ғана несие бар. Ал 33 пайызы бірнеше қарызды қатар төлеп жүр. Респонденттердің 27 пайызы қазіргі уақытта ешқандай несие міндеттемесі жоқ екенін айтқан.

Зерттеу көрсеткендей, қазақстандықтар арасында ең кең таралған қаржы өнімі – тұтынушылық несие. Қарыз алушылардың 70,4 пайызы осы санаттағы несиені пайдаланған. Сонымен қатар азаматтардың 45,7 пайызы тауарды бөліп төлеу қызметіне жүгінетінін мәлімдеген.

Несие тек банкпен шектелмейді. Сауалнамаға қатысқандардың 22,1 пайызы туыстарынан, достарынан немесе ломбардтан қарыз алғанын айтқан. Автонесие төлеп жүргендердің үлесі 14,4 пайыз болса, ипотекалық несиесі бар азаматтар 13 пайызды құрады.

Ең қызығы, халықтың қарыз алу себептері қандай?

Бірінші орында тұрмыстық техника тұр. Респонденттердің 24,2 пайызы несиеге тоңазытқыш, кір жуатын машина, теледидар секілді тұрмыстық заттар сатып алған. Бұл көрсеткіш қазақстандықтардың басым бөлігі несиені инвестиция немесе бизнес емес, ең алдымен тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланатынын аңғартады.

Екінші орында баспана салу немесе жөндеу жұмыстары тұр. Азаматтардың 18,9 пайызы тұрғын үй мәселесін шешу үшін қарыз рәсімдеген. Ал үшінші орында – күнделікті қаржы тапшылығы. Сауалнамаға қатысқандардың 17,4 пайызы жалақыға дейін ақша жетпегендіктен несие алуға мәжбүр болғанын айтқан.

Автокөлік сатып алу үшін қарыз алғандардың үлесі 13,7 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш көлік нарығындағы несиелеудің әлі де жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Алайда ең алаңдатарлық дерек басқа. Респонденттердің 9,4 пайызы бұрын алған несиесін жабу үшін жаңа несие рәсімдегенін мойындаған. Яғни әр оныншы адам бір қарызын екінші қарызбен өтеп жүр. Қаржы сарапшылары мұны қарыз жүктемесінің артып келе жатқанын білдіретін маңызды белгі деп санайды. Өйткені мұндай тәжірибе уақыт өте келе берешек көлемін ұлғайтып, азаматты қаржылық тығырыққа тіреуі мүмкін.

Бұдан бөлек, азаматтардың 8,2 пайызы емделу шығындарын өтеу үшін несие алған. Денсаулық сақтау саласындағы шығындардың отбасылық бюджетке түсіретін салмағы осы көрсеткіштен-ақ байқалады.

Ал бизнесті дамыту үшін қарыз алғандардың үлесі небәрі 7,8 пайыз болды. Бұл халықтың басым бөлігі несиені табыс әкелетін жобаға емес, тұтынушылық мақсатқа жұмсайтынын көрсетеді.

Сауалнамаға қатысқандардың 6,7 пайызы отбасылық маңызды шараларға байланысты несие рәсімдеген. Оның ішінде той өткізу, мерейтой ұйымдастыру немесе басқа да салтанатты іс-шаралар болуы мүмкін. Сонымен бірге 6,6 пайыз респондент оқу ақысын төлеу үшін қарыз алғанын айтқан.

Ал демалыс пен саяхатқа несие рәсімдейтіндердің үлесі салыстырмалы түрде төмен – 3,4 пайыз.

Жалпы зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың қарызды көбіне тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу құралы ретінде пайдаланатынын көрсетті. Сонымен қатар әр оныншы адамның бұрынғы несиесін жаңа қарызбен жабуы халықтың қаржылық тұрақтылығы мәселесі әлі де өзекті екенін аңғартады.

 

Барлық жаңалық