Жұмыстан айырылу кез келген адам үшін ауыр. Табыс тоқтайды, ал күнделікті шығын сол күйі қала береді. Осындай сәтте мемлекет белгілі бір уақытқа дейін қолдау көрсетеді. Ол үшін арнайы әлеуметтік төлем бар. Бұл төлем кімдерге беріледі, қанша уақытқа созылады және оны қалай алуға болады. Барлығын қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік, деп жазады Ozgeris.info.
Өткен жылы елімізде жұмысынан айырылған 354,2 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, осы мақсатқа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен 130,4 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде 311,9 мың адам бұл төлемді алғаш рет алған.
Заң бойынша жұмысынан босатылған азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан болса, оған төлем беріледі. Төлем мерзімі адамның осы жүйеге қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты есептеледі. Біреуге 1 айға, біреуге 6 айға дейін тағайындалуы мүмкін. Төлем мөлшері жоғалған табыстың 45 пайызына дейін жетеді. Қаражат толықтай Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленеді.
Ең бастысы, бұл төлем автоматты түрде берілмейді. Ол үшін адам бірнеше қадам жасауы керек. Алдымен eGov.kz порталына тіркелу қажет. Содан кейін «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдайсыз. Онлайн қызметке өтініш беріп, барлық жолды толтырасыз. Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойып, жіберу керек.
Өтініш берілгеннен кейін 1 күн ішінде тұрғылықты жердегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қажет болса, мансап орталығының қызметкері қосымша ақпарат алу үшін хабарласуы мүмкін. Бұл қызметті онлайн режимде Электрондық еңбек биржасы enbek.kz арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелген соң жүйе автоматты түрде іске қосылады. Министрліктің ақпараттық жүйесі проактивті форматта мобильді телефонға SMS хабарлама жібереді. Егер төлем алуға келіссеңіз, сол SMS-ке жауап беру жеткілікті. Осыдан кейін әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалады.
Бұл қолдау шаралары еңбек нарығындағы жалпы жағдаймен де тығыз байланысты. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Бұл еңбек нарығында белгілі бір тұрақтылық бар екенін көрсетеді. Қазір жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 9,2 миллионға жеткен. Оның 7,1 миллионы жалдамалы жұмыскерлер. Ал 2,1 миллион адам өзін өзі жұмыспен қамтып отыр.
Бұл деректер Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов тарапынан айтылды. Оның айтуынша, еңбек нарығында қазір 3 негізгі үрдіс байқалып отыр.
Біріншісі – цифрландыру мен автоматтандырудың жеделдеуі. Көптеген жаңа мамандықтар цифрлық сауаттылықты талап етеді. Компьютермен, онлайн жүйелермен жұмыс істей алатын адамдарға сұраныс артып келеді. Екіншісі – платформалық жұмыспен қамту мен электронды сауданың кеңеюі. Қазір көптеген азаматтар онлайн платформалар арқылы қызмет көрсетіп жүр. Бірі фриланс істейді, бірі интернет дүкен ашып, сол арқылы табыс тауып отыр. Үшіншісі – демографиялық өсім. Жыл сайын еңбек нарығына жастар көптеп келіп жатыр. Сарапшылардың болжамынша, 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына 360 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан жастарды еңбекке бейімдеу, қайта даярлау және цифрлық дағдыларды үйрету басты міндеттердің біріне айналып отыр.
Бұдан бөлек Үкімет оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек көші қонын ынталандыруды көздеп отыр. Бұл бастама аясында қоныс аударушыларға әлеуметтік қолдаудың кеңейтілген топтамасы ұсынылады. Жаңа жерге үйренуі үшін барлық жағдай жасалмақ.
Сонымен қатар жастардың білім алып, тезірек еңбекке араласуы үшін білім беру жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Негізгі мақсат диплом алу емес, нақты еңбек нарығында қажет дағдыларды меңгерген маман даярлау. Яғни жастар оқу бітірген соң ұзақ уақыт жұмыс іздемей, бірден еңбекке кірісе алуы керек.
Еңбек нарығындағы ашықтық та маңызды бағыттың бірі. Осы үшін электрондық еңбек шарттары мен штаттық кестелерді енгізу жалғасып жатыр. Бұл көлеңкелі жұмыспен қамтуды азайтып, еңбек қатынастарын цифрлық түрде бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе мемлекетке де, жұмыс берушіге де, қарапайым жұмыскерге де тиімді.