Ақтөбе қаласы

Ақтөбеде көзінен айырылған жасөспірімнің ісі қайта қаралуда

Ақтөбеде болған төбелес салдарынан көзінен ауыр жарақат алған 16 жастағы жасөспірімнің туыстары істің әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Жетінші арнаға сілтеме жасап.

 

Телеарнаның мәліметінше, оқиға түнгі уақытта орын алып, бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрдан жасөспірім Темірлан Мырзабайдың қатарластарының шабуылынан қорғанып жатқан сәті байқалады. Туыстарының айтуынша, оның бетіне қатты соққы тиген. Соққы салдарынан көзілдірігі сынған, ал әйнек бөлшегі көз жанарына кіріп кетіп, көру қабілетіне айтарлықтай зиян келген.

 

Темірлан – джиу-джитсу спортымен айналысқан жасөспірім. Алайда жарақаттан кейін ол оқуын да, спорттық жаттығуларын да жалғастыра алмай отыр. Алда оған ұзақ уақыттық оңалту мен күрделі операция қажет.

 

Жәбірленушінің туыстарының сөзінше, іс алғашында екі баппен – «Бұзақылық» және «Орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру» бойынша қозғалған. Бірақ кейін полиция «Бұзақылық» бабын жауып тастаған. Енді олар екінші баптың да жеңіл түрге ауысып кетуінен алаңдаулы.

 

– «Дәрігерлер операциядан кейін көру қабілетінің тек 15 пайызын ғана қалпына келтіре алды. Осыны “жеңіл жарақат” деуге бола ма? Бұл – анық қылмыс. Сондықтан біз істі қайта ашуды және сараптаманы қайта тағайындауды талап етеміз», – дейді жәбірленушінің жақындары.

 

Ал Ақтөбе облыстық Полиция департаменті өкілдері қазір істі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

 

– «Қосымша сараптамалар тағайындалды. Нәтижесіне сәйкес заңды шешім қабылданады», – деді ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Барлық жаңалық