🤖 Digital

ІТ-ға еркіндік: Алматы үлкен ойынға кірді

ІТ-ға еркіндік: Алматы үлкен ойынға кірді

Алматы ІТ-экспортты ұлғайтуды көздеп, технологиялық экожүйені күшейтуге кірісті. Бұл бағытта қала инфрақұрылымды дамытып, білім беру жобаларын іске қосып, шетелдік және отандық ІТ-компанияларды тартуға басымдық бермек. Сонымен қатар ел деңгейінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуда қатаң шектеулерден гөрі икемді реттеу тәсілі таңдалған, деп жазады Ozgeris.info.

Қазақстан ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуда қатаң шектеулерге емес, икемді әрі теңгерімді саясатқа басымдық бермек. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі вице-министр Бахтияр Мұхаметқалиев Алматыда өткен GITEX AI Central Asia & Caucasus форумының ашылуына арналған медиа-брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет үшін басты міндет – технологиялық өсімді тежемей, сонымен қатар реттеудің қажетті деңгейін сақтай білу. Вице-министр өз сөзінде Қазақстанның ІТ саласын реттеуде «алтын ортаны» ұстанатынын атап өтті. Яғни бір жағынан нарықты бақылаусыз қалдырмау, екінші жағынан артық талаптармен тұсау салмау. Cебебі кейбір елдердің тәжірибесі тым қатаң реттеудің экономикалық дамуға кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.

«Саланы реттеу оңай, заңды күшейтіп, шектеу қоюға болады. Бірақ технологияның табиғаты – еркіндік пен жылдам даму. Еуропаның тәжірибесін алайық. Олар деректерге қолжетімділікті, әсіресе медицина саласында, өте қатты шектеді. Нәтижесінде кейінгі он жылда бұл аймақ технологиялық тұрғыдан артта қалып қойды. Бұл өз кезегінде экономикалық көрсеткіштерге де әсер етті. Сондықтан біз бұл жерде тепе-теңдік сақтауға тырысамыз», деді Бахтияр Мұхаметқалиев.

Оның айтуынша, Қазақстанда «реттеуші құмсалғыштар» деп аталатын арнайы алаңдар жұмыс істейді. Бұл – жаңа технологияларды толық заң қабылдамай-ақ, белгілі бір мерзім ішінде тәжірибе ретінде сынап көруге мүмкіндік беретін құрал. Яғни, компаниялар өз өнімдерін бір жылға дейін заңнамалық шектеулерді жеңілдетілген тәртіпте тексеріп, нәтижесін бағалай алады.

«Бізде реттеуші құмсалғыштар бар. Сол арқылы цифрлық шешімдерді бір жыл ішінде сынақтан өткізе аламыз. Бұл үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ, мемлекеттік орган басшысының бұйрығы жеткілікті. Бұл тәсіл бізге уақыт жоғалтпай, нақты нәтиже көруге мүмкіндік береді», деп түсіндірді вице-министр.

Министрлік жаңа технологияларды енгізуде «алдымен сынақ – кейін заң» қағидатын ұстанады. Кез келген бастама алдымен тәжірибе жүзінде тексеріліп, тек тиімділігі дәлелденген жағдайда ғана заңнамалық деңгейге шығарылады. Бұл тәсіл бизнес пен мемлекеттің өзара әрекетін жеңілдетіп, қажетсіз бюрократияны азайтады.

«Біз өнімді алдымен сынаймыз, оның қажет екенін, жұмыс істейтінін қараймыз. Егер сұраныс болмаса, ол жобамен айналыспаймыз. Ал егер нәтиже жақсы болса, оны заңнамаға енгіземіз. Жасанды интеллект туралы заң да дәл осындай жолмен қалыптасты. Бізге еркіндік қажет. Әр елдің өз ерекшелігі бар, сондықтан дайын шешімді сырттан көшіріп алып, енгізу дұрыс емес», деді Бахтияр Мұхаметқалиев.

Вице-министр ашық код (open source) мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан бұл бағытта либералды көзқарасты ұстанады және әсіресе жасанды интеллект саласында ашық технологияларды қолдауға мүдделі.

«Біз open source-ты қолдаймыз және жалпы либералды бағытты ұстанамыз. Жасанды интеллект саласында ашық шешімдерге көбірек көңіл бөлеміз. Бірақ мұнда зияткерлік меншік мәселесі маңызды. Біз компанияларға қысым көрсетпейміз, белгілі бір жетілу кезеңі болуы керек. Қазірдің өзінде ІТ экспортымыз 1,1 миллиард доллардан асты, бұл бағытта әлеуетіміз жоғары», деді ол.

Медиа-брифингте қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов мегаполистің технологиялық кәсіпкерлерді тарту және ІТ-экспортты ұлғайту бағытындағы нақты жоспарларын таныстырды. Қазіргі таңда Қазақстанның жалпы ІТ-экспорты 1 миллиард 143 миллион долларды құрайды. Соның шамамен 40 пайызы Алматының үлесіне тиесілі. Ақшалай есептегенде бұл – 450 миллион доллар. Енді қала билігі бұл көрсеткішті 2027 жылға қарай 700 миллион долларға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.

Бұл мақсатқа жетудің негізгі тетігі – қолайлы орта қалыптастыру. Яғни қала ІТ-компаниялар мен стартаптар үшін тек нарық емес, толыққанды экожүйе ұсынуға ниетті.

«Бізге тек алаң ғана емес, тұтас экожүйе керек. Сол арқылы жергілікті және шетелдік ІТ-компанияларды тартуға мүмкіндік туады. Қазір осы бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр», деді Олжас Смағұлов.

Оның айтуынша, Алматы ұзақ уақыт бойы технологиялық инфрақұрылымды негізінен жеке сектордың есебінен дамытып келді. Ал енді әкімдік бұл процеске белсенді араласып, кеңсе және жұмыс кеңістіктерінің тапшылығын азайтуды көздеп отыр.

Осы мақсатта биыл қараша айында қалада Almaty AI Park іске қосылады. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метр болатын бұл алаң тек ІТ және технологиялық компанияларға арналған. Сонымен қатар, алдағы жылдары Алматыда 70 мың шаршы метрлік ірі технопарк салу жоспары бар. Алайда әкімдік инфрақұрылыммен ғана шектелмейді. Кадр даярлау мәселесі де негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

«Технология саласы мамансыз дамымайды. Сондықтан біз оқытуды мектептен бастауымыз керек. Мамыр айында nFactorial компаниясымен бірлескен бағдарлама іске қосылады. Ол жасанды интеллект пен жаңа технологиялар бойынша мамандар дайындауға бағытталған», деді әкім орынбасары.

Бұдан бөлек, Алматыда Astana Hub негізінде жүзеге асатын TUMO және Tumorrow School білім беру жобалары ашылады. Бұл бастамалар жастарға ІТ саласына ерте араласып, өз жобаларын дамытуға мүмкіндік береді.

«Жыл соңына дейін кемінде үш ірі білім беру жобасын іске қосамыз. Бұл – жастарға ел ішінде қалып, кәсіби дамуына жағдай жасау үшін маңызды», деді Олжас Смағұлов.

Қала билігі технологиялық секторды дамытуда мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті күшейтуді де жоспарлап отыр. Осы мақсатта әкімдік жанынан арнайы компания құрылмақ. Ол инвесторлармен жұмыс істеп, жобаларды қаржыландыру және серіктестік байланыстарды дамытуға жауап береді.

 

Барлық жаңалық