💰 Экономика

Wildberries енді пәтер де сатады

Интернет арқылы киім, косметика не тұрмыстық техника ғана емес, енді пәтер де сатып алуға болады. Wildberries маркетплейсі жылжымайтын мүлік нарығына қадам баспақ. Бұл туралы компанияның негізін қалаушы Татьяна Ким ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.

Оның айтуынша, қазір Wildberries екі ірі құрылыс жобасымен серіктестік орнату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Нәтижесінде, платформада пәтер сатып алу-сату қызметін тестілік режимде іске қосу жоспарланып отыр.

«Әрине, біз тауар санаттарын кеңейтеміз. Қазір екі үлкен жобамен серіктестік туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жақын арада пәтер сату, яғни жылжымайтын мүлік сату қызметін іске қосып көреміз»,  дейді Татьяна Ким.

Wildberries бұған дейін де тауар түрлерін әртараптандырып келген. Мәселен, платформада саяжай, монша сату қызметі іске қосылған, ал 2024 жылдан бастап көлік бөлшектерін де саудалауға болады. Енді бұл тізімге тұрғын үй де қосылмақ.

Қазіргі таңда жаңа функцияның нақты қай елдерде қолжетімді болатыны белгісіз. Дегенмен Wildberries-тің географиясы кең: Ресей мен Қазақстаннан бөлек, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және Израильде де жұмыс істейді.

Айта кету керек, биыл Алматыда Wildberries логистикалық хабы ашылады. Сонымен қатар тағы бір ірі ресейлік маркетплейс Ozon да Қазақстанда көлік-логистикалық орталығын іске қоспақ. Бұл интернет-сауданың тек тұтынушылық тауармен шектелмейтінін, алдағы уақытта бүкіл нарық форматын өзгертетінін аңғартады.

Барлық жаңалық