📰 Сарапшылар пікірі

Алдағы 3 жылда Қазақстан өзгере ме? Сарапшылар не дейді?

Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі ел экономикасын алдағы үш жылда қалай өзгертетіні туралы ортақ бағдарламасын таныстырды. Экономистер бұл құжатты Қазақстандағы экономикалық саясаттың жаңа кезеңі деп бағалап отыр. Бағдарламаның негізгі бағыты – инфляцияны тежеу, халық табысын арттыру және өндірісті жаңарту. Сарапшылар әр тармақтың елге қалай әсер ететіні туралы өз пікірлерін ашық айтты, деп жазады Ozgeris.info. 

Қазақстанда экономикалық саясатты жүзеге асыратын үш орган алғаш рет бірлескен және көлемді үш жылдық бағдарлама жариялады. Экономист Айбар Олжаев бұл қадамды елдің экономикалық дамуындағы маңызды бетбұрыс деп бағалады. Олжаев халықаралық болжамдарға да тоқталды. Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, 2026 жылы Қазақстан әлемнің ең ірі 50 экономикалық мемлекеттің қатарына енуі тиіс және елдің экономика көлемі 320 млрд доллар болады деп күтіледі. Олжаев осы болжамға қарап елдің таңдаған бағыты дұрыс екенін атап өтеді. Оның айтуынша, 320 млрд доллар болмаса да, жылды 300 млрд доллар шамасында жабу үшін Үкімет ауқымды жұмыстарды бастап кетті.

«Соңғы он айда экономикада жаңа тыныс пайда болды. Өсім 6,4% деңгейінде. Нақты сектор бұдан да жоғары көрсеткіш берді. Ол 8,2% болды. Енді алдағы үш жылда Қазақстан экономикасының құрылымы жаңарады. Цифрландыру, еңбек өнімділігін арттыру, инфрақұрылымды күшейту және энергетикалық жүйені жаңарту басты басымдыққа айналады. Жыл сайын 100-ден астам жаңа жоба іске асады. Металлургия, машина жасау, мұнай химиясы секілді салаларда жоғары өңделген 17 ірі өндіріс ашылады. Бәйтерек холдингі енді қаражат тарататын мекеме емес, стратегиялық инвестор болады. Ол 15 пен 20 аралығындағы жүйе құраушы жобаны қаржыландырады. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындары мен экспорттың артуына әкеледі. Осылайша үш жылда инвестицияның ЖІӨ-дегі үлесі 21% болады», дейді Олжаев.

Экономист инфрақұрылым мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, ұзақмерзімді өсімнің негізі – инфрақұрылым. Елде ұлттық инфрақұрылымдық жоспар іске аса бастады. Энергетикалық жүйелер мен коммуналдық желілер жаңарып жатыр. Инфрақұрылым жақсарса өңірлер өседі, халықтың өмір сапасы көтеріледі және бизнес шығындары азаяды.

Айбар Олжаев инфляция мәселесін де атап өтті. Оның пікірінше, Үкіметтің кешенді механизмі бұл бағытта маңызды рөл ойнайды. Ол механизм нарықты тауармен толтыру, логистиканы дамыту, делдалдық шығындарды азайту, маркетплейс комиссияларын ашық көрсету, бөліп төлеуде екі түрлі баға белгілеу сияқты шараларды қамтиды. Ал Ұлттық банк теңгерімді ақша-несие саясатын жалғастыра отырып инфляциялық күтулерді төмендетуге күш салады. Сарапшының айтуынша, осы шаралардың нәтижесінде халықтың нақты табысы жыл сайын 2 пен 3 аралығындағы пайыз көлемінде өседі.

Экономикаға серпін беретін тағы бір маңызды бағыт – Үкімет пен Ұлттық банктің қадамдарын толық үйлестіру. Айбар Олжаевтың сөзінше, осы үйлесімділік экономиканы тұрақтандырады, инфляцияны бақылауда ұстауға мүмкіндік береді және теңгеге деген сенімді күшейтеді.

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те баяндама жасады. Ол ақша-несие саясаты бойынша жаңа қадамдарды түсіндіріп берді. Бұған дейін Үкімет пен Ұлттық банк көбіне есеп түрінде жұмыс істесе, енді нақты мерзімі мен тәсілдері белгіленген ортақ жоспар іске асырылады.

Экономист Бауыржан Шурманов бұл туралы пікірін былай білдірді:

«Бұл жолы барлық көрсеткіш, мерзім және қадам нақты көрсетілген. Саясаттың болжамдылығы күшейеді, тәуекел төмендейді. Бизнес үшін бұл өте маңызды. Олар алдағы 2 жылда нарықтың қалай жұмыс істейтінін алдын ала көре алады. Бұл тұрақтылық әкеледі».

Шурманов Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталарды 1,5 трлн теңгеге дейін шығаратынын да атап көрсетті. Бұл артық ақшаны нарықтан шығару үшін жасалады. Валюта бағамы еркін болып қалады. Бірақ жалған сұраныс пен қысқа мерзімді алыпсатарлық байқалса, Ұлттық банк дереу әрекет етеді.

Сарапшының айтуынша, банктердің резервтері өсіп келе жатқаны, нарықтағы өтімділіктің азайып келе жатқаны еліміздің біртіндеп қалыпты ақша-несие ортасына оралып жатқанын білдіреді.

Экономист Сапарбай Жобаев инфляция мәселесіне сыни көзқараспен қарады. Ол инфляцияны шынайы тоқтату үшін екі үлкен қадам қажет екенін айтты. Оның пікірін толық күйінде көрсету маңызды.

«Инфляцияны тоқтатамыз десек, бірінші кезекте Ұлттық қордан бюджетке қаржы алуды тоқтату керек. Қазір 5 пен 6 аралығындағы трлн теңге алынады. Ал Ұлттық банк 1,5 трлн стерилизация жасаймыз дейді. Бұл күлкілі. Бұл жас баланы тәттімен алдағанмен бірдей. Алынған ақша көбіне биліктегі олигархтарға кетеді. Екінші мәселе. 650 мың мен 700 мың аралығындағы жалақы алатын мемлекеттік және квазимемлекеттік компания басшыларының айлығын индексацияламау керек. Егер осы екі шара жасалмаса, бағаның өсуі тоқтамайды. Ұрандатуды қою керек. Жемқорлықты тоқтату керек», дейді ол. 

 

Барлық жаңалық