Бейжіңде өткен жартылай марафон тек спорттық жарыс емес, технологияның мүмкіндігін көрсеткен ерекше оқиғаға айналды. Алғаш рет гуманоид роботтар 21 шақырымдық қашықтықта адамнан жылдам нәтиже көрсетті, деп жазады Ozgeris.info.
Жарысқа мыңдаған адаммен қатар 100-ден астам компания мен зерттеу орталықтары әзірлеген роботтар қатысты. Қатысушылар классикалық жартылай марафон қашықтығын еңсерді. Бағыт біркелкі болған жоқ: трассада түзу жолдармен қатар бұрылыстар, еңістер және тар учаскелер де болды. Бұл роботтар үшін нақты сынаққа айналды.
Нәтиже бойынша ресми жеңімпаз ретінде Shandian роботы танылды. Ол қашықтықты 50 минут 26 секундта жүгіріп өтті. Алайда ең жылдам көрсеткішті Lightning атты робот тіркеді, 48 минут 19 секунд. Дегенмен жарыс регламентіне сәйкес ол жеңімпаз ретінде есептелмеді.
Салыстыру үшін айта кетейік, адамдар арасындағы әлемдік рекорд 57 минут 20 секундты құрайды. Бұл нәтижені угандалық спортшы Джейкоб Киплимо Лиссабонда тіркеген. Осылайша, роботтардың көрсеткіші кәсіби спортшылардан да жоғары болып отыр.
Жарыс қауіпсіздік мақсатында екі бөлікке бөлінді: адамдар мен роботтар бөлек жолақтармен жүгірді. Роботтардың шамамен 40 пайызы толық автономды режимде қозғалды, ал қалғандары қашықтан басқарылды.
Дегенмен барлық құрылғылар бірдей нәтиже көрсете алмады. Кейбір роботтар жарысты аяқтай алмады. Бірі стартта-ақ құлап қалса, енді бірі қоршауға соғылды. Қызықты сәттердің бірі – бір роботтың жол қозғалысын реттеуші қызметін атқаруы болды. Ол қатысушыларға қолмен белгі беріп, дауыспен бағыттап отырды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, соңғы бір жыл ішінде робот техникасы айтарлықтай алға жылжыған. Бұрын мұндай құрылғылар дәл осы қашықтықты 2,5 сағаттан астам уақытта ғана еңсере алатын. Ал қазіргі нәтижелер бұл уақыттың бірнеше есеге қысқарғанын көрсетеді.