Үкімет құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған кезекті ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Отырысқа премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық етті. Бір қарағанда күн тәртібі әдеттегі есірткімен күрес, маскүнемдік, тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бірақ баяндалған фактілер мен ұсынылған шешімдерге қарап, бұл жолғы отырыстың жай жиналыстан гөрі жүйелі дағдарысқа реакция екенін байқауға болады, деп сараптайды Ozgeris.info.
Есірткіге қарсы күрес. Тренд не дейді?
Премьер-министрдің айтуынша, қазір есірткі саудасы классикалық тәсілдерден әлдеқайда күрделенген. Интернет, криптоәмияндар, Telegram-боттар, пошта қызметі – бәрі есірткі жеткізу тізбегіне айналып отыр. Бүгінде тұтынушы, таратушы, делдал үшеуінің бір-бірімен мүлде байланысы жоқ. Бұл дегеніміз, бұрынғы тәртіппен, бақылау құралдарымен немесе патрульмен мәселені шешу мүмкін емес.
Мәселен, 2024 жылдың алғашқы алты айында 6,4 тонна есірткі тәркіленді, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталды, 28 Telegram-канал әкімшісі ұсталды. Бірақ бұл жеткілікті ме? Сарапшылардың айтуынша, бұл тек «айсбергтің ұшы». Өйткені синтетикалық есірткі нарығы жылдам жаңарып, есірткі түрлері көбейіп, тарату тәсілдері жыл сайын күрделене түсіп жатыр. Ал құқық қорғау жүйесі бұл өзгерістердің соңынан ілесе алмай отыр.
Нақты мәселе – жастар. Есірткіге тәуелділердің басым бөлігі 25 жасқа дейінгілер. Енді бұл топқа тіпті мектеп оқушылары қосылып жатыр. «Наркочаттар», «кладмэндер» ұғымы – бүгінгі жасөспірімдер үшін қалыпты жағдайға айналып барады.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі міндетті. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған қауіпті тенденция – жастар арасында нашақорлықтың таралуы. Өкінішке қарай, ол күннен күнге белең алып барады. Жағдай оны таратудың жаңа әдістерімен шиеленісе түсуде, олар – интернет арқылы, пошта арқылы, жасырып кету, иесі белгісіз электронды төлемдер. Мұның барлығы «наркодиллер-өткізуші-тұтынушы» үштігінде физикалық байланыстың болмауына әкеліп отыр. Сол себепті де қазір таратушыларды ұстау әлдеқайда қиын», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Денсаулық сақтау не істеп жатыр?
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметі көңіл көншітпейді. Қазір елімізде 17 мың адам есірткіге тәуелді ретінде ресми тіркелген. Бірақ бұл нақты сан емес, тіркеуден тыс қалғандар әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сонымен қатар синтетикалық стимуляторларға және бірнеше есірткіні қатар қолдануға тәуелділер саны артып келеді. Бұл емдеу мен оңалту тәсілдерін қайта қарауды қажет етеді.
Министрліктің дерегінше, тек биылдың өзінде 700 мыңнан астам жас арнайы жастар денсаулық орталығына жүгінген. Бірақ сұраныс бар болғанымен, жастар арасындағы нашақорлыққа қарсы жүйелі алдын алу – әлі де әлсіз. Орталықтар көбіне профилактика емес, салдарын жоюмен айналысады.
Мемлекет нашақорлықпен күресте көбіне құқық қорғау көзқарасына сүйенеді. Ал медициналық, әлеуметтік оңалтудың рөлі әлі де төмен. Жаңа есірткі саясаты құқық қорғау мен денсаулық сақтау салаларының арасындағы теңгерімді табуы тиіс.
Маскүнемдікпен күресте – ауылдар алда
Қоғамда сирек айтылатын тақырып маскүнемдік. Алайда статистика қорқынышты, кісі өлтірудің 50%-ы, әрбір үшінші бұзақылық, төртінші тонау мас күйінде жасалады. Қазірдің өзінде 107 мың ішімдік ішу фактісі тіркелген. Бұған қоса, 7 мың заң бұзушылық алкоголь айналымында анықталған.
Сондықтан Үкімет маскүнемдікпен күресетін «трезвый ауыл» қозғалысын кеңейтуді ұсынды. Қазір мұндай бастама 400-ден аса елді мекенде іске асып жатыр. Бұл – нағыз grassroots стратегия. Белсенді азаматтар мен ауыл әкімдері өз еркімен ішімдіксіз өмірді насихаттап жүр. Бірақ бұл бастамалар жүйелі мемлекеттік қолдауға ие болмай отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, кейінгі үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша өтініштер 35%-ға азайған. 2025 жылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы 20%-ға төмендепті. Бірақ сарапшылар бұл статистикаға сақтықпен қарауға шақырады.
Себебі тұрмыстық зорлық азайған жоқ. Керісінше, жасырын сипатқа ие болды. Әйелдер мен балалар көбіне арыз жазуға қорқады немесе сенбейді. Сонымен қатар көмекке жүгінудің нақты, ыңғайлы тетіктері әлі де дамымаған. Анонимді шағым беру, жедел психологпен байланыс, уақытша баспана – осының бәрі барлық өңірде бірдей жоқ.
«Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда қандай да бір зорлық-зомбылыққа, қол сұғушылыққа жол берілмейтінін білдіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз заңнаманы күшейттік. Әйелдер мен балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдаттық», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Дегенмен Үкімет осы бағытта нақты қадам жасап жатыр. Мысалы, ІІМ-нің жанынан отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы мамандандырылған бөлімше құрылған. Білім министрлігі болса зорлық куәсі болған балаларды ерте анықтау жүйесін енгізуді қолға алған.
Премьер-министр Бектенов ведомстволарға есірткі айналымына байланысты қаржы қозғалысын бұғаттауды, дәріханалардағы бақылауды күшейтуді, оңалту инфрақұрылымын құруды тапсырды. Сондай-ақ жасөспірімдермен жұмыс жүргізуді күшейтуді, профилактикалық бағдарламалар мен қоғам белсенділерінің рөлін арттыруды ұсынды.