Қаржы туралы айтқанда көп адам «табыстың 10%-ын жина» деген кеңесті естиді. Бұл кеңес жиі айтылады, есте сақтауға оңай әрі адамға ақшасын бақылап отырғандай әсер береді. Бірақ инвестор Аман Әлімбаевтың пікірінше, бұл тәсіл әр адамға бірдей сай келе бермейді. Өйткені өмірдегі табыс пен шығын әр кезеңде әртүрлі болады, деп жазады Ozgeris.info.
Табыстың 10%-ын жинау қаржылық тәртіптің әмбебап стандарты сияқты көрінеді. Ол адамға бақылау бар деген сезім береді. Бірақ шын мәнінде дұрыс қаржылық шешімдер адамның нақты өмір жағдайын ескергенде ғана тұрақты нәтиже береді. Өмір бойы табыс пен шығын әртүрлі бағытта қозғалады. Жастық шақта адамның табысы көбіне жоғары болмайды. Ал шығын өте көп болады. Оқу ақысы, отбасы, баспана, көшу, емделу сияқты қажеттіліктер қатар жүреді. Осындай кезде әрбір жиналған 10 мың теңге оңайлықпен келмейді. Ол көбіне күнделікті өмір сапасынан үнемдеу арқылы жиналады.
«Бұл уақытта өзіңе салынған инвестиция білім алу, тәжірибе жинау, байланыс орнату көбіне акция сатып алғаннан да жоғары пайда береді. Уақыт өте келе адам кәсіби тұрғыдан өседі. Жұмыс тәжірибесі артады. Табыс көбейе бастайды. Бір кезеңде кіріс негізгі қажеттіліктерден асып түседі. Дәл осы шақта жинақ пен капитал қалыптасады. Өйткені табыс пен шығын арасындағы айырмашылық ең жоғары деңгейге жетеді. Ақшаның шекті пайдасы бар. Әрбір келесі сома алдыңғысындай пайда әкелмейді», дейді.

Ол мұны нақты мысалмен көрсетеді. Алғашқы 500 мың теңге адамның негізгі қажеттілігін жабады. Келесі 500 мың теңге өмірді жайлы етеді. Ал одан кейінгі 500 мың теңге тек аз ғана қосымша әсер береді. Бұл сома адамның бақыт деңгейін айтарлықтай өзгертпейді. Егер адамның табысы 500 мың теңге болса, сол ақшадан 10% жинау базалық қажеттіліктерден үнемдеу арқылы ғана мүмкін болады. Ал табыс 1,5 млн теңгеге жеткен кезде адам бұрынғыдай 10% емес, одан да көп жинай алады. Себебі тұрмысқа түсетін салмақ азаяды. Инвестор мұны былай түсіндіреді:
«Табыс артқан сайын бюджетке түсетін қысым азаяды. Сондықтан жинақтың үлесі де өсуі керек. Ол 20% немесе 30% болуы мүмкін. Табысы төмен кезде әрбір теңге адамның күнделікті өміріне қатты әсер етеді. Ал табыс жоғарылаған сайын белгілі бір бөлікті жинаққа бөлу тұрмыс сапасын төмендетпейді. Сондықтан табыс өскен сайын жинақ үлесін арттыру экономикалық тұрғыдан негізді. Осыдан мынадай логика шығады. Маңыздысы қазір өзіңді қыспаққа алу емес. Маңыздысы өмір бойы табысты дұрыс теңестіріп отыру. Яғни, тұтынуды өмір кезеңдеріне қарай реттеу. Мақсат қазіргі өмірден бас тарту емес. Мақсат өмір бойы тұтынуды теңестіру», дейді А.Әлімбаев.
Көп адамға нақты бір пайыз қою оңай көрінеді. Мысалы, әрқашан 10%-ын жинау. Бірақ икемді жүйе әлдеқайда тиімді. Ол адамның жасы мен табысына қарай бейімделеді. Инвестор мынадай қарапайым тәсілді ұсынады. Біріншіден, қазіргі өмір деңгейіңізге сай пайызды таңдаңыз. Екіншіден, сол соманы жинақ пен инвестицияға аударуға еске салғыш қойыңыз. Үшіншіден, табыс артқан сайын бұл соманы көбейтіп отырыңыз. Мұндай тәсіл тұрақтылықты сақтайды. Ақша да реттеледі. Өмір де тепе тең болады. Сонымен қатар бұл әдіс 35 пен 55 жас аралығындағы адамдарға ерекше маңызды.

«Егер осы кезеңде табысыңыз жақсы болса, 10% емес, одан да көп жинау керек. Себебі бұл табыстың ең жоғары шағы. Бұл уақытты өткізіп алмау қажет. Неге адам табысы артқан сайын шығынын да бірге көбейтеді? Неге бұрынғы қарапайым өмір деңгейін ұстап тұру қиын болып кетеді? Бұл сұрақ әр адамға ой салады. Себебі қаржылық тұрақтылық табыстың көлеміне емес, оны қалай басқаруға байланысты. Ақшасын саналы жоспарлаған адам ғана болашағына сенімді қадам жасай алады», дейді.