Зейнетақы қоры болашақтағы төлемнің көлемі қалай қалыптасатынын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, егер адам бүкіл еңбек жолы бойы тұрақты түрде жарна аударып отырса, зейнетақы төлемі айына 300 мың теңгеден де жоғары болуы мүмкін. Яғни, зейнетақының көлемі ең алдымен адамның қанша жыл жинақ жасағанына және жарнаны қаншалықты тұрақты төлегеніне байланысты болады, деп жазады Ozgeris.info.
Жалпы алғанда, зейнетақы жүйесінде «жеткілікті деңгейдегі зейнетақы» деген ұғым бар. Бұл – адам зейнетке шыққаннан кейін де бұрынғы өмір сүру деңгейін сақтай алуы. Халықаралық еңбек ұйымының стандарты бойынша мұндай жағдайда табысты алмастыру коэффициенті кемінде 40% болуы керек. Қазір Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 41% деңгейінде. Бірақ болашақта 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне байланысты берілетін ынтымақты зейнетақы көпшілік үшін біртіндеп азаяды. Сондықтан зейнетақының негізгі бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ пен мемлекет төлейтін базалық зейнетақыға тәуелді болмақ.

Ең басты факторлардың бірі – жинақ жасау мерзімі. Яғни, адам неғұрлым ерте бастап, ұзақ уақыт жарна аударса, соғұрлым зейнетақысы жоғары болады. Мысалы, орташа жалақы деңгейімен есептегенде және 2026 жылғы бағамен қарағанда, егер адам 20 жыл бойы зейнетақы жарнасын аударса, оның жинағы шамамен 17,7 млн теңгеге жетеді. Бұл жағдайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ай сайын шамамен 96 мың теңге төленеді. Ал 30 жыл бойы жарна аударылған жағдайда жинақ көлемі 34 млн теңгеге дейін өсіп, ай сайынғы төлем шамамен 185 мың теңгеге жетуі мүмкін. Егер адам 40 жыл бойы тұрақты түрде жарна аударса, жинақ көлемі шамамен 57,4 млн теңге болады. Мұндай жағдайда тек жинақтаушы бөліктің өзінен ай сайын 311 мың теңге төлем алу мүмкіндігі бар.

Екінші маңызды шарт – жарнаның тұрақты және толық төленуі. Зейнетақы жарналары ай сайын аударылып отыруы керек. Яғни жылына 12 рет тұрақты түрде төленгені маңызды. Орташа жалақы кезінде міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және базалық зейнетақыны бірге есептегенде табысты алмастыру коэффициенті кемінде 35% болады. Ал жұмыс берушінің жарналары қосылғанда бұл көрсеткіш 40% және одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін.
Мысалы, егер адам жылына тек 6 ай ғана жарна төлесе, оның болашақтағы жиынтық зейнетақысы шамамен 252 мың теңге болады. Бұл кезде табысты алмастыру коэффициенті 29% шамасында қалыптасады. Егер жарна жылына 8 ай төленсе, онда зейнетақы көлемі шамамен 319 мың теңгеге жетеді, ал коэффициент 32% болады. Ал жарна толық 12 ай төленген жағдайда зейнетақы шамамен 452 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мұнда табысты алмастыру коэффициенті шамамен 35% болады, ал жұмыс берушінің жарналары қосылғанда бұл көрсеткіш 40%-дан да жоғары болуы ықтимал.
Үшінші маңызды мүмкіндік – зейнетақы жинағын көбейту жолдарын пайдалану. Мұнда инвестициялық табыс үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда инвестициялық кіріс жалпы жинақтың шамамен 41%-ын құрап отыр. Егер жинақ ұзақ жылдар бойы сақталса, инвестициялық табыстың үлесі 70–80% деңгейіне дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар зейнетақы жинағын арттырудың басқа да жолдары бар. Мысалы, ерікті зейнетақы жарналарын аударуға болады. Мұндай жарналарды адам өзіне, балаларына немесе жақындарына аудара алады. Бұдан бөлек, белгілі бір салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ жинақты жеке басқарушы компанияларға беруге мүмкіндік бар және кей жағдайда зейнетақы төлемдерін 50 жастан бастап алуға болады.
Мамандар тағы бір маңызды мәселеге назар аударады. Зейнетақы жинағынан белгіленген шектен тыс ерте қаражат алу болашақтағы төлем көлемін азайтады. Сондықтан мұндай шешім қабылдағанда оның болашақтағы зейнетақыға әсерін міндетті түрде ескеру керек.