Күні кеше қазақтың біртуар перзенті, ақиқаттың алдаспаны болған ақиық ақын Мұхтар Шаханов өмірден озды. Қоғам белсендісі Бекжан Базарбек марқұмның рухына тағзым ете отырып, ақынның ұлт үшін жасаған төрт үлкен ерлігін еске салды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Ақынның қадіріне тірісінде толық жете алмадық деген автор, Мұхтар Шахановтың тарихта қалған мынадай 4 басты еңбегін атап өтті:
Біріншісі – Арал тағдыры. 1988 жылы Арал мәселесін Американың Атланта қаласында дүниежүзілік деңгейде көтерген бірден-бір тұлға — осы Мұхтар Шаханов.
Екіншісі – Желтоқсан шындығы. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ жастарын билік «ұлтшыл» деп бірбеткей қаралап жатқан кезде, мінберден қаймықпай сөйлеп, өз ұлтын қызғыштай қорғаған — осы Мұхтар Шаханов.
Үшіншісі – Наурыздың оралуы. КСРО кезінде Наурыз мерекесіне қатаң тыйым салынған тұста, билікпен тіресіп жүріп, 62 жылдан кейін қазақтың төл мерекесін қайтаруға мұрындық болған да Мұхтар Шаханов.
Төртіншісі – Мемлекеттік тіл мәртебесі. 1989 жылы Жоғарғы Кеңес депутаттары қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе береміз деп жатқан кезде, бұл мәселені қайта дауысқа салдыртып, қазақ тілінің жеке дара Мемлекеттік тіл болуына тікелей себепші болған осы Мұхтар Шаханов еді.
«Әкімді көрген кезде құрметтейді, ақынды өлген кезде құрметтейді» демекші, ақынның өзі көзі тірісінде мына бір өлең жолдарын жазып кеткен екен:
Жайшылықта айырмасақ ақ-қараны, Сыпсың сөздер бір сәтке тоқталады.
Тоз-тоз болған ағайын басын қосып, Ертең мені жерлеуге алып барады.
Намыстының өлімі ойландырсын, Босқа төккен қалың жұрт қайран күшін.
Мені жерлеп жатқанда өз ұлтының, Бір үмітін көмерін қайдан білсін...
«Қазақтың біртуар азаматынан, алып бәйтерегінен айырылдық. Тұлғаларымызды тірісінде дәріптеп, ешқашан жадымыздан шығармайық. Баршаңызға саналы қоғам тілеймін», — деп түйіндеді Бекжан Базарбек.