Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі ушығып тұр. Себебі халықтың қалтасын қағып жатыр. Былтыр тарифтер айтарлықтай өсті, ал кей өңірлерде тіпті наразылыққа дейін жетті. Мәселенің маңыздылығы сондай, Президенттің араласуына тура келді. Ол сала дағдарысын «жылдар бойғы салғырттықтың нәтижесі» деп атап, саланы түбегейлі жаңғырту қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы әбден тозған. Кей өңірлерде 80–90 пайызға жетті. Сарапшылардың пікірінше, ондаған жылдар бойы бұл салаға инвестиция салынбаған. Ал әкімдер мен жауапты органдар немқұрайлылық танытып келген.
Президенттің пікірінше, саланы толық цифрландыру қажеттілігі туды, яғни, жасанды интеллект, жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектордың серіктестігін кеңейту керек. Сонда ғана жағдай түзеле бастайды.
Сарапшылар не дейді?
Энергетика сарапшысы Алмаз Әбілдаевтың пікірінше, мемлекет ұзақ уақыт бойы нарықтық қатынастар мен субсидия арасынан оңтайлы үлгіні іздеп келген.
«Алайда, 1960–1970 жылдары салынған инфрақұрылымды қазір тарифтер есебінен ұстап тұру мүмкін емес. Егер тозу 30–40% болғанда тарифпен реттеуге болар еді, бірақ 65–70% жағдайда болмайды. Бұған біз ұзақ жылдар бойы мән бермей келгендіктен жетіп отырмыз», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазір біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, жаңа заң қабылданған соң кейбір нысандар «қызыл аймақтан» «сарыға», одан «жасыл аймаққа» ауысты. Десе де, мемлекеттің көмегінсіз қиын болады.
Физика кафедрасының доценті Ерік Үмбетовтің пікірінше, ең басты мәселе орталықтандыру жүйесінде.
«Жылу мен электрмен қамту жүйелерін жергілікті деңгейде бөлу қажет. Мысалы, Батыс елдерінде тиімді тәжірибе бар. Олар шағын аудандарды, жеке үйлерді жаңартылатын энергия көздерімен жабдықтап отыр. Бұл орталық желілерге түсетін жүктемені азайтып, энергияны үнемдейді», - дейді маман.
Энергетика сарапшысы Күнзәдеш Саттықованың ойынша, барлық мәселе инфляцияға келіп тіреледі.
«Жоғары инфляция халықтың табысын да, экономиканың көрсеткіштерін де жеп қояды. Электроэнергетикада миллиардтаған теңге айналымда жүр, бірақ оларды орталықтандырып, нақты бағытпен бөлу керек. Қаражаттың ашықтығы мен тиімділігіне бақылау жоқ. Көптеген станциялар инвестициялық қаржы алып отыр, ал осы ақшаларға жаңа нысандар салуға болар еді. Ақша бар, бірақ ол ысырап болып жатыр. Мемлекеттік қатаң бақылау мен басшыларға қылмыстық жауапкершілік қажет», - дейді маман.
Сарапшылардың ойы бір жерде түйісті. Айтуларынша, КСРО-дан қалған энергетикалық жүйе толыққанды нарықтық модельге өздігінен өте алмайды. Сондықтан мемлекет уран мен мұнайдан түсетін табыстың бір бөлігін энергетиканы жаңғыртуға бағыттауы тиіс. Әйтпесе модернизация құнын халық тарифтер арқылы төлеуге мәжбүр болады.
Болашағы не болмақ?
Қазір мемлекет кешенді күрделі жөндеу бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұрын «қызыл аймақта» тұрған нысандар біртіндеп «сарыға» ауысып келеді. Тозығы жеткен құбырларды жамай бермей, жаңа жылу электр орталықтарын салу керек дейді мамандар.
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы 20 жылда алға жылжу үшін шамамен 100 млрд доллар қажет. Мұндай көлемдегі инвестицияны жеке бизнес көтере алмайды, сондықтан мемлекет пен бизнестің тығыз әріптестігі шешуші рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев салаға жаңа бағыт берді. Яғни, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын әкімдік балансында қалдырудың тиімділігін қайта қарау, тарифтерді либерализациялау, энергетика мен инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделін құру. Себебі, тарифтердің өсуі монополистердің қалтасына емес, нақты жаңғырту мен қызмет сапасының жақсаруымен қатар жүруі міндет.