Шымкентте 21 жастағы Нұрайдың қаза табуына қатысты күдікті ретінде танылған Шерхан Аймаханның блогерлер Камила Әділхан мен Мағжан Аймаханға туыстық қатысы бар екені белгілі болды. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Ozgeris.info ақпарат порталы.
Оқиғаға байланысты блогерлер ресми мәлімдеме жасап, ең алдымен марқұмның жақындарына көңіл айтты.
«Ең алдымен Нұрайдың ата-анасы мен туған-туыстарына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Бұл – кез келген ата-ана үшін орны толмас қасірет», — деді олар.
Сонымен қатар, олар күдіктінің өздеріне туыстық қатысы бар екенін ашық мойындады.Мағжан Аймаханның айтуынша, Шерхан Аймахан әкесінің інісінің баласы, яғни жақын туысы.
«Ешбір ата-ана баласының қатыгез, зұлым болуын қаламайды. Бұл жағдай біз үшін де өте ауыр. Қай тарап үшін де бұл – үлкен қайғы», — деді ол.
Блогерлер қандай жағдайда да күдіктінің әрекетін қолдамайтынын және істің әділ тергеліп, заң аясында жаза тағайындалуын қалайтынын мәлімдеді.
«Қанша жерден туысымыз болса да, бұл ауыр қылмыс. Соттың әділ шешім шығарғанын қалаймыз. Бұл жағдайды ақтауға ниетіміз жоқ», — деп атап өтті олар.
Сондай-ақ, марқұмның отбасына әулет үлкендері арнайы барып, көңіл айтып, құран бағыштағаны айтылды.
Желі қолданушылары блогерлердің ұстанымын қолдап, түрлі пікірлер қалдыруда. Көпшілік бұл жағдайда әр адам өз әрекеті үшін жеке жауап беруі тиіс екенін айтып, блогерлердің кінәсі жоқ екенін жазуда.