Елімізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану тәртібіне қатысты жаңа өзгерістер ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген қаулы жобасы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Алайда бастама қоғам тарапынан кең қолдау таппады, керісінше, қызу пікірталас тудырып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Жобаның мәні – зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдісін өзгерту. Бұған дейін бұл шек белгілі бір әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге негізделсе, енді ол «кейінге қалдырылған өмірлік зейнетақы аннуитетінің» құнына тәуелді болмақ. Яғни, азамат өз жинағының бір бөлігін пайдалану үшін оның шотындағы қаражат осы аннуитет құнынан асып түсуі қажет.
Зейнетақы аннуитеті – сақтандыру компаниясымен жасалатын келісім негізінде зейнет жасына жетпей-ақ тұрақты төлем алуға мүмкіндік беретін қаржы құралы. Қазіргі есеп бойынша мұндай аннуитетті сатып алу үшін азаматтың шотында шамамен 10-14 миллион теңге көлемінде қаражат болуы тиіс. Жаңа әдістеме күшіне енсе, дәл осы сомадан асқан қаражат қана тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе ем-домға пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл өз кезегінде зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін айтарлықтай шектейді.
Министрлік бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың болашақтағы зейнетақы төлемдерінің жеткілікті деңгейде болуын қамтамасыз ету екенін алға тартады. Ведомствоның мәліметінше, өмір сүру ұзақтығының артуы, инвестициялық табыстылық деңгейі және басқа да макроэкономикалық факторлар жаңа есептеу әдісін енгізуді талап етіп отыр. Сонымен қатар зейнетақы жинағын пайдалану құқығы жойылмайтыны, тек белгілі бір шектен асқан бөлігін ғана қолдануға болатыны айтылды.
Дегенмен қоғамдық талқылау барысында бұл бастамаға қатысты сын пікірлер басым болды. Екі апта ішінде жобаны 4,5 мыңға жуық адам қарап шыққанымен, бірде-бір қатысушы қолдап дауыс бермеген. Бұл – қоғамдағы сенім дағдарысының айқын көрінісі.
Салымшылардың негізгі наразылығы – жүйенің ашықтығы мен тиімділігіне қатысты. Халық арасында «егер зейнетақы активтері жоғары табыс әкелмесе, неге қаражатты пайдалануға шектеу қойылады?» деген сұрақ жиі қойылуда. Мәселен, инфляция деңгейі 12 пайыз болған кезеңде БЖЗҚ инвестициялық табысы шамамен 7 пайыз көлемінде ғана қалып отыр. Бұл азаматтардың жинағы нақты мәнінде құнсызданып жатқанын көрсетеді.
Талқылаушы Мақсат Ахаев бұл өзгерістердің әлеуметтік және экономикалық салдарына ерекше назар аударады. Оның пікірінше:
«Ұсынылып отырған жеткіліктілік шегін көтеру азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын басқару құқығын едәуір шектейді. Бұған дейін мемлекет бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге пайдалану мүмкіндігін жария түрде ұсынған болатын. Қазір бұл құқық біртіндеп тарылып келеді. Әсіресе 40 жастан асқан азаматтар үшін бұл өте маңызды мәселе. Олар жылдар бойы жинақ жасап, осы қаражатқа сеніп, ұзақ мерзімді қаржылық жоспар құрды. Енді ереженің өзгеруі олардың жоспарларын бұзады. Бұл шараның әлеуметтік салдары да ауыр болуы мүмкін. Біріншіден, орта және төмен табысты азаматтар өз қаражатын пайдалану мүмкіндігінен айырылады. Бұл әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді. Екіншіден, азаматтардың мемлекетке және зейнетақы жүйесіне деген сенімі төмендейді. Үшіншіден, экономикалық әсерін де ескеру қажет: зейнетақы қаражаты тұрғын үй нарығына бағытталған сұраныстың маңызды бөлігі болды. Егер бұл ағын қысқарса, құрылыс саласы да тежеледі, ал бұл өз кезегінде жұмыс орындары мен жалпы экономикалық белсенділікке әсер етеді. Сондықтан мұндай шешімді қабылдамас бұрын оның барлық салдарын жан-жақты талдау қажет», дейді.
Министрлік бұл сынға жауап ретінде өз ұстанымын қорғап отыр. Ведомство мәліметінше:
«Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтарын шектеуге бағытталмаған. Бұл – зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған шара. Ең төменгі жеткіліктілік шегі азаматтың зейнетке шыққаннан кейін тұрақты табысқа ие болуы үшін қажет қаражатты сақтауға бағытталған. Оның параметрлері нақты актуарлық есептер негізінде анықталады және өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыстылық, макроэкономикалық көрсеткіштер сияқты факторларды қамтиды. Зейнетақы жинағын тұрғын үй немесе емделу мақсатында пайдалану мүмкіндігі сақталады, алайда ол белгіленген шектен асқан қаражатқа ғана қатысты», деп түсіндірді министрлік.
Қоғам белсендісі Шұға Самиева да бұл бастамаға қарсы пікір білдірді. Ол мәселенің әділеттілік қырын алға тартады:
«Билік өкілдері бұл шектеулерді жастардың қаржыны белсенді алуымен байланыстырады. Бірақ бұл басқа буынның құқықтарын шектеуге негіз болмауы тиіс. 40 жастан асқан азаматтар осы жүйеге сеніп, ұзақ жыл бойы қаржы жинады. Біз өз қаражатымызды тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана аламыз деп жоспар құрдық. Енді ережені кенет өзгерту – әділетсіз шешім. Біз басқа біреудің қаржылық мінез-құлқы үшін жауап бермеуіміз керек. Зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын тек шектеулер арқылы қамтамасыз ету дұрыс емес. Бұл тәсіл халықтың сенімін әлсіретеді. Керісінше, жүйенің ашықтығын арттырып, инвестициялық табыстылықты көтеру қажет. Сонда ғана адамдар өз қаражатын жүйеде қалдыруға мүдделі болады», дейді ол.
Министрлік бұл пікірге жауап ретінде өзгерістер барлық азаматтарға бірдей қолданылатынын және жас ерекшелігіне қарай бөлінбейтінін атап өтті. Сонымен қатар, зейнетақы жинағының басты мақсаты – азаматтарды қартайған шақта тұрақты табыспен қамтамасыз ету екенін еске салды.
Ал талқылауға қатысқан Азамат Бишенов өз пікірін одан да қатаң жеткізді. Оның айтуынша:
«Бұл түзетулерге түбегейлі қарсымын. Зейнетақы төлемдерінің адекваттылығы деген ұғым заңнамада нақты анықталмаған. Бұл шек қандай негізде белгіленеді? Экономикалық зерттеулер жүргізілді ме? Сарапшылардың қорытындысы бар ма? Мұндай өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кері әсер етеді. Зейнетақы қаражатын тұрғын үй мен емделуге пайдалануға шектеу қою – халықтың мүддесіне қарсы әрекет. Бұл адамдардың қаржылық жағдайын нашарлатады. Қазірдің өзінде көптеген отбасы осы қаражатқа үміт артып отыр. Мұндай шектеулер халықты кедейленуге әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл жобаны қайта қарау қажет», дейді ол.
Министрлік өз жауабында «адекваттылық» ұғымының мәнін түсіндіріп, оның азаматтың зейнетке шыққаннан кейінгі табысының жеткілікті деңгейде болуын білдіретінін атап өтті. Сонымен қатар, жеткіліктілік шегі кездейсоқ емес, нақты экономикалық және актуарлық есептерге негізделетінін жеткізді.
Қоғамдағы алаңдаушылық тек пікір деңгейінде ғана емес, нақты өмірлік жағдайларда да көрініс табуда. Кейбір азаматтар зейнетақы жинағына сеніп, тұрғын үй сатып алу үшін алдын ала төлем жасаған. Енді жаңа талаптар күшіне енсе, олар келісімшарттарын аяқтай алмай, қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін. Бұл жағдай жеке адамдардың ғана емес, тұтас отбасының әлеуметтік тұрақтылығына әсер етеді.