Ақтөбе қаласы

Ақтөбеде дәрігердің өлімі: марқұмның денесін тоңазытқышта сақтаған әріптесінің соты басталды

Ақтөбеде дәрігердің өлімі: марқұмның денесін тоңазытқышта сақтаған әріптесінің соты басталды

Ақтөбеде дәрігердің өліміне қатысты сот процесі басталды. ktk.kz таратқан ақпаратқа сәйкес, алғашқы тыңдалымда марқұмның денесі күдіктінің үйіндегі тоңазытқышта екі тәулік бойы сақталғаны белгілі болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

Бұл қанды оқиға төрт ай бұрын орын алған. 23 мамырда аймаққа танымал нефролог Абай Айсағалиев жоғалып кеткені хабарланып, іздеу жарияланды. Кейін оның әріптесі қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Тергеу деректеріне сүйенсек, 31 жастағы күдікті дәрігердің банктік шотында ірі көлемде ақша барын біліп, алдын ала қастандық жоспарлаған. Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, банк карталары мен қосымшаларының құпия деректерін игерген.

 

Қаскөй түн ішінде Айсағалиевтің үйіне барып, бірнеше рет пышақ салып, балтамен ұрған. Кейіннен оның банктік картасын, электронды құрылғыларын және екі iPhone телефонын иемденіп кеткен. Шоттан 5 миллион теңгеден астам қаржыны шешіп алу үшін бетін жасырып, маска киген.

 

Марқұмның денесін күдікті алдымен тоңазытқышта сақтап, кейіннен техникасымен бірге жоймақ болған. Мемлекеттік айыптаушы Гүлзира Көшербаеваның айтуынша, 27 мамырда ол OLX қосымшасы арқылы жүк көлігін жалдап, тоңазытқышты гараж кооперативіне жеткізуді сұраған. Жүргізушіге ішінде ет бар деп түсіндіріп, ақшасын қолма-қол төлеген.

 

Сот процесі жалғасуда.

Барлық жаңалық