Ақтөбе қаласында сауда орталықтарының бірінде орналасқан бутиктен бірнеше iPhone смартфонын ұрлады деген күдікпен екі бойжеткен қолға түсті. Оқиға 28 желтоқсан күні болған деп хабарлайды Оzgeris.info.
Бейнебақылау жазбалары арқылы екі қыздың дүкен сөресіндегі смартфондарды жасырын алып кеткені анықталған. Үш күннен кейін олар сол дүкенге қайта оралып, сөре ашық тұрғанын пайдаланып, тағы бір қымбат телефонды алып кеткен.
Полиция мәліметінше, күдіктілер – 19 және 20 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғындары. Тергеу барысында олар кінәсін толық мойындап, ұрланған ұялы телефондарды ломбардқа өткізгенін, ал түскен қаражатты жеке мақсаттарына жұмсағанын айтқан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттер үшін заң аясында 7 жылға дейін бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салды.