Мәдениет

Абай мұрасы және мереке төңірегіндегі дау: Ұлы ақынның мерейтойы қалай өтті

Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Абай әділдік, білім, адал еңбек пен ұлттық бірлікті дәріптеген тұлға. Ал бүгінгі жастар оның өсиетін қаншалықты ұстанып жүр? Абайдың туған күнімен қатар келген әлем жұлдызының концерті төңірегіндегі даулар мен пікірталас қандай нәтиже берді? Мерейтой қалай өтті? Абай аңсаған қоғам мен қазіргі шындық қандай? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді. 

Ұлт рухын ұлықтаған жыл

2025 жыл қазақ руханияты үшін ерекше белес. Елдің түкпір-түкпірінде ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Абай - қазақтың темірқазығы, ұлттың рухани тұғыры. Оның өсиеті, ойы, сөзі бүгінгі ұрпаққа дейін жол көрсетіп келеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, мерейтойлық жылда ел аумағында 5000-нан астам іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 100-ден астамы халықаралық және республикалық деңгейде. Ең басты мерекелер ақынның туған топырағында өткізілді. Абай облысында республикалық айтыс, халықаралық ақындар фестивалі, поэзия байқауы, театр қойылымдары мен үлкен концерттер көрерменге жол тартты.

Абайдың 180 жылдығы төңірегіндегі дау

Дәл осы мерейлі күндер қарсаңында Қазақстаның басты қалаларында әлемдік деңгейдегі жұлдыз, америкалық әнші Дженнифер Лопестің концерті жоспарланған еді. Ұйымдастырушылардың ресми ақпаратына сәйкес, Лопестің халықаралық туры аясындағы концерті Астана қаласында 1 тамызда дүркіреп өтті. Сол шарадан кейін қоғамдық белсенділер әлеуметтік желілерде шу көтере бастады. Әсіресе, J.Lo-ның сахналық образдары қазақ қоғамына жат деген сыни жазбалар пайда болды. Оның түпкі мақсаты Алматыда өтетін концертті тоқтату болатын. Себебі оңтүстік астанадағы шоу 10-тамызға жоспарланған. Билеттер бірнеше ай бұрын алдын ала сатылып кеткен. Ұйымдастырушылар билеттердің қайтарылмайтынын да ескертіп қойған.

Дау Алматыдағы концерттің нақты датасына байланысты өршіді. Себебі 10 тамыз- Абай Құнанбайұлының туған күні, елімізде жыл сайын ресми түрде аталып өтеді. Аталмыш күн ұлттық мәдениет үшін айрықша мәнге ие. Қоғамдық белсенділер мен мәдениет қайраткерлері дәл осы күні жалаңаш кейіпте өнер көрсететін шетелдік әншінің шоуын өткізуді орынсыз деп санады.

Қарсы шыққандардың ішінде журналист, қоғам белсендісі Сауле Әбілдаханқызы болды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында концерт күнін өзгертуді талап етіп, Абай күнімен қабаттасу рухани құндылықтарға құрметсіздік деп бағалады.

«Көпбалалы аналар, өз ұрпағы үшін уайымдайтын әкелер, ұлты үшін қайғы жейтін азаматтар!Енді бірікпесек, біткеніміз! Не дейсіздер? 10 тамыз Абай атамыздың мерейтойында мына сайқалды ару Алматымыздың төрінде тайраңдатып, балалардың, қазақтың аузынан жырып, миллиардтаған ақшаны тағы ұстатып жібереміз бе? Лопес концертін Абай күндеріне қоюы - ұйымдастырушылардың, министрліктің әдейі істегені, бұл жүйенің қазақ руханиятына да, Абайға да түкіргені», - деп жазды ол. 

Бұдан басқа, қоғам белсендісі осыған жол берген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға кінә артып, қызметінен кетуін де талап етті. Оның үндеуін көптеген қолданушылар қолдап, әлеуметтік желілерде бойкот пен концертке бармауға шақырған пікірлер көбейді.

Қоғамдағы пікірталас әлеуметтік желіде қыза түсті. Қолдаушылардың көпшілігі әлемдік жұлдыздың келуін Қазақстан үшін мәдени және экономикалық тұрғыдан пайдалы, туризм мен шоу-индустрияны дамытуға серпін береді деп жақтады. Ал қарсы тарап Абай күні  ұлттық сана мен руханиятты дәріптейтін уақыт, сондықтан оны эстрадалық мерекеге айналдыруға болмайды деп есептеді. Әсіресе, әлемдік жұлдыздың концертін асыға күтіп жүргендер мен билет сатып алғандар қарсы пікірлерге қосылмай, керісінше, екі іс-шараны мүлде салыстыруға болмайтынын алға тартты.

Жергілікті билік өкілдері мен депутаттар да пікір білдірді. Кейбірі концертті кейінге қалдыру ұсынысын жеткізсе, енді бірі бұл мәселені «цензура емес, мәдени құрмет» тұрғысынан қарау керегін айтты.

Концерт ұйымдастырушылары белгіленген күнді өзгерту туралы талаптарға ресми жауап бермеді. Олар тек алдын ала жарияланған кестеге сәйкес дайындық жүріп жатқанын және барлық логистикалық, қауіпсіздік шаралары қабылданғанын хабарлады. Алматыдағы шоу алдында қалада көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіліп, арнайы қауіпсіздік қызметтері жұмылдырылды.

Әлеуметтік желілерде жарияланған бойкот ешқандай нәтиже бермеді. Жоспарланған концерт 20 000 көрерменнің басын қосып, Астанадан кем емес шоу өтті. Алматыда Джей Ло ән салып жатқанда, Семейдің орталық алаңына жиналған 50 мың адам Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады.

Абай - ұлттық бірегейліктің алтын қазығы

Абай Құнанбайұлы - қазақтың ұлт болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның «Қара сөздері» мен өлеңдері, Пушкин, Гёте секілді ұлы ақындардан жасаған аудармалары халқымыздың ой-өрісін кеңейтіп, әдебиетімізді жаңа биікке көтерді.

Биылғы мерейтой іс-шараларының 60%-ы білім мен ағартуға арналған. Лекциялар, семинарлар, көрмелер арқылы Абайдың мұрасы жастарға кеңінен насихатталды. Тек Абай облысының өзінде 12 ірі мәдени шара өткізіліп, оған 15 елден келген қонақтар мен 10 мыңнан астам адам қатысты.

Тарихи орындар жаңарып, мәдениетке қаржы құйылды

Бүгінгі мерейтойға қызу дайындық былтыр басталып кеткен. Ақын өмірімен байланысты 8 тарихи нысан жаңғыртылды. Соның ішінде Жидебайдағы Абай музей-қорығы да бар. Биыл мұнда жаңа көрме павильоны ашылды. Мәдени нысандарды қайта жаңартуға 2,3 миллиард теңге бөлінсе, Алматы мен Астанада Абай шығармалары негізінде қойылатын 25 театрлық қойылымға 1,5 миллиард теңге қарастырылған.

Мерейтой тек ел ішінде ғана емес, шетелде де кеңінен атап өтіледі. Ресей, Түркия, Франция, Қытай және тағы басқа 6 елде көрмелер мен конференциялар ұйымдастырылды. Парижде ЮНЕСКО-мен бірлескен халықаралық симпозиум өтті, оған 50 шетелдік ғалым қатысты. 2024 жылы «Қара сөздер» 7 тілге аударылып, 5 000 данамен шетелге таратылған еді.

Абай құндылығы жастарға өсиет

Абайды насихаттауда жастарға айрықша көңіл бөлінуде. 2025 жылы мектептер мен университеттерде 3500 іс-шара ұйымдастырылып, мәнерлеп оқу байқаулары, әдеби кештер, олимпиадалар өтеді. 2024 жылы 1200 мектептің оқу бағдарламасына Абайға арналған қосымша сабақтар енгізілген.

Әлеуметтік желілерде де белсенді насихаттау жұмыстары жүрді. #Абай180 хештегімен басталған акция үш айда 2 миллионнан астам қазақстандықты қамтыған.

Шығыстанушы ғалым Ислам Жеменейдің пікірініше, Абай қазақ қоғамында қазір саналық жетекші ретінде көрінеді, бірақ, адамдардың мінезінде, сөзінде, іс-әрекетінде бұл көрініс таппайды. 

«Біздің берік ұстанымымыз жоқ. Абайдың өте мықты ұстанымдарын бойымызға сіңіре алмай жүрміз. Біздің қоғамға ең басты керегі білім мен ғылым. Ғылым мен білім ол кітап. Абай өте көп кітап оқыды, сондықтан өзін жағыз сезінді. Өзін жұмбақ адам деп айтатын. Неге? Ол Батыс, Шығыс әдебиетімен қоса қазақтың ауыз әдебиетін бірге оқыды. Осы үшеуін ұштастырғанда Абай шықты. Абайды ұрандата бергеннен біз ешқашан Абай бола алмаймыз», - дейді ғалым. 

"Абай ғұлама, данышпан. Абай өз заманында көтерген мәселелер бүгінгі таңда да өзекті, болашақта да өзектілігін жоғалтпайды. Қазір жастар біз сұмдық дамып кеттік, керемет жетістікке жеттік деген күнде де, ақыл-ой тұрғысынан әлі Абайға жеткеніміз жоқ. Абайды қарапайымдатып жіберуге болмайды. Абайдың ойы терең", - дейді Абайтанушы Кенжехан Матыжанов.

Ғалымдар Абайдың өсиетін жастардың бойына сіңіруді сөзбен емес, тәжірибе, іс жұзінде қолға алу керек екенін тағы да баса айтты.  

Сарапшылардың есебінше, мерейтойлық шаралар Абай облысына 50 000 турист тартып, өңір кірісін 1,2 миллиард теңгеге арттырмақ. 2024 жылы мәдениет пен туризм саласында 300 жаңа жұмыс орны ашылса, биыл бұл көрсеткіш 500-ге жетеді.

Әр Абайға 180 мың теңге

Қазақстандық кәсіпкер Дулат Тастекей ұлы ақынның туған күнінде дүниеге келген және есімі Абай деп қойылған әрбір сәбидің ата-анасына 180 000 теңге сыйақы беретінін мәлімдеді.

Аталмыш сома жайдан-жай таңдалмаған: 180 жыл – 180 мың теңге. Кәсіпкердің айтуынша, акция тек мерейтойға арналмаған, сонымен қатар қоғамға Абай мұрасының Қазақстан мен әлем үшін маңызын еске салу мақсатында ұйымдастырылған.

«Ата-бабамызға деген құрмет. Біз оның ғажайып ойлары мен философиясы жас ұрпақты шабыттандыруын жалғастырғанын қалаймыз», – деді Тастекей.

Қазіргі таңда елімізде Абай есімі бар 19 мыңға жуық адам бар. Ақынның шын аты Ибраһим, осындай есімді және оның түрлі нұсқаларын иеленгендердің саны 35 мыңнан асады. Ең көп Абай есімді азаматтар Астана, Түркістан облысы және Алматы қаласында тұрады. Ең үлкен Абай – 93 жаста.

Айта кетерлігі, елімізде ресми тіркелген 10 әйелдің есімі де – Абай. 2025 жылдың алғашқы жарты жылында жаңадан туған 157 балаға осы есім берілген. Сонымен бірге, елімізде бір облыс, бір қала, үш аудан және 26 ауылдың атауы Абай есімімен байланысты.

Акция шарттары бойынша, сәби 2025 жылдың 10 тамызында дүниеге келіп, есімі Абай болуы керек. Жынысы мен туған жері маңызды емес. Кәсіпкердің айтуынша, «Абайгүл» секілді нұсқалар да қабылданады. Егер талапкерлер аз болса, тізімге Зере, Ұлжан немесе Құнанбай секілді есімдер де қосылуы мүмкін.

«Біз бюджетімізді кемінде 1,5–2 мың балаға есептеп қойдық. Егер аз болса, қосымша есімдер енгіземіз. Ең бастысы  ақынды еске алу», – деді кәсіпкер.

Ұйымдастырушылар жақын күндері төлем алу жолын жариялайды. Негізгі талап баланың туу туралы куәлігін көрсету. Сонымен бірге акцияны Қазақстанмен шектемей, шетелде тұратын қандастарға да тарату жоспарда бар.

Абайдың 180 жылдығы - ұлт рухын ұлықтау ғана емес, оны жаңғыртуға жасалған үлкен қадам. Жыл сайын өткізілетін іс-шаралар қазақ мәдениетін әлемге танытуға, жастардың жүрегіне ұлттың асыл сөзін сіңіруге, елдің мәдени және экономикалық әлеуетін арттыруға берілген мүмкіндік.

Барлық жаңалық