🤖 Digital

AI психолог:Тараздық жігіттерге АҚШ қызығып отыр

AI психолог:Тараздық жігіттерге АҚШ қызығып отыр

 

Қазақстандық екі жас маман мектеп оқушыларының психологиялық жағдайын бақылап, кәсіби бағдар беретін жасанды интеллект платформасын жасап шығарды. Қазір WeGlobal AI жобасы елдегі 2000-нан астам мектепке енгізіліп, 1 миллионнан астам оқушыны қамтып отыр. Ең қызығы – жоба енді АҚШ пен Ұлыбритания нарығына шығуға дайындалып жатыр. Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасына берген сұхбатында стартап негізін қалаушы Ақжол Замбаев платформаның қалай құрылғанын, мемлекеттік мектептерге қалай енгенін, Түркістан облысын не үшін 20 мың шақырым аралағанын және неге америкалық нарыққа бет бұрғанын айтып берді, деп жазады Ozgeris.info.

WeGlobal AI негізін қалаушылардың бірі – Тараз қаласының тумасы Ақжол Замбаев. Ол Назарбаев университетінде биология ғылымдары мамандығында оқыған. Бастапқыда ғылыммен айналысып, зерттеуші болуды жоспарлағанымен, студент кезінде кәсіпкерлікке қызығушылығы ояна бастаған.

«Астана экономикалық форумына ерікті ретінде қатысқаным менің көзқарасымды қатты өзгертті. Сол жерде алғаш рет инвесторлар мен кәсіпкерлердің қалай ойлайтынын, үлкен шешімдердің қалай қабылданатынын көрдім. Кейін бизнес пен технология саласына қызығушылығым арта түсті. Университеттің төртінші курсында алғашқы білім беру стартапымды іске қостым. Кейін тағы бір білім беру жобасына қосылдым. Бірақ уақыт өте келе біз білім беру саласында жүйелі проблема бар екенін түсіндік. Әсіресе кәсіби бағдар мен мектеп психологтарының жұмысы өте ауыр еді. Сол мәселені технология арқылы шешуге болатынын көрдік», дейді Ақжол Замбаев.

Бастапқыда WeGlobal AI мектептерге арналған кәсіби бағдар платформасы ретінде жасалған. Себебі сапалы кәсіби бағдар беру жүйесі көбіне жекеменшік мектептерде ғана болған. Ал ауылдағы немесе қарапайым мектептердегі оқушыларда ондай мүмкіндік бола бермеген.Пилоттық жобалар кезінде команда мектеп психологтарының жұмысы шамадан тыс қағазбастылыққа тәуелді екенін байқайды. Сауалнамалар қағазға басылып, жауаптар Excel кестесіне қолмен енгізілетін болған.

«Бір психолог жүздеген оқушымен қатар жұмыс істейді. Жұмыстың көп бөлігі әлі күнге дейін қолмен атқарылады. Кейде бір ғана сауалнаманы толық өңдеуге бір айдан астам уақыт кетеді. Осынша жүктеменің кесірінен мамандар мәселенің алдын алумен емес, көбіне салдарымен күресуге мәжбүр болады. Біз технология дәл осы жерде көмектесе алатынын түсіндік. Сондықтан WeGlobal AI біртіндеп мектеп психологтары мен кәсіби бағдар мамандарына арналған үлкен цифрлық платформаға айналды», дейді жоба авторлары.

Қазір платформада әр оқушыға жеке аккаунт ашылады. Балалар кәсіби бағдар тестінен өтеді, психологиялық скрининг сауалнамаларын толтырады, көңіл күйін белгілейді және түрлі білім беру тапсырмаларын орындай алады. Жүйеде буллинг, эмоционалдық күйзеліс, жоғары стресс және депрессия белгілерін анықтауға арналған құралдар бар. Сонымен қатар ауыр жағдайларға арналған «SOS батырмасы» енгізілген. Егер оқушы буллингке немесе зорлық-зомбылыққа тап болса, ақпарат жауапты мамандар мен тиісті органдарға жіберіледі.

Платформадағы жасанды интеллект екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – оқушының қызығушылығын арттыру. Мысалы, кәсіби бағдар тесті балаға есепші мамандығын ұсынса, ол AI-көмекшімен сөйлесіп, бұл мамандық туралы толық ақпарат ала алады. Екіншісі – мектеп мамандарына көмек беру. Жүйе кәсіби бағдар тесттері, психологиялық сауалнамалар, көңіл күй трекері және оқушының қызығушылықтары туралы ақпаратты талдап, психологтарға қысқаша сараптама ұсынады.

«AI психологтың орнын алмастырмайды. Біз диагноз қоймаймыз және шешімді жүйенің өзі қабылдамайды. Жасанды интеллект тек үлкен көлемдегі ақпаратты реттеп, мамандардың уақытын үнемдейді. Бұрын психологтар Excel кестелерімен отыратын болса, қазір балалармен көбірек жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр. Біз үшін ең маңыздысы – технология арқылы мектептегі мамандардың жұмысын жеңілдету болды», дейді Болат Әшім.

Picture background

WeGlobal AI-дың ерекше тұстарының бірі – оның мемлекеттік мектептерге ену жолы. Команда жобаны әкімшілік қысым арқылы емес, пилоттық жобалар мен нақты нәтиже арқылы енгізуге тырысқан. 2024 жылы Ақжол Замбаев Педагогтердің тамыз конференциясында платформаны таныстырады. Осыдан кейін жобаға Түркістан облысының өкілдері қызығушылық танытып, 71 мектепте пилоттық жоба іске қосылады.

«Біз үшін ең маңыздысы – өнімнің шын мәнінде жұмыс істейтінін дәлелдеу болды. Сондықтан мектептермен бірге толық жолдан өттік. Директорлармен, психологтармен, ата-аналармен сөйлестік. Үш ай ішінде Түркістан облысының шамамен 20 мың шақырым жерін аралап шықтым. Бір мектеп қолдады, енді бірі сынады. Бірақ сол пікірдің бәрі біз үшін өте маңызды болды. Біз өнімді кабинетте отырып емес, нақты мектептің ішінде жүріп жасадық. Сондықтан жүйе мамандардың шынайы сұранысынан туындады», дейді Ақжол Замбаев.

Нәтижесінде жобаға сұраныс күрт өскен. 2024 жылдың соңында платформамен шамамен 80 мектеп жұмыс істесе, кейін олардың саны 1000-нан асып, бүгінде 2000-нан астам мектепке жеткен. Ал платформаны пайдаланатын оқушылар саны 1 миллионнан асты. Компаниядағы қызметкерлер саны да 5 адамнан 120 маманға дейін көбейген.

Жобаның бизнес-моделі де ерекше. Егер мектепте 100-ден аз оқушы болса, платформа тегін беріледі. Ал қалған мектептер жазылым арқылы қосылады. Жазылым құны оқушы санына қарай есептеліп, жылына 300 мың теңгеден басталады. Қазір команда халықаралық нарыққа шығуға дайындалып жатыр. WeGlobal AI АҚШ пен Ұлыбритания мектептерімен келіссөз жүргізуде. Стартап Стэнфорд университеті жанындағы StartX акселераторына іріктеуден өткен. Сонымен қатар Y Combinator бағдарламасының сұхбат кезеңіне дейін жеткен.

«Біз әртүрлі нарықты зерттедік. Өзбекстанды да, MENA аймағын да қарастырдық. Бірақ соңында АҚШ нарығына назар аудардық. Себебі қазір Америкада мектеп оқушыларының психикалық денсаулығы білім беру жүйесіндегі ең үлкен тақырыптардың біріне айналды. Бұл бағыттағы нарық өте үлкен әрі әлі де өсіп келеді. Америка мектептері сапалы цифрлық шешім үшін әлдеқайда көп төлеуге дайын. Сондықтан біз алдымен сол нарықта орнығып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір басты мақсатымыз – пилоттық жобаларды іске қосып, нақты нәтиже көрсету», дейді Ақжол Замбаев.

Қазір WeGlobal AI Ұлыбританиядағы ғылыми ұйымдармен де жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, Оксфорд университетінің балалар психиатриясы профессоры Мина Фазельмен бірге Қазақстандағы балалардың психологиялық жағдайына арналған ірі зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Зерттеуге елдің барлық 20 өңірінен 10 мыңнан астам оқушы қатысады.

Соңғы жылдары UNICEF, OECD және UNESCO зерттеулерінде жасөспірімдер арасындағы күйзеліс, жалғыздық, буллинг және эмоционалдық қысым деңгейінің күрт артқаны бірнеше рет айтылды. Сарапшылар мектеп психологиясы мен цифрлық қолдау жүйелері алдағы жылдары әлемдік білім беру саласының негізгі бағытының біріне айналатынын айтады.

Осындай кезеңде қазақстандық стартаптың халықаралық нарыққа шығуы – елдегі IT саласы мен білім беру технологияларының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.

 

Барлық жаңалық