📰 Сарапшылар пікірі

Ажырасқан кезде несие мен мүлік қалай бөлінеді?

Отбасы болған жерде ортақ дүние де, ортақ қарыз да жинала береді. Сондықтан ажырасу туралы шешім қабылданған кезде бірінші кезекте мүліктің және несиенің тағдыры да өзекті, деп жазады Ozgeris.info.

 Біреулер бәрі автоматты түрде екіге бөлінеді деп ойлайды. Енді біреулер қарызды кімнің алғаны, кімнің төлейтіні маңызды емес деп қате түсінеді. Ал шын мәнінде ажырасу сәтінде әр келісім, әр қарыз, әр сатып алынған зат өз алдына жеке қаралады. Заңгер Алмаз Отров осы мәселеге нақты тоқталады. Оның айтуынша, ерлі-зайыпты неке кезінде отбасы үшін қарыз алса, ол берешек екі жаққа тең бөлінеді. Бірақ қарыздың түпкі себебі басқаша болса, жағдай мүлде өзгеріп кетеді. Егер несие ерлі-зайыптылардың тек біреуінің жеке мүддесіне жұмсалса, онда оны сол адам өз мойнымен өтеуге тиіс.

«Неке және отбасы кодексінің 33-бабының 3 тармағында бұл анық жазылған. Егер қарыз бір жұбайдың жеке қажеттілігі үшін алынғаны дәлелденсе, ол ортақ емес. Ал егер қарыз отбасылық мүдде үшін алынғаны дәлелденсе, онда ол ортақ міндеттеме болып есептеледі. Мұндай жағдайға тұрғын үйді жөндеу, балалардың қажеттілігі немесе отбасылық шығындар кіреді. Сот үкім шығарғанда дәлелдің бәрі ескеріледі. Ақша қайда жұмсалды, не үшін алынды, келісімге кім қол қойды, осының бәрі шешуші рөл атқарады», дейді заңгер.

Көп жағдайда ер адамдар үйді жөндеу немесе жаңа жиһаз, техника алу үшін несиені әйелінің атына алады. Мұндайда жарын тастап кеткен әйел қиындыққа тап болады. Сол себепті ол сотқа барып, несиені екіге бөлу туралы талап береді. Егер сот несиенің неке кезінде алынғанын растаса, оны екі тарапқа тең етіп бөлуді міндеттейді. Мұнда несие не үшін алынғаны негізгі дәлел болады.

 «Адамдар несиені екеуіне ортақ дүние алу үшін алады. Бірақ ажырасатын сәтте біреуі қарызды мойындамай жатады. Мұндайда сот несиені неге алғанын, оның шын мәнінде отбасы үшін жұмсалғанын мұқият қарайды. Егер қаражат шынымен ортақ қажеттілікке жұмсалса, қарыз да ортақ міндеттеме болып есептеледі. Ал бір тарап жеке мақсатпен алған қаражатын бүкіл отбасының мойнына арта алмайды. Әрбір азамат несие алған кезде соның түбінде белгілі бір жауапкершілік бар екенін түсінгені дұрыс. Ажырасқан сәтте құжаттағы әр дерек, әр төлемнің мақсаты шешім үшін өте маңызды болады», деп түсіндірді А. Отаров.

Мүлік туралы мәселе де осылай жеке қаралады. Жылжымайтын мүлік екі адамға тең бөлінеді. Яғни, үлес 50 де 50 болып бекітіледі. Сот кәмелетке толмаған балалардың мүддесін де назарға алады. Егер бір тарап ұзақ уақыт кіріс таппай, отбасы мүлкіне зиян келтірсе, сот үлесті қайта қарауға құқылы.

Мүлікті бөлу кезінде жалпы қарыз да үлеске қарай бөлінеді. Ажырасу жүктілік кезеңінде немесе бала 1 жасқа толмаған шақта ерлі зайыптының келісімінсіз жүргізілмейді.

Заңда неке кезінде алынған мүліктің бәрі ерлі-зайыптыға ортақ деп анық көрсетілген. Бұл тізімге тұрғын үй, көлік, жер телімдері, қымбат жиһаздар, тұрмыстық техника, ақша, депозит, компания акциялары және бизнестегі үлес кіреді.

Ал бөлуге жатпайтын мүлік те бар. Мысалы, некеге дейін алынған зат бөлінбейді. Сыйға берілген заттар және адамның жеке пайдалануына арналған заттар да ортақ мүлікке кірмейді. Балалардың ойыншықтары мен киімдері де бөлікке түспейді. Бірақ бағалы сыйлық ерекше қаралады. Ер адам әйеліне алтын, бриллиант, қымбат шуба сыйласа, ол отбасының ортақ мүлкі ретінде қаралып, құнына қарай бөлінеді.

Заттың басты тағдыры неке шартына байланысты шешілуі мүмкін. Неке шарты болған жағдайда мүлік сол шартта көрсетілген тәртіппен бөлінеді. Неке шарты міндетті түрде нотариус арқылы куәландырылады.

Заңгер неке шартының маңызына жеке тоқталады. Оның айтуынша, неке шарты ерлі-зайыптының мүліктік құқықтарын алдын ала анықтап береді. Адам ажырасқан кезде қолында не қалатынын, қандай мүлік өзіне тиесілі екенін нақты біледі. Ипотека рәсімдер алдында да неке шартын жасау өте тиімді. Ол қарыздың кімге тиесілі болатынын, ипотекаға алынған үй ажырасқан жағдайда қалай бөлінетінін көрсетеді.

 «Неке шарты адамды қиын сәттен қорғайтын құрал. Әсіресе ірі несие немесе ипотека алатын жұптар үшін бұл өте маңызды. Себебі неке шарты арқылы кімге қандай мүлік тиесілі екенін алдын ала бекітіп алуға болады. Ажырасқан кезде сотта дауласып жүрмей, құжатпен бәрін дәлелдеуге мүмкіндік бар. Бұл болашақта дау тудырмайтын ең дұрыс жол. Біздің елде неке шарттары нотариуста рәсімделеді. Оның заңды күші бар. Сондықтан ерлі зайыпты ипотека алмас бұрын неке шартын жасап қойса, өзіне де, отбасына да жеңіл болады», дейді ол.

Көлік мәселесі де көп жағдайда дау тудырады. Егер көлік неке кезінде алынған болса, ол да ортақ мүлікке жатады. Оның несиесі болса, ол да ортақ жауапкершілікке кіреді. Бұл Неке және отбасы кодексінің 31-бабында нақты көрсетілген.

 

Барлық жаңалық