2025 жылдың 30 қаңтарынан бастап бензин мен дизель бағасы мемлекет тарапынан бақылаудан алынып тасталды. Яғни, енді жағармайдың бағасы еркін нарықта. Қазір АИ-92 маркалы бензинінің орташа бағасы 205 теңгені құрайды. Алайда алдағы уақытта баға біртіндеп өсуі мүмкін. Экономист Алмас Чукиннің болжамы бойынша, жақын арада АИ-92 бензинінің бағасы 400 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Халық бензин бағасының еркін айналымға шығуына қалай қарайды?
Жағармай бағасының енді бақылауда болмауы қымбатшылыққа әкелуі мүмкін. Әсіресе, жеке көлігін күнделікті жұмыс немесе бизнес мақсатында пайдаланатын азаматтар үшін бұл үлкен шығынға айналуы ықтимал.
Такси жүргізушілері мен жеткізу қызметтері саласында да алаңдаушылық байқалады. Себебі жанармай бағасының өсуі тасымалдау тарифтерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде сұраныстың төмендеуіне әсер етеді.
Бензинмен жүретін жұргізушілер балама жолдарын қарастыруда. Кейбіреулері газбен жүретін жабдық орнатуды немесе гибридті және электрлі көліктерді сатып алуды ойластырып жатыр. Алайда бұл шешімді қабылдауға кедергілер көп. Елімізде оларға арналған қажетті инфрақұрылым қолжетімсіз, сонымен қатар жаңа көлікке ауысу қосымша шығынды қажет етеді.
«Мен бензинді қолданамын. Электрлі көлікті алу жоспарда бар, бірақ ол тек жанұямды тасуға арналған құрал ретінде ғана қолдануға жақсы. Жұмысым мен кәсібіме қолдану үшін көптеген проблемалар бар. Мысалы оны зарядтайтын станциялар жеткіліксіз, сонымен қатар инфрақұрылым да толық ретке келтірілмеген. Ал жағармай бағасы кемінде 40%-ға өсуі дұрыс деп ойлаймын. Себебі басқа елдермен салыстырғанда біздің елде бензин бағасы өте арзан», — дейді жеке кәсіпкер Дихан Аманжолов.
Иә, кейбір жүргізушілер жанармай бағасының өсуіне қарсы емес. Олар мұндай шаралар отын тапшылығын азайтуға және оның заңсыз сыртқа шығарылуын болдырмауға көмектеседі деп есептейді.
Байқағанымыздай, пікірлер екіге бөлінеді. Бір бөлігі шығындарының өсуіне алаңдап, оны азайтудың жолдарын іздестірсе, екінші бөлігі бензин бағасының еркін айналымға шығуын қажетті қадам деп санайды.
Осы ретте электрокөлік тиімді ме деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Дәстүрлі отын бағасының қымбаттауына байланысты экологиялық таза көліктерге, әсіресе электромобильдерге қызығушылық артып келеді. 2024 жылдың 1 қарашасындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 11,7 мыңға жуық электромобиль тіркелген. Бұл – елдегі жалпы жеңіл автопарктің небәрі 0,27%-ын ғана құрайды.
Электромобиль иелері жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда «отынға» кететін шығынның едәуір азайғанын айтады. Мамандардың бағалауы бойынша, жылдық үнемдеу 650-700 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстанда электромобильдерді баж салығынсыз әкелуге мүмкіндік беретін квота бар. Бұл олардың бағасының төмендеуіне ықпал етеді.
Бензин бағасының қымбаттауын ескерсек, электромобильдерді пайдалану қаржылық жағынан тиімді екенін байқаймыз. Дегенмен, экокөлікке көшу туралы шешім қабылдамас бұрын, қазіргі инфрақұрылымның жеткіліксіздігін және электромобильдердің жоғары бастапқы құнын ескеру қажет.
Инфрақұрылым дамып, электромобильдер арзандаған сайын оларды пайдалану қазақстандық жүргізушілер үшін әлдеқайда тиімді және ыңғайлы болмақ.
«Электромобиль қалалық жерде үнемді әрі экологиялық таза көлік ретінде жақсы таңдау болуы мүмкін. Бірақ ұзақ сапарлар үшін инфрақұрылым әлі жеткіліксіз, әсіресе Астана – Павлодар бағытында. Дегенмен қала ішінде жүруге әбден болады. Сондай-ақ қытайлық электромобильдерге сенім әлі толық қалыптаспаған деп ойлаймын. Уақыт өте келе олардың сапасы мен сенімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденуі керек. Денсаулыққа кері әсері туралы пікірлерді де естігенім бар. Батареялар мен электр жүйелері жүргізушінің орындығының астында орналасқан. Ал бензин бағасының қымбаттауына қарсымын. Басқа елдермен салыстырғаны дұрыс емес, олардың өмір сүру деңгейлері де жоғары», — деп жауап берді Астана қаласының тұрғыны Әсет Әбенов.
Оның айтуынша, қазір бензин бағасы әр жерде әр түрлі. Ол АИ-95 жағармайын құяды, бағасы 265 теңге. Ал АИ-92 қазір 210 теңгеге өскен дейді.
Электромобильдерге жағдай бар ма?
Қазақстанда электромобиль инфрақұрылымы әлі толық дамымаған, Дегенмен біртіндеп жүзеге асып келеді. Бүгінде жылдам зарядтау станциялары Алматы, Астана, Қонаев, Шымкент сияқты ірі қалаларда бар.
Үкімет электромобильдерді қолдау үшін салықтық жеңілдіктер қарастырып жатыр. 2030 жылға қарай электромобильдерге арналған инфрақұрылымды кеңейту көзделген.
Электокөлікті зарядтау арзан ба, әлде бензин құйған арзан ба?
Электрокөлік пен бензинді көліктің шығынын салыстырайық.
Электромобиль орташа есеппен 100 км-ге 15-20 кВт/сағ энергия жұмсайды. Қазақстанда электр қуатының бағасы шамамен:
- Үйде зарядтау: 1 кВт/сағ ≈ 20-25 теңге → 100 км-ге 300-500 теңге.
- Жылдам зарядтау (коммерциялық станцияда): 1 кВт/сағ ≈ 100-120 теңге → 100 км-ге 1500-2400 теңге.
Орташа бензин қозғалтқышы бар көлік 100 км-ге 8-10 литр жұмсайды. Қазақстанда бензин бағасы (АИ-92) ≈ 205 теңге/литр.
- 100 км-ге 1600-2000 теңге шығады.
Қорытындылай келе, үйде зарядтасаңыз, электромобиль 4-6 есе арзан. Ал коммерциялық станцияда зарядтасаңыз, электромобиль мен бензинді көлік бағасы шамалас. Уақыт өте келе елімізде инфрақұрылым толық қолға алынса, электромобильдерге сұраныс артуы сөзсіз. Себебі аталмыш көліктер ауаға зиянды газ бөлмейді. Алайда электр энергиясы көмірден өндірілсе экологияға тигізер әсері төмендейді. Ал бүгінде елімізде басым бөлігі көмір станцияларынан өндіріліп отыр. Сондықтан күн мен жел энергиясының дамуы жағдайды жақсартады деп сенеміз.
Тағы да оқи отырыңыз: Қазақстандағы бензин көрші елдің экономикасына жұмыс істеп тұр.
ПІКІР ЖАЗУ