Алматы қаласының полициясы әлеуметтік желіде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен мемлекеттің атына ауыр тіл тигізген күдіктіні ұстады. Қоғамда үлкен наразылық тудырған бұл жағдай бойынша ресми түрде іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Әлеуметтік желілерде violette_vita есімді қолданушының қалдырған пікірлерінің скриншоттары тарап, халықтың қатаң сынына ұшыраған болатын. Атап айтқанда:
Желтоқсан көтерілісі кезіндегі қазақ жастарының бейнежазбасының астына ол: «Мас, топас, ауылдық мамбеттер» деп пікір қалдырған.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкердің суретіне: «Жиіркенішті мемлекеттегі жиіркенішті мақұлық» деп жазған.
Желі қолданушылары бұл арандатушылық жазбаларға назар аударып, құзырлы органдардан шұғыл шара қолдануды талап еткен еді. Көп ұзамай Алматы қалалық полиция департаменті күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөлімшесіне жеткізгенін мәлімдеді. Қазіргі таңда бұл факті бойынша тиісті құқықтық баға беріліп, іс жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, соңғы уақытта тарихи оқиғалар мен ұлттық құндылықтарға тіл тигізетін арандатушылық әрекеттер қоғамда қатаң талқыға түсіп жүр. Бұған дейін де Желтоқсан қаһармандарын «бандиттер» деп атаған блогерге қатысты дау туындап, белгілі актер Алмат Сақатов пен заңгер Мейірман Шекеев оларды заң аясында жазалауды талап еткен болатын. Құқық қорғау органдары ұлттық араздықты қоздыру және азаматтардың намысына тию әрекеттері үшін заң алдында қатаң жауапкершілік бар екенін ескертеді.