💰 Экономика

Әлеуметтік көмек: мұқтаждарға жетпейді, алаяқтар «көп» дейді

Қазақстанда кедейшілік деңгейі артып бара жатқанына қарамастан, атаулы әлеуметтік көмек алу барған сайын қиындап келеді. Кейінгі үш жылда көмек алушылар саны екі еседен астам азайған, ал комиссиялардың бас тартуы – бұған негізгі себептің бірі. Сонымен қатар алаяқтардың айласы да ақыл-естен айырып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Әлеуметтік көмек азайып барады

Елімізде аз қамтылған отбасылардың үлесі жылдан жылға көбейіп отыр. Бірақ көмекке қол жеткізу керісінше күрделене түскен. Егер 2023 жылы 107 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған болса, 2025 жылы мұндай мүмкіндікке бар болғаны 51 мың отбасы ие болған. Бұл отбасылардың құрамындағы 274 мың адамға барлығы 24,6 миллиард теңге төленген. Бір адамға шаққанда бұл жылына небәрі 89 мың теңге, яғни айына жеті жарым мың теңге шамасында ғана.

Сонымен бірге тағы 31 мың отбасыға көмек көрсетілмеген. Барлығы 161 мыңнан астам адам комиссиялардан бас тарту туралы шешім алған.

Министрліктің мәліметінше, ақша тапшылығы жоқ. Керісінше, Парламент биылғы жылға атаулы әлеуметтік көмекке 98 миллиард теңге бөлген, ал оның төрттен бірі ғана игерілген. Қалған қаржының қайда жұмсалатыны әзірге белгісіз.

«Атаулы әлеуметтік көмектің басты мақсаты – қиын жағдайға түскен отбасын қаржылай қолдап, еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тарту»,деп қысқаша түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бірақ ведомство нақты қанша отбасының осы көмектің арқасында жағдайын жақсартқаны туралы есеп бермеген.

Министрлік әлеуметтік көмекті тағайындау ережелерін қайта қарап, талаптарды күшейтуді көздеп отыр. Жаңа заң жобасы әлеуметтік кодекске енгізілмек. Онда бұрынғы тәсілдің ескіргені және толық нәтиже бермейтіні мойындалған.

Біріншіден, қазір көмек тек табыс деңгейіне қарай тағайындалады. Ал азаматтардың шығыстары ескерілмейді. Енді қымбат телефон, ноутбук немесе теледидар сатып алған отбасылардың өтініші қабылданбауы мүмкін.

Екіншіден, министрлік қолданыстағы жүйенің «жеткілікті дәл емес» екенін мойындаған. Кей отбасылар табысын жасырып, көмек алып отыр, ал шынымен мұқтаж азаматтар керісінше көмекке қол жеткізе алмай отыр.

«Қазіргі жүйе табысқа ғана сүйенеді. Бірақ азаматтардың міндетті шығыстары есепке алынбайды. Бұл көмектің тиімділігін төмендетеді. Жаңа тәсіл табыс пен шығынды қатар бағалауға мүмкіндік береді. Сонда көмек тек шын мұқтаж адамдарға жетеді», делінген министрліктің түсіндірмесінде.

Қай жерде қателік бар?

Министрлік қазіргі жүйенің бірнеше осал тұсын атады. Біріншіден, табыс туралы мәлімет толық емес. Кей деректер базасында ақпарат жетіспейді. Бұл кейде көмектен заңсыз бас тартуға немесе керісінше, негізсіз тағайындауға әкеледі. Екіншіден, отбасылардың шығындары есепке алынбайды. Мысалы, ем-домға, жалдамалы пәтерге, оқу ақысына немесе көлік жөндеуге жұмсалатын қаражат назардан тыс қалады.

Үшіншіден, кей адамдар табысын әдейі төмендетіп көрсетеді немесе бағалы мүліктерін басқа адамдардың атына тіркейді. Төртіншіден, мемлекеттік органдар арасында деректер алмасу толық автоматтандырылмаған. Сондықтан комиссиялар көп жағдайда ақпаратты қолмен тексеруге мәжбүр.

Жаңа жүйе іске қосылса, азаматтардың банктік шоттарындағы ақша қозғалысы мен мобильді аударымдары да тексеріледі. Егер отбасының шығыны табысынан көп болса және ол қаражаттың қайдан келгені түсіндірілмесе, көмек берілмейді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың үлесі 2019 жылы 4,3 пайыз болса, 2023 жылы 5,2 пайызға жеткен. Халық санының өсуімен бұл көрсеткіш те артқан. 2024 жылы Қазақстан халқы 20 миллионнан асқан. Демек, табысы күнкөріс минимумынан төмен миллионнан астам адам бар деген сөз.

Алайда бұл адамдардың бәрі көмек алып отырған жоқ. 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмектің орташа айлық мөлшері аймақтарға қарай 6 мың мен 10 мың теңге аралығында болған. Сарапшылардың пікірінше, мұндай сома қазіргі баға жағдайында тіпті бір рет азық-түлік алуға да жетпейді.

«Бұл ақшаны байлық көзі деуге болмайды. Егер атаулы көмек шынымен адамдарды кедейліктен шығарса, онда соңғы жылдары кедейлік азайған болар еді. Ал шын мәнінде, керісінше, жағдай нашарлап отыр», дейді Ranking агенттігінің сарапшылары.

Жағдайы жақсылар да әлеуметтік көмекке құнығып отыр

Мемлекет жыл сайын әлеуметтік төлемдерге қомақты қаржы бөледі. Бірақ сол көмектің шынайы мұқтажға жете алмай, кейде алаяқтық пен жасанды ажырасулардың көлеңкесінде кетіп жатқаны жасырын емес.

Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – көмекке мұқтаж адамдарды қолдау. Соған қарамастан, ел ішінде атаулы әлеуметтік көмекті әділетсіз жолмен алатындар азаймай отыр. Бүгінде көмек алушылардың бір бөлігі мемлекет қолдауын адал еңбекке ынталандыратын мүмкіндік емес, оңай олжа көзі ретінде қабылдайды.

Сандарға көз жүгіртсек, 2010 жылы 220 мың отбасыға 35 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілсе, биыл 242 мың отбасыға 132 миллиард теңге бөлінген. Бұл – ел бюджеті үшін үлкен салмақ. Бірақ сол көмектің ішінде жалған дерек көрсетіп, табысын жасырып немесе некесін қағаз жүзінде бұзып, жеңілдік алуға тырысқандардың бар екені анықталып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталды. Ол әлеуметтік саясаттың шектен тыс жұмсақтығы кейбір азаматтарды масылдыққа итермелегенін айтты.

«Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп “көмек қолын” созатын жылпостар да көбейді. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, мектеп, аурухана, жол салуға кететін қаржыны желге шашу. Толық емес отбасы деген жеңілдік енгізілгелі бері жалған ажырасулар көбейді. Осылайша өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Үкімет кемінде он бес жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді», деді Мемлекет басшысы.

Президент сынға алған құбылыстың нақты мысалдары Түркістан облысында анықталған. Прокуратура дерегінше, Сарыағаш ауданында 11, Келес ауданында 6, Мақтаарал ауданында 2 тұрғын табысын жасырып, 4 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген. Келестегі тағы 13 адам отбасындағы мүшелерін жасырып, жиынтық табысты төмен көрсетіп, қосымша 2 миллион теңге көлемінде көмек алған. Мұндай жағдайлар Жетісай мен Сайрам аудандарында да тіркеліп, жалпы шығын көлемі 17 миллион теңгеге жеткен.

Биыл мұндай заңсыздықты азайту үшін FSM Social атты мобильді қосымша енгізілді. Бұл жүйе өтініш берушілердің қаржылық жағдайын цифрлы түрде тексеріп, адам факторын азайтады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жүйенің көмегімен АӘК алушылардың нақты мекенжайын тексеріп, бірқатар сәйкессіздіктерді анықтаған. Кей жағдайларда адамдар өтініште көрсеткен мекенжайында тұрмайтыны белгілі болған. Тіпті тоғыз іс құқық қорғау органдарына жолданып, тексеру жалғасып жатыр.

Бірақ алаяқтықтың бір түрі – жалған ажырасу. Кей отбасылар жеңілдік алу үшін құжат жүзінде ажырасып, іс жүзінде бірге тұрады. Мұның салдары отбасы құндылығын әлсіретіп, әлеуметтік әділетсіздікке жол ашады. Статистикаға сүйенсек, 2010 жылы тіркелген 146 мың некенің 41 мыңы бұзылса, 2024 жылы 123 мың неке тіркеліп, 40 мыңы ажырасқан. Бұл – 33 пайыз деген сөз.

«Өңірлерге барған сайын әкімдер жалған ажырасудың көбейгенін айтады. Кей отбасылар ресми түрде ажырасып, әлеуметтік жеңілдікке ие болады. Бірақ сол күйі бірге тұрып, ортақ бала өсіріп отыр. Мұндайлар тұрғын үй кезегіне де тұрады, тіпті кейде жағдайы жақсы бола тұра көмек алудан бас тартпайды. Бұл – әділетсіздік. Олар шын мұқтаж адамдардың алдынан шығып, кезегін кешіктіреді. Осындай әрекеттер отбасылық құндылықты да бұзады», дейді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

Мұндай жағдайларды азайту үшін заңнаманы күшейту қажет. Қазіргі кодексте «жалған неке» ұғымы бар, бірақ «жалған ажырасу» түсінігі жоқ. Осы себепті мұндай әрекетті дәлелдеу қиынға соғып отыр.

Қорытындысында бір нәрсе анық: әлеуметтік көмек – еңбек етуге ынталандыратын қолдау, бірақ ол әділ бөлінбесе, масылдықтың ошағына айналады. Сондықтан Үкімет пен Мәжіліс бұл бағытта заңды қатайтып, алаяқтықпен жүйелі күрес жүргізуі қажет. Көмек шын мұқтаждың қолына тиюі үшін, әрбір теңгенің әділ жұмсалғанына қоғам да жауапты болуы тиіс.

 

Барлық жаңалық