Ақтөбеде қайғылы жағдай орын алды – көпбалалы әйел өз үйінен өлі күйінде табылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, шақырту аса шұғыл санат бойынша түскен. Дәрігерлер келген сәтте әйел жатын бөлмеде еденде жатқан, тіршілік белгілері болмаған. Оның жолдасы таңғы сағат тоғыз шамасында әйелін асулы күйінде тауып алып, дереу жіптен шешіп, диспетчердің нұсқауымен жүрек-өкпе реанимациясын жүргізген. Ер адамның айтуынша, соңғы уақытта жұбайының жүйкесі сыр беріп, күйзеліске түскені байқалған.
Қайтыс болған әйелдің жасы шамамен 35-те екені анықталды. Полиция бұл деректі растады.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Марқұмның артында төрт кәмелетке толмаған баласы қалғаны белгілі болды.