2026 жылдан бастап VIP автокөлік нөмірлері қымбаттады, деп жазады Ozgeris.info.
Бұған айлық есептік көрсеткіштің өсуі себеп болды. Сондықтан көлігіне ерекше нөмір алғысы келетіндер енді бұл өзгерісті ескергені дұрыс.
Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 4325 теңге болып бекітілді. Ал өткен жылы ол 3932 теңге болған еді. Яғни өсім шамамен 10 пайызды құрады. Осы өзгеріс сұранысы жоғары мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің бағасына да тікелей әсер етті.
Қазір ең қолжетімді VIP нөмірлер қатарына әріптері бірдей емес, бірақ саны әдемі болып келетін нұсқалар жатады. Олардың ішінде 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090 және 707 сияқты комбинациялар бар. Мұндай нөмірлердің бағасы 57 АЕК. Ақшаға шаққанда бұл 246525 теңге.
Егер осы сандар сақталып, бірақ әріптері бірдей болса, баға бірден өседі. Мұндай VIP нөмір үшін 114 АЕК төлеу қажет. Бұл 493050 теңге болады.
Келесі санатқа 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900 және 999 сандары бар нөмірлер кіреді. Бұлардың құны 137 АЕКке тең. Яғни 592525 теңге. Ал осы комбинациялар әріптері бірдей болып келсе, бағасы 194 АЕКке дейін жетеді. Бұл 839050 теңге.
Одан да қымбат VIP нөмірлер де бар. 001 ден 009 ға дейінгі сандар және 777 комбинациясы бар нөмірлер 228 АЕК тұрады. Ақшаға шаққанда бұл 986100 теңге.
Ең қымбат VIP нөмірлер бұрынғыдай 001 ден 009 ға дейінгі және 777 саны бар, әрі әріптері бірдей нұсқалар болып қала береді. 2026 жылы олардың бағасы 285 АЕКке дейін өсті. Бұл 1232625 теңге.
Айта кету керек, енді автокөлікті egov.kz арқылы онлайн тіркеуге болады. Яғни көлікті рәсімдеу процесі жеңілдеді. Ал VIP нөмір алуды жоспарлап жүргендер үшін негізгі жаңалық бағаның қымбаттауы болып отыр.