Telegram мессенджері контентті бақылауды айтарлықтай күшейтті. Соңғы мәліметтерге сәйкес, небәрі бір тәулік ішінде платформада 100 мыңнан астам арна мен топ бұғатталған. Бұл – соңғы уақыттағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, деп жазады Ozgeris.info.
16 сәуір күні ғана Telegram әкімшілігі әлем бойынша 104 мыңнан астам қауымдастықтың жұмысын тоқтатты. Ал бір апта ішінде өшірілген аккаунттар саны 600 мыңға жуықтаған. Бұл цифрлар платформаның модерация саясаты түбегейлі өзгеріп жатқанын аңғартады.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері Telegram-да 12,6 миллионнан астам арна мен топ жойылған. Ең үлкен көрсеткіш 1 қаңтар күні тіркелген: сол күні бірден 500 мыңнан астам қауымдастық бұғатталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай ауқымды «тазалау» кездейсоқ емес. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұғаттаулар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайыздан астам өскен. Жаңа саясат аясында ережені бұзған аккаунттар бұрынғыдай ескерту алмай, бірден бұғатталуы мүмкін. Сондықтан қолданушыларға жарияланатын контентке мұқият қарау қажеттігі артып отыр.