🌐 Әлем

4 секундта-ақ жер шарындағы жылдық табысты кім табады?

4 секундта-ақ жер шарындағы жылдық табысты кім табады?

2025 жылы әлемдегі ең бай миллиардерлердің жиынтық дәулеті 18,3 трлн долларға жетті. Бұл – тарихи рекорд. Мұндай мәліметті Oxfam ұйымына сілтеме жасап немістің Deutsche Welle қызметі жариялады. Ұйым өкілдері бұл жағдайды демократияға төнген нақты қауіп деп бағалап отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Oxfam дайындаған баяндама Швейцарияның Давос қаласында өтетін Дүниежүзілік экономикалық форум қарсаңында әзірленген. Құжатта 2020 жылдың наурыз айынан бері миллиардерлер байлығы 81%-ға өскені көрсетілген. Сол кезден бастап аса бай топтың қолындағы қаржы 18,3 трлн долларға дейін жеткен.

Бұл сандардың артында таңғалдырған бір салыстыру бар. Әлемдегі ең бай адам саналатын Илон Маск бар-жоғы 4 секундтың ішінде әлемдегі орташа адамның бір жылда табатын ақшасына тең соманы табады. Ал жер шарындағы орташа жылдық табыс 6-10 мың доллар шамасында. Ал енді осы байлықтың қалай бөлініп жатқанын елестетіп көрейік. Баяндамаға сәйкес, әлем халқының жартысына жуығы кедейлікте өмір сүріп жатыр. Сол миллиардтаған адамның үлесіне жаһандық байлықтың небәрі 0,52%-ы ғана тиеді. Ал ең бай 1% адамның қолында бүкіл әлемдік байлықтың 43,8%-ы шоғырланған.

Oxfam-ның Германиядағы бөлімшесінің төрайымы Шарлотта Бекер мұны ашық айтты. Оның сөзінше, біз миллиардерлер дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Ал аса бай топтардың экономикалық ықпалы біртіндеп саяси күшке айналса, бұл демократияның іргесін шайқалтуы мүмкін.

Илон Масктың аты соңғы уақытта тек байлықпен ғана емес, әлемдік оқиғалармен де қатар аталып жүр. Бұған дейін ол Иран халқы интернетсіз қалған кезде Starlink спутниктік байланысын тегін тарататыны туралы ақпарат шыққан еді.

Бұл жаңалықты Bloomberg жазды. 2025 жылғы 28 желтоқсанда Иранда жаппай халық көтерілісі басталған. Ұлттық валютаның қатты құнсыздануы мен терең экономикалық дағдарыс елдегі наразылықты күшейткен. Осы кезеңде билік интернет пен байланысты толық сөндіріп, тұрғындар 120 сағат бойы сыртқы әлеммен хабарласа алмаған.

Осы сәтте Маскке тиесілі SpaceX компаниясы Starlink спутниктік интернетін тегін ұсынған. Компания Иран аумағында Starlink қызметі үшін алынатын төлемді алып тастаған. Яғни спутникпен байланыс орната алатын құрылғылары бар адамдар интернетті ақысыз пайдалана алған.

Бұл ақпаратты америкалық ұйымның атқарушы директоры Ахмад Ахмадиан да растаған. Bloomberg-ке сұхбат берген дереккөз де қызметтің тегін болғанын айтқан.

 

Барлық жаңалық