Ақтөбеде ойын-сауық орталығында бес жастағы қыз бала ауыр жарақат алды. Оқиға кезінде бүлдіршіннің қолының бас бармағы үзілген деп хабарлайды ozgeris.info сайты 31 каналға сілтеме жасап.
Қыз ата-анасымен бірге Қобда ауданынан қалаға қыдырып келген. Балаларға арналған ойын аймағында әпкесімен жүрген Аяла темір құбырға жармасқан кезде саусағы қозғалып тұрған тізбекке қысылып қалған. Соның салдарынан саусақ үзіліп кеткен. Бүлдіршін жедел түрде ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, жарақат тым ауыр болғандықтан, үзіліп кеткен саусақты қайта тігудің ешқандай мүмкіндігі жоқ.
Қыздың анасы Алтын Шалабаева бұл қайғылы жағдайға орталық әкімшілігін кінәлайды. Ол жерде қауіпсіздік ережелері сақталмағанын, қорғаныс құралдары орнатылмағанын және қызметкерлердің балаларға назар аудармағанын айтады.
Полиция оқиғаға байланысты «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бабымен қылмыстық іс қозғады. Ал орталық өкілдері баспасөзге түсініктеме бермей, тілшілерді ішке кіргізбеген.