Қабылданған жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерді алаңдатып отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Салық альянсы оның көлеңкелі экономиканы ұлғайтып, шағын және орта бизнеске қосымша салмақ түсіреді деп болжап отыр. Енді кәсіпкерлердің күні не болады? Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірлерін негізге алып, тақырыпты жалғастырады.
inbusiness.kz порталында мынадай тақырыппен материал жарық көрген еді «Қазақстан үкіметі ҚҚС төлеушілер санын үш есе арттырудың жолын тапты». Онда жаңа өзгерістер бизнестің адал жұмыс істеу ынтасын жойып, салық салынатын база небәрі 5%-ға ғана өсетінін жазған.
Сарапшылардың айтуынша, ҚҚС төлеушілерінің көбеюі бюджетке кірістердің сол көлемде артуына кепілдік бермейді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен мемлекеттің әкімшілік шығындарын көбейтеді.
«Иә, ҚҚС төлеушілер саны артады, бірақ бұл түсімдердің ұлғаюын білдірмейді. Біз бюджетке бар болғаны 5% ғана артық қаржы түсетінін айтып отырмыз. Осы кезде әкімшілік шығындар тек бизнес үшін ғана емес, мемлекетке де көбейеді», - дейді «Атамекен» ҰКП жанындағы салық мәселелері жөніндегі сарапшы Нұрия Жанғожина.
Кәсіпкер несие берушіге айнала ма?
Ең көп талқыланып жатқан жаңашылдықтың бірі - электрондық ЕТМГА жүйесі. Ол бойынша кәсіпкерлер электрондық шот-фактураны шығарар алдында ҚҚС-ты алдын ала төлеуге міндетті.
«Билік ойлап тапқан бұл нәрсе, дүниежүзінде жоқ тәжірибе. Жаңа жүйе электрондық шот-фактураны рәсімдемес бұрын ҚҚС-ты алдын ала төлеуді талап етеді. Егер сіздің жеке шотыңызда шот-фактурада көрсетілген ҚҚС-ты жабуға жеткілікті қаражат болмаса, сіз шот-фактураны шығара алмайсыз. Яғни кәсіпкер бюджетке несие беретін болады. Кәсіпкер қызметті көрсетіп, ҚҚС-ты тұтынушыдан алғаннан кейін ғана бюджетке төлеуі тиіс. Қазір бәрі керісінше», - дейді Салық альянсының өкілі Инзиля Ғалымова.
Қаржы министрлігі бұл жаңашылдықты «жалған кәсіпорындармен» және жалған шот-фактуралармен күрес деп түсіндіреді. Алайда, Ғалымованың айтуынша 130 мың салық төлеушінің ішінде жалған кәсіпорындар небәрі 8 мың. Жұмыс нүктелі түрде жүргізілуі керек.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа жүйе ең алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер мен 2026 жылдан бастап ҚҚС төлеуші болатын денсаулық сақтау саласына ауыр тиеді.
«Атамекен» мен Салық альянсы үкіметке пилоттық жоба өткізіп, сенімді компаниялардың «ақ тізімін» енгізуді ұсынады. Бұл жүйеден лицензиясы бар және адал жұмыс істейтін кәсіпорындарды босатуға мүмкіндік бермек.
Салық альянсы президентке ҚҚС төлеуді шот-фактураны шығарғаннан кейін бір айдан соң жүргізу туралы ұсынысын да жолдады. Сонымен қатар пилоттық жобаның қатысушылары үшін алдын ала төленген ҚҚС бойынша мәмілелерді жарамсыз деп танудан бас тарту ұсынылып отыр.
Баға өсімі мен бизнес үлесінің қысқаруы
Сарапшылардың есебінше, жаңа ережелердің салдарынан бағалар кем дегенде 30 пайызға өседі. Одан қала берді, бизнес үлесінің қысқаруына әкелуі мүмкін.
«Кәсіпкерлер бағаны көтеруден қорықпауы керек. Салықтарды дұрыс есептеп, шығынды дұрыс жоспарлау – заңды талап», - дейді маман Инзиля Ғалымова.
«Салық жүктемесінің артуы мен несие жүктемесі – бұл үлкен сынақ. Бизнес-модельді толық қайта қарау керек», - дейді Нұрия Жанғожина.
Цифрландыру көлеңкелі экономикаға жол бермейді
Сарапшылардың пікірінше, цифрлық технология дамыған дәуірде бизнестің көлеңкеге кетуі екіталай.
«Бізде көлеңкеге кететіндей қолма-қол ақша жоқ. Цифрландыру 80 пайызға жеткен. Қазір цифрлық теңге сынақтан өтіп жатыр, 2030 жылға қарай қағаз ақшадан мүлде бас тартуымыз мүмкін. Қашатын жер жоқ, шынайылыққа дайындалу керек», - дейді Нұрия Жанғожина.
Салық кодексінің ережелері бизнесті жаңа шындыққа бейімдеуге мәжбүрлейтіні анық. Сарапшылар үкіметті кәсіпкерлердің пікірін де ескеруге шақырып отыр.