Қоғам

Алимент құны бес тиын: Неге әкелер міндетін атқармайды?

Елімізде алимент қарызы соңғы жылдары қоғамдағы ең өткір әлеуметтік мәселелердің біріне айналды. Балалардың лайықты қолдау алуы тікелей ата-ананың жауапкершілігіне байланысты екенін бәрі білсе де, іс жүзінде бұл міндет жиі орындалмайды. Салдарынан жауапсыз әкелердің қарызы 18 миллиард теңгеге жетті. Бұл ретте қоғам белсенділері дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, аталмыш көрсеткіш шынайы жағдайды көрсетпейді. Сондай-ақ тиын төлеп, жауапкершіліктен қашып жүргендері қаншама. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді. 

Әділет министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, алимент қарызы 18 миллиард теңгеге жеткен. Сарапшылардың айтуынша, статистикаға тек үш айдан асқан берешектер ғана кіреді. Бір-екі айлық қарыздар немесе өте аз мөлшердегі төлемдер есепке алынбайды. 

«Кейбір борышкерлер айына 2000 теңге төлейді. Осы арқылы олар ресми түрде қашып жүргендер тізіміне ілінбейді. Ал шындығында, олар баланы асыраудан бас тартатындар», – дейді заңгер Саида Сүлейменова.

2016 жылы алимент бойынша жалпы қарыз көлемі 2 млрд теңгеге жуық болған. Ал қазір бұл көрсеткіш бірден өсіп, өткен жылы 43 млрд теңгеге дейін жеткен. Бүгінде жаңа есептеу әдістемесіне байланысты ресми құжаттарда 18 млрд теңге көрсетіліп отыр. Мамандардың айтуынша, бұған қарап жасырын қарыздардың көп екенін көруге болады. 

Бақылау жоқтың қасы 

Ата-аналардың алимент төлемеуі көбіне бақылаудың әлсіздігінен туындайды дейді сарапшылар. 

«Сот орындаушылары тарапынан бақылау жоқ. Ата-аналар қашады, себебі бұл оларға ыңғайлы. Статистика толық жүргізілмейді, ал жазалау шаралары таңдамалы түрде ғана қолданылады», – дейді заңгер.

Заңда төлемді мәжбүрлеудің түрлі тетіктері бар. Мысалы, елден шығуға тыйым салу, мүлікті тәркілеу, жүргізуші куәлігін тоқтату, тіпті әкімшілік қамауға алу. Бірақ бұл шаралар толық әрі жүйелі қолданылмайды. Заңгердің пікірінше, қазіргі жүйеде жауапкершіліктен жалтару өте оңай. Сот орындаушылары бақылауды толық жүргізбейді, ал қолданылатын жазалау шаралары ішінара ғана орындалады.

«Адам айына 2000 теңге төлесе болды, ол қашып жүргендер қатарына жатпайды. Сот орындаушылары осыны сылтау етеді», – дейді заңгер.

Сандық деректер

Әділет министрлігінің 2024 жылғы қаңтардағы ресми мәліметтеріне сәйкес, сот орындаушыларының өндірісінде 173 мың іс тұр. Шамамен 200 мың бала алимент алушы ретінде тіркелген. 17 мыңнан астам борышкер іздестірілуде, 5100 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 9 мыңнан астам борышкердің жүргізуші немесе басқа арнайы құқықтары шектелген, ал 14 мыңға жуық адам ресми жұмысқа орналастырылған. 

Кофе бағасымен тең алимент

Кейбір отбасыларда алименттің мөлшері өте күлкілі. Заңгерлер өз тәжірибесінде символикалық сомадағы төлемдер жиі кездесетінін айтады. 

«Бізде баланы асырауға бөлінген қаражат бір кофенің бағасымен тең. Ал мейрамханада ол бұдан да қымбат тұрады», – дейді заңгер. 

Мұндай жағдайдың басты себебі «сұр жалақы» мен жұмыс берушілермен жасырын келісімдер.

Алимент қоры керек пе?

Қазақстан Халық партиясы алимент қорын құру бастамасын он жылдан астам уақыт бойы көтеріп келеді. Партияның мәліметінше, мемлекет баланың құқығын қорғайтын болады. Сондай-ақ алиментті бірден төлейді, кейін бұл қаражатты борышкерден өндіріп алады. 

Алайда Үкімет бұл идеяны қолдамай отыр. Онсыз да бюджет тапшылығын көріп отырған мемлекет үшін бұл артық жүк, одан қала берді, халық ертең үкіметтің мойнына отырып алады деген қауіп бар. 

Депутат Магеррам Магеррамов биліктің позициясымен келіспейді. 

«Үкімет бұрмалап отыр. Шын мәнінде, қор ондайға жол бермейді. Қаражат міндетті түрде қайтарылады. Мұндай тәжірибе Германия, Польша, Эстонияда бар, тіпті кеңес дәуірінде де алимент қоры жұмыс істеген», – деді ол.

Борышкерлердің айласы 

Алимент төлемеудің кең тараған тәсілдері ретінде ресми жалақыны әдейі азайтып көрсету, мүлікті туыстарының атына рәсімдеу, жалған некеге тұрып, отбасы ішінде алимент өндіру туралы талап қою, балаларға бөлек-бөлек талап беріп, ұсталым пайызын көбейту сияқты амалдар жиі қолданылады. 

Кейбіреулер жалған медициналық анықтамалар арқылы шетелге шығуға тырысады екен. 

Жеке сот орындаушылары институтына қатаң сын айтылып жүр. Бір жағынан, олардың борышты өндіріп алуға экономикалық мүддесі бар, екінші жағынан  борышкерлерді іздестіруге құқығы жоқ. Ал ІІМ-нің бұл жұмысты толық атқаруға ресурсы жетпей жатады.

«Шағым көп, бірақ шындық мынада: ЖСО борышкерді іздей алмайды. Бұл мәселе ІІМ-мен өзара іс-қимылдың әлсіздігіне тіреліп отыр», – дейді депутат.

Заңгер Саида Сүлейменованың айтуынша, клиенттерінің басым бөлігі – ер адамдар. Олар алимент төлеуден қашпайды, тек қаражаттың қайда жұмсалатынын білгісі келеді. Кейде керісінше жағдайлар да кездеседі екен. Мысалы, бала әкесімен тұрады, бірақ ресми түрде сол әке алимент төлеуші болып қала береді. Бұл да заңдағы олқылықтардың бір көрінісі.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі алимент өндіру жүйесі тиімсіз. Әр орган жауапкершілікті бір-біріне жүктей береді. Нәтижесінде балалар тиісті көмекті ала алмай отыр.

 «Қазіргі жүйе жұмыс істемейді. Сот орындаушылары прокуратураға, прокуратура соттарға сілтейді. Ал нәтиже жоқ», – дейді заңгер.

Мәселені шешудің жалғыз жолы ретінде сарапшылар алимент қорын құруды жөн санайды.

«Бұл әрине, панацея емес, бірақ мәселенің ауқымын едәуір азайта алатын жалғыз нақты тетік», – деп есептейді депутат. 

Айта кетейік, Қазақстанда 300 мыңға жуық бала алиментке мұқтаж. Мемлекет әрекет еткеніне қарамастан, берешек мөлшері өсіп келеді. Оны жоғарыда статистика арқылы көрсеттік. Түптеп келгенде мәселе тек қаржыға келіп тірелмейді, әлеуметтік сұрақты да күн тәртібіне шығарып отыр. 

 «Егер тіпті бір бала өзіне тиесілі көмекті ала алмаса, оған мемлекет араласуға міндетті. Конституциямызда балалық шақ мемлекеттің қорғауында деп жазылған. Демек, бұл сөздер іс жүзінде орындалуы тиіс», - деп түйіндеді заңгер. 

Барлық жаңалық